ӘДЕМІЛІК ӘЛІППЕСІ

Бетке массаж жасау

Беттің терісі өте жұқа, нәзік келеді. Онда тері және май бездері жиі орналасқан. Тері астындағы шелді қабат борпылдақ, жылжымалы, тек иектің асты ғана қатқылдау. Шелді қабатта қан тамырлары мен жүйке жүйелері, бұлшықет талшықтары кездеседі.

Мимикалық бұлшықеттер көздің, мұрынның, ауыздың, құлақтың айналасына орналасқан. Осы бұлшықеттер қайғыру, қуану, күлу, ренжу сияқты көңіл-күй құбылыстарын білдіреді.

Ал тамақ шайнауға қатысатын бұлшықеттер жақ сүйектерінің қимыл-қозғалысын жүзеге асырады.

Бетке келетін қантамырлар бастамасын күре тамырдан, көз артериясынан алады. Көктамырлар беттен жиналып, бастың үлкен көктамырларын құрайды.

Лимфа тамырлары беттің ортасынан шетке қарай бағытталады. Олар шаштың астына орналасады да, самайға келгенде төмен – құлаққа, жақтың бұрышына қарай құлдилайды. Мұрын, көз, беттің жоғарғы жағындағы тамырлар да осы бағытта ағады. Ерін айналасындағы, беттің төменгі жағындағы тамырлар жақ сүйегінен асып, иектің астына ығысады. Содан барып барлығы төс тамырларына қосылады.

Беттегі жүйке талшықтары (үшкіл және бет жүйкелерінен) беттегі бұлшықеттердің қимыл-қозғалысына, сезімталдығына әсер етеді.

Бетке массаж жасау косметикалық тәжірибеде жиі қолданылады және бет жүйкелері зақымданғанда жасалады. Әрқайсысында үгудің әдістемесі әртүрлі. Дегенмен бәріне ортақ қағида, ортақ тәсілдер бар.

Үгу беттегі жүйке талшықтарына, бұлшықеттерге және терінің өзіне үлкен әсер етеді. Белгілі тәсілдерден сипау, ысқылау, жұмсарту, дірілдету – бәрі қолданылады. Бет терісін сылап-сипау оның бұлшықетін үгу деген сөз. Оларды жекелеп алу мүмкін емес. Тіпті бұлшықеттің өзін бір-бірінен айырып жасауға болмайды. Тек маңдайдағы, жақ, квадрат бұлшықеттеріне арнайы массаж жасауға болады.

Массаж екі қолдың 2-ші және 5-ші саусақтарымен, немесе  3-ші және 4-ші саусақтарымен орындалады. Бас бармақ үнемі тірек ретінде жүріп отырады.

Маңдай, самай терілерін аталған саусақтармен немесе екі алақанмен ортасынан бастап екі шекеге қарай бағыттайды. Самайға келгенде шиыршық жасайды. Одан соң маңдайды қабақтың үстінен бастап шаштың түбіне дейін жоғары сипайды (екі алақанмен алма-кезек). Бетте әжім болса, оны қолдануға болмайды.

Сипап болған соң тағы сол бағыттармен ақырын ысқылайды. Онда түзу сызықпен, иректей спираль қимылдар жасайды.

Жұмсарту тәсілі екі саусақпен басу немесе арасында теріні қысу арқылы орындалады.  Сол сияқты дірілдету үздіксіз қарқынмен немесе пунктирлі сызықша салумен атқарылады.

Көздің айналасындағы бұлшықеттер, теріні сипау үшін адам көзін жұмып отырады. Көздің үстін екі саусақпен іш жағынан самайға қарай, ал астын керісінше мұрынға қарай сипайды. Мұнда қастың үстінен екінші саусақ, ал астынан үшінші саусақ жүреді. Қабақты өте нәзік, теріні жиырмай, байыппен, асықпай сипайды.

Иекті қаттырақ шыр айнала сипап, кейін ысқылайды.

Үстіңгі ерінді үккенде 3-ші, 4-ші саусақтармен езуден бастап, мұрын желбезегіне дейін, одан мұрынның ұшына жеткізе сипайды. Мұрын үстін ұшынан бастап екі қастың ортасына дейін сипап, кейін ысқылайды. Самайдың тұсынан саусақтың ұшымен бірнеше рет дірілдетіп, бір толастатады.

Бетті тұтас сипағанда алақанмен иекті қамти ұстайды; мұнда бас бармақтар (екі қолдың) иектің астында, ал басқалары мұрынды жауып тұрады; осы қалыппен екі қол екі жаққа құлақтың түбіне қарай қозғалады.

Екінші-бесінші саусақтардың сыртымен астыңғы жақ сүйегінен бастап мұрынға дейін ысқылайды.

Жұмсарту тәсілін бірінші-екінші саусақтармен ақырын, жеңіл, үстіртін ғана бет терісін қысу арқылы, нығарлап басып өткізеді. Қара өріктің етінен сүйегін қысып шығарғандай қимыл жасайды. Тек бет терісін шымшуға болмайды. Ол өте нәзік, көгеріп қалуы мүмкін.

Құлақты үгеді. Алдымен сырғалықты, одан соң шеміршекті 2 саусақтың ұшымен сипап шығады. Жұмсарту үшін оны үздік-үздік саусақтардың арасында батырыңқырап басады, қысады.

Әр тәсілді 3-4 рет қайталайды, арасында сипап отырады.

Бетті үгу үлкен шеберлікті, мұқият зеректікті қажет етеді. Дұрыс жасалмаған массаж теріні бей-берекет созып, әжімді көбейтеді. Жасы ұлғайған адамдардың терісі тіпті нәзік, өйткені оларда судың, басқа пайдалы заттардың мөлшері аз, сондықтан қурап тұрған жапырақ сияқты, бір артық қимыл жасаса, әжім түсіп, кейбір жері салбырап, созылып қалады. Осындай өкінішке ұрынбас үшін терінің қандай екенін анықтап алу керек. Майлы ма, әлде құрғақ па? Тек осыдан соң массаж қолданады. Бет терісіне жағатын майларды да айыра білу керек.

Бетті дұрыс күту үшін өз бетінше үккенде міндетті түрде косметолог-маманмен кеңесу керек. Ал егер бет терісінде ауру болса, онда дерматологқа, жүйке талшықтары не жүйке ұштары қабынса, невропатологқа қаралады. Қалайда, өз бетінше ем бастау қате. Тек мамандардың кеңесінен кейін бет терісін үгуге кірісуге болады.

Бетті массаждау мойынмен қатар жүреді. Тек алдымен теріні мұқият тазалап алады. Ол үшін сабынды сумен жақсылап жуады немесе спирттің ерітіндісімен, сондай-ақ лосьонмен сүртіп тазалайды.

Бет терісі суыққа ұрынып, әртүрлі бөртпелер, безеулер шықса, оны кетіру үшін ыстық компреспен жылытады. Тіпті болмаса булайды. Ол үшін 5-10 минут 45-50оС ыстық будың үстіне бетін тосып отырады. Әртүрлі шөптерді, картопты қайнатып, оның буына ұстаған да қолайлы.

Бет терісін түршіктірмес үшін алғашқы күндері аз ғана уақыт өте жеңіл массаж жасайды. Тері қатпарланбай, жиырылмай жазық қалпында қалуы керек. Әсіресе ақшыл тері жұқа келеді, сондықтан оған массаж жасағанда абай болып, жеңіл түрін ғана қолданады.

Үккенде екі қол бірдей қимылдау керек. Олардың күші, жылдамдығы, қуаты бірдей болмаса, массаж жөндеп қабылданбайды.

Терісі жақсы жастар бетке массаж  айына екі рет, ал егде тартқан, әжім басқан бетке аптасына бір рет алса да жеткілікті.

Ең алғашқы массаж 5-6 минут болады, келесі күндері 10-12 минутқа созылады. Массаж тиімді болуы үшін бұлшықетке арнайы мимикалық жаттығулар жасайды. Екеуі қосылып, бірге өткізілсе, пайдасы да мол болады.

Сөз болып отырған массаж көбіне косметикалық тұрғыдан және тері ауруларында қолданылады.

Егер бет не беттегі жүйке талшықтары зақымданса, онда оған өте жоғары сақтық керек. Массаждың алдында бетті тазаламайды, ештеңемен майламайды, ал булауға мүлде болмайды. Оның өзінің емдеу тәсілдері бар (инемен, балшықпен, дәрі-дәрмекпен, нүктелі массажбен т.б.).

Массажды қандай мақсатпен жасағанда да, оның бұлшықеттерін толық босаңсыту алғышарт. Онсыз массаждың да құны жоқ. Бетке массаж жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Оған медициналық білім, шыдамдылық, массаждың әдістемесін білу керек.

Гүлбаршын Икіманова, профессор

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть