ӘДЕМІЛІК ӘЛІППЕСІ

Салқын мезгілдегі бет күтімі

Күннің суытуы біздің терімізге әсер етпей қоймайды: ол қабыршақтанады, кейде тым жылтырайды, қозады. Қай мезгілде де бетті дұрыс күту үшін теріңіздің түрін білуге тиіссіз: құрғақ, майлы, аралас.

Кремді қалай таңдаймыз?

Күн суықта теріні күтудегі басты қағида – тазарту, қоректендіру, қорғау. Сондықтан қыста дәрумені көп, майлы, қою кремдерді пайдалану керек.

Сыртқа шығарда

Тағы бір ескеретін жайт, бетке кремді далаға шығардан жарты сағат бұрын жағады. Егер тура шығар алдында жақсаңыз, теріңіз тоңазиды.

Крем жаққан соң бірнеше минуттан кейін бетті майлықпен ақырын сүртіңіз. Бетті жуу қажет болса, бұны да көшеге шығардан бір сағат бұрын жасаңыз.   

Салқын мезгілдерде теріге регенерация үдерісін жеңілдететін препараттар қажет. Мысалы, жеміс қышқылдары қосылған кремдер. Жожоба, балқарағай майлары да жақсы. С дәрумені бар кремдер теріні нығайтып, қуат береді. Ал А дәрумені жасартады.

Алайда организмді тек кремнің көмегімен дәруменге байытамын деп ойламаңыз, көкөністер мен жеміс-жидектерді, басқа да пайдалы азық-түліктерді жеткілікті мөлшерде жеңіз.

Қыста үй-жайымызда ауа құрғайды, сондықтан теріміз көп ылғал жоғалтады. Бөлмені ылғалдандыру үшін бөлме өсімдіктерін өсіріңіз, батареяларға ылғал шүберек жабыңыз. Сыртқа шығарда ерніңізге міндетті түрде ылғалдандыратын далап жағыңыз.  

Күтім

Бетті тиісті косметикалық сүтпен немесе лосьонмен тазарттыңыз делік. Ендігі кезең – сергіту. Ол үшін тоник жағамыз. Тониктер теріні кремді қабылдауға дайындайды, қан тамырларының жағдайын жақсартады, зат алмасуды ынталандырады.

Есіңізде болсын, бірнеше кезеңдік күтім құралдарын бір фирмадан алған жөн.

Кремді жағу әдісі

Кремді қалай жағу керек? Қатты ысқыламаңыз (теріні тым қатты ысу оны созып жібереді), саусақтармен жеңіл ғана жағыңыз. Кремді 20 минутқа қалдырып, артығын майлықпен ақырын сүртіңіз – артық крем беттің ісінуіне алып келеді.

Егер тері тым құрғақ болса, оны таңертең сумен емес, косметикалық құралмен тазартуға болады. Кешке әрқашан арнайы препараттармен тазартыңыз – гель, көбік, сұйық сабын. Бет күтіміне немқұрайлы қарамаңыз, сонда ешқандай аяз сіздің сұлулығыңызға зиянын тигізбейді.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть