ӘДЕМІЛІК ӘЛІППЕСІ

Шаш түссе…

Қалыпты жағдайда күніне адамның шамамен 100 тал шашы түседі. Емделу қажеттігін не қажетсіздігін түсіну үшін қарапайым әдіс көмектеседі: шашыңызды уыстап, ақырын тартып көріңіз. Егер қолыңызда екі тал шаштан артық болмаса, бәрі дұрыс. Егер бұдан көп болса, шара қолдану керек.

Егер шаш тым көп түссе, не істемекпіз? Ең бастысы, шашыңыз айнала түсіп, жартылай таз болып қалмасаңыз болды. Бұндай жағдайда тек маманға жүгінген жөн. Бүгінгі әңгімеміз шаштың уақытша түсуі жөнінде.

Себептері

Шаштың түсуіне ішкі және сыртқы себептер әсер етуі мүмкін. Бұның алғашқысына дұрыс тамақтанбау жатады. Атап айтсақ, әйелдер жақсы көретін емдәмдер кезінде организм өзіне қажетті дәрумендерді жеткілікті мөлшерде алмайды. Нәтижесінде С, В5, В6, РР дәрумендерінің және темір, мырыш, кальций мен магнийдің тапшылығы шаш түбіріне теріс әсер етеді. Тіпті дұрыс тамақтанғанмен, темекі шегіп, ішімдік ішетін және кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдайтын болсаңыз, бұлар да өз кезегінде пайдалы заттардың сіңуіне кедергі келтіреді.     

Кейде шаш гормондық үрдіс өзгергенде де түседі. Бұндай жағдай әйелдерде, әдетте, жүктілік, түсік тастау, жүктілікке қарсы дәрмектер ішу, етеккір тоқтау кезеңінде, сондай-ақ кейбір эндокриндік сырқаттар кезінде болады. Жалпы, денсаулықтағы кез-келген кінәрат шашқа әсер етеді.

Шаштың түсуіне себеп болатын жағдайларға стрестер, салмақты тез тастау, ота кезінде жасалған наркоз, уайымдау да ықпалын тигізеді. Температура ауытқуы да зиян, сондықтан суық мезгілде басыңыздан баскиімді тастамаңыз. 

Не істемек керек?

Күнделікті ас

Алдымен күнделікті дәмге зер салыңыз. Онда ақуыз бен темір жеткілікті болуы тиіс. Арық құс еті, сиыр еті, бұршақ, ірімшік, көкөніс мен жемістер аса пайдалы. Дәріханадағы дәрумендерді де естен шығармаңыз.

Шашты тарау

Дұрыс таңдалған тарақтың да пайдасы зор. Ол бас терісін үгеді, қан айналымын жақсартады, шаш түптерін нығайтады. Сондықтан (әсіресе кешке ұйықтар алдында) шашты олай да бұлай бірнеше минут тараңыз.

Сусабын мен бальзамдар

Шаш нығайтатын арнайы сусабындар мен бальзамдар да жақсы көмектеседі. Олардың құрамындағы көптеген заттар шаштың түсуін азайта, тіпті мүлде доғара алады. Мысалы, адамтамыр сығындысы бас жасушаларының қызметін ынталандырады, шашты нығайтады. Сондай-ақ жожоба майы, Е, РР дәрумендері, қалақай сығындысы қосылғандары да пайдалы. 

Халық емі

Шашты емдеуге халық емінің де қосар үлесі зор. Ең тиімділері түйежапырақ тамыры негізіндегі маскалар. Қарапайым әдіс: тамырдың екі ас қасығын алып, үстіне қайнақ су құйып, жарты сағат баяу отқа қоямыз. Қалған қайнатпаны сүзіп алып, жуылған шашты шаямыз.   

Бас пияздан әзірленген маскалар да әжептәуір көмектеседі. Өсімдік майын, пияз шырынын, қыздырылған балды алып (бәрі 1 ас қасықтан), үстіне 1 жұмыртқа сарысын қосыңыз. Жақсылап араластырған соң шаш түбіне жағып, 30-40 минут ұстайсыз. Егер осы емшараны аптасына екі рет жасасаңыз, 3 айдан соң оң нәтижесін көресіз. Пияз исінен арылу үшін шашты шаятын суға 1 тамшы иіссу қоссаңыз жетеді.

Жуылған шаш түптерін ас тұзымен ысқылау да тиімді.  

Қыздыратын коньяк маскасы да жақсы: ас қасық коньяк, бір жұмыртқаның сары  уызын, 1 десерт қасық балды және азғантай өсімдік майын қосып араластырамыз. Осыны шаш түбіне және бүкіл ұзындығына жағамыз да 30 минут ұстаймыз. Сосын сусабынмен жуып, лимон шырына қосылған қайнатылған сумен шаямыз.     

Қалақай, сәлбен, салаубас, т.б. емдік өсімдіктер де шаштың түсуіне қарсы жақсы әсер етеді. Бұндай маскалардың түрі көп.      Қорыта келе айтарымыз, шаштың түсуіне тосқауыл қою үшін үлкен еңбек пен шыдамдылық қажет. Сонда ғана сау әрі әдемі шашыңызды сақтап қала аласыз.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть