ӘДЕМІЛІК ӘЛІППЕСІ

Жаздағы бет күтімі

Жаздыгүні күн мен құрғақ ауаның әсерінен тері құрғайды. Бұл әсіресе терісі онсыз да құрғақ адамдар үшін үлкен мәселе. Бірақ ыстық ауа кез келген теріге зиян. Сонымен, жазда бетті қалай күту керек?

Түймедақ қайнатпасы

Жазда бетті гельмен, сабынмен, сумен емес, түймедақ қайнатпасымен жуған жақсы. Ол үшін 1 с қасық түймедақты алып, үстіне 1 кесе қайнақ су құйып, тұндырыңыз да сүзіп алыңыз.

Крем таңдау

Жазда кремді өз теріңіздің түріне қарай таңдайсыз, бірақ ол су немесе оттегі негізінде жасалған болсын. Кремді жұқалап, аз мөлшерде жағыңыз. Көп жақсаңыз, бет терлей береді.

Суық сумен жуынуға болмайды

Қапырық даладан үйге шаң-шаң боп келеміз. Сондықтан бетімізді тезірек суық сумен шайғымыз келіп тұрады. Бұл дұрыс емес. Өйткені суық судан тері құрғап, тырысып қалады.

Дұрысы, төмендегідей шараларды жасаңыз:

  • бетті ашыған сүтке не қаймаққа малынған тампонмен сүртіңіз;
  • 10 минуттан соң бетті жылы шаймен сүртіңіз;
  • сосын бірден ылғалдандырғыш крем жағыңыз.

Күнге дұрыс қыздырыныңыз

  1. Міндетті түрде бетке күннен қорғайтын крем жағыңыз. 
  2. Қыздырынғанда екі жағыңызға кезек-кезек қырындап жатыңыз.
  3. Қыздырынып болған соң қорғаныш кремді шайып тастау керек. 
  4. Теріге зақым келмеу үшін бетті бір күн сәбіз шырынымен, бір күн шаймен кезектестіре жуыңыз.  

Тұздан сақтаныңыз

Суға (теңіз, көлге түскенде) шомылар алында бетке өсімдік майын жағыңыз. Судан шыққан бойда, бет кепкен соң күннен қорғайтын кремді қайта жағыңыз.

Жазда қандай косметикалық шараларды жасауға болмайды?

Жазда теріге ультракүлгін сәуле белсенді әсер етеді. Ол – зақымдаушы фактор. Одан терінің беткі қабаты – эпидермис қана қорғай алады. Сондықтан бұл мезгілде эпидермисті жоюға байланысты шараларды (пилинг және тері ағарту шараларын) жасауға болмайды.

Ағарту шараларын жасау үшін қыркүйек пен наурыз айларының аралығы қолайлы. Егер жазда жасайтын болсаңыз, керісінше әсерге соқтырып, беттегі дақтар көбейіп кетуі мүмкін.       

Сонымен қатар бетті тазалау шараларынан бас тарту керек. Өйткені одан кейін тері саңылаулары бірнеше күн ашық қалады. Егер ашық тері саңылауларына шаң түссе, безеу шығуы мүмкін. Бетті қыста тазартқан жөн. Жазда аптасына бір рет  тазартушы скраб пайдалануға немесе моншаға баруға болады. 

Жазда ісіктерді – папилломаларды, қалдарды, кератомаларды, тамыр «жұлдызшаларын» алдыруға болмайды. Алынған қал орнында күннің әсерінен дақ қалады. Жазда сондай-ақ бет маскаларын абайлап жасау керек: лимон, қияр, құлпынай, т.б. өнімдерде көкөніс қышқылдары бар, олар теріні ағартады. Сондықтан осы маскаларды жасаған соң 1-2 күн күнге қыздырынуға болмайды, өйткені теріге дақ түсуі мүмкін.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть