ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Әйел денсаулығы мен бақытының жеті сыры

Әйел денсаулығы – оның бақытының, сұлулығы мен үйлесімділігінің негізі. Денсаулығы мықты әйел – қуаты мол, жан-жағына жылу шашатын, өміріне мейірімділік пен береке, махаббат шақыратын жан.

Сонымен, денсаулық пен сұлулықты сақтау үшін әйелге не қажет?

1.Дұрыс тамақтану.

Тәттілер, сүт және көкөніс.

Әйел табиғаты ер адамның табиғатынан өзгеше. Ол өзінің әйелдік қасиеттерін жоғалтпауы керек, сонда ғана шынайы бақытты бола алады. Оған тәттілерден мүлде бас тартуға болмайды. Психолог Г.Торсуновқа сенсек, тәтті тағамдар әйелдің гормондық жүйесін қалыпқа келтіреді, көңіл күйі мен жалпы жағдайын жақсартады, қанағаттану сезімін сыйлайды. Әрине, бұл майлы торт пен тоқаштарды тежеусіз жей бер деген сөз емес. Дұрысы банан, мейіз және табиғи өнімдерден әзірленген тәттілер. Және есте сақтайтын бір жайт, тәттіні түске дейін жеу керек. Әйелдерге сондай-ақ сүт өнімдерін көбірек тұтынған жөн, өйткені олар қуат береді және қалыпты гормондық фонды демеп отырады. Әйелдерге көкөністер де пайдалы. Ал ұннан даярланған өнімдер мен етті шектеген жөн.   

2. Ұйқыны қандыру.

Бүгінгі қызу тіршілік қамындағы адамдардың ерте жатуы қиын. Алайда түннің бірінші жартысында (шамамен он екі жарымға  дейін) әйел гормондары өндіріледі. Сондықтан кешкі 22-00-ден кеш жатпаңыз, дұрысы – 21.00. Ерте жатып, әбден тыныққан организм мазасыздықтан арылады, жүйкесі жақсарады. Ал таңертең 6.00-ге дейін тұрған дұрыс.

3. Әйелдің киімі: шалбар ма, белдемше ме?

Бүгінде қыз-келіншектердің көбі джинсы киеді. Осы тұста тәндегі қуат ағымы туралы сөз қозғаған жөн:  қысылған жерде қуат тұрып қалады, бос жерде – еркін шығады. Ерлерде тәннің қуаты жоғары қарай жүреді, бұл олардың белсенділігін, ерік-жігерін, іс-әрекетін дамытады. Әйелдерде бәрі керісінше. Жоғарғы киімі денесіне тиіп тұрса, астыңғы киімі бос болуы тиіс. Өйткені әйел қуаты төмен қарай жүреді. Бұл ағым оның бала туу қабілетімен байланысты. Сондықтан аяқты жабу керек, бірақ тырысқан киім киюге болмайды. Бұл гормондық жүйеге де әсер етеді. Сондықтан дұрыс киім киген жөн. Белдемше мен көйлек әйелдің бәріне жарасады.

4. Жұмысқа дұрыс қарау.

Әйел денсаулығына әсер ететін тағы бір маңызды жайт – оның білімі және жұмысқа деген көзқарасы. Әйел психикасы табиғатынан махаббат үшін жаратылған: оның өмірлік міндеті – сүю, қамқор болу, жылулық пен бақытқа толы отбасын құру. Отбасының бақыты мен саулығы үшін 70 пайыз әйел қуаты қажет. Әйел отбасылық өмірдің үйлесімділігін қалыптастырады. Қазіргі оқу орындары отбасына және отбасылық құндылықтарға қатысты білімді мүлде бермейді десе болады. Қоғам әйелге белсенді, жігерлі бол, еркекше қызмет ет дейді. Осыдан келіп, әйел өз табиғатына қарсы өмір сүргендіктен, оның психикасы қозғыш болады, гормондық қызметтері бұзылып, созылмалы күйзелістер пайда болады. Жұмысты бірінші орынға қойған әйелдің шын мәнінде бақытты болуы екіталай.

5. Үй ме, әлеумет пе?

Егер ер адам белсенді, мақсатына жеткіш болса, денсаулығы жақсара түседі. Әйел үшін эмоциялық тұрғыда қанағаттану маңызды. Ел ортасында көп жүру, қоғамдық орындарда жиі болу әйелдің күш-қуатын сарқиды. Ал үйде ол, керісінше, күш жинайды. Сондықтан әйел үшін табиғи орта – оның үйі, отбасы. Ал еркектер үшін – әлеуметтік орта. Сондықтан үйде тым көп болатын еркек бақытсыз адамға айналады. Ал әйел бұндай жағдайда, керісінше, гүлдене түседі. Әйел уақытының басым бөлігін үйде өткізуі тиіс. Оған жерден қуат алу үшін топырақта, құмда, шөпте жалаңаяқ жүру, күнге қарау, құстардың сайрағанын тыңдау, бау-бақшамен айналысу пайдалы. Сонда ол табиғатпен үйлесімде өмір сүреді, денсаулығы жақсарып, мейірімді бола түседі.

6. Жақындарына қамқорлық, өз-өзін күту.

Әйелдің табиғат жүктеген міндеті – өз сұлулығымен әлемді гүлдендіру. Әйел қуаты міндетті түрде сыртқа шығуы керек. Әрекетсіздік, қол қусырып отыру ешкімге бақыт әкелмейді. Сондықтан күш-қуатыңыз бен мейіріңізді жақындарыңызға жұмсаңыз. Өзіңізді де ұмытпаңыз. Әйел өзгелерге жан жылуын, махаббат пен мейірім сыйлауға жаратылған. Ас әзірлеуді де, кір жууды да, үй жинауды махаббатпен жасаңыз. Бұл сізге шынайы бақыт сыйлайды. Әйел күйеуін күтіп-баптағанда, оған қамқор болғанда еркектің күш-қуаты, сенімділігі артып, мансабы жоғарылайды. Оның үстіне әйел өзінің ішкі және сыртқы жағдайына ерекше мән беруі тиіс. Әйел өзін әдемі, сүйікті, ғажайып гүлдей сезінуі керек. Бұны ер адам әрқашан сезеді және үйіне шабыттана, қуана оралады.

7. Әйелдік қасиеттеріңізді дамытыңыз.

Әйелдердің көбіне нәзік жандарға тән күш-қуат жетіспейді. Олардың табиғатына тән дүниелер – қамқор болу, мейірімділік және нәзіктік. Бірақ жұмыста бұл қасиеттер дамымайды. Сондықтан әйелше ойлауды, әйелше киінуді, адамдарға әйелше қарауды үйреніңіз. Сонда жеке өміріңіз қалыпқа келеді, өйткені ер адамдар әйелді оның ақша тауып, басшы болғаны үшін емес, нәзік, сезімтал, мойынсұнғыш, жұмсақ болғаны үшін жақсы көреді.

Толыққанды тұлға болыңыз. Жаныңызда ер адамның бары не жоғына қарамастан, бақытты бола біліңіз. Ешқашан біреуге тәуелді болмаңыз, шектен шыққан қыңырлықтан аулақ болыңыз.                            

Жаныңыздағы адамдарға махаббат сыйлаңыз. Қамқорлыққа мұқтаж қарттарға, балаларға көмектесіңіз. Көшедегі құстарға жем беріңіз. Өзіңізді құнды асыл тастай сақтаңыз. Ұнаған еркектің жетегінде кете бермеңіз. Әйел өз құпиясын қаншалықты ұзақ сақтаса, ер адам үшін соншалықты тартымды болады.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть