ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Бартолинит

Әйелдерде жиі кездесетін аурудың бірі – бартолинит. Бұл қынап кіреберісінде орналасқан үлкен жыныстық бездердің қабынып ауыруы.

         Даму барысы бойынша бартолинит бастапқы және қайталанбалы түрде кездесуі мүмкін. Бастапқы бартолинит жеке, дербес ауру түрінде пайда болады, қайталанбалы түрі ауру көлемі кез-келген мөлшердегі гинекологиялық қабыну нәтижесінде пайда болатын сырқат. 

         Бұл сырқатты аэробтық, сондай-ақ анааэробтық микроағзалар қоздырады. Барлық микроағзалар ішінде гонококтар, стафилококтардың белсенділігі жоғары болады, стрептококтық  және трихомонадтық қоздырғыштар, сондай-ақ ішек жолдары таяқшаларының жұғуы сирегірек кездеседі.

         Қоздырғыш бездің сыртқа зат шығару желілеріне тап болып, сол жерлерде қабыну үдерістері басталады. Осы кезеңде бездердің сыртқа зат шығару желілерінде ісік үлкейіп, сұйық заттар сыртқа шықпай, залалдана бастайды. Дене қызуы жоғарылап, жыныстық мүше маңайы қызарады. Бұл үдерістің белең алуы жалған абсцестің өршуі деп аталады. Ал, нағыз абсцесс бездердің зат шығару желілерінде ірің пайда болуы нәтижесінде пайда болады, бұл сырқаттың зәр шығару-жыныстық жүйеге жан-жақты әрі тереңдей тарауына ықпал етеді.

         Дұрыс жүйемен емдегенде бартолинит белгілері ізсіз жоғалады, алайда, бұл аурудың қайталануы да мүмкін.

         Бартолинит әйел ағзасында әртүрлі жайсыздықтар тудырады, бұл сырқаттың жайылу көлеміне байланысты. Егер бартолиниттік бездің зат шығару желісі зақымданса, каналикулит белең алады, егер бездің өзі заланданса, бұл бартолиниттің дамуы деп білуіміз керек.

         Бартолинит ұзақ уақыт бойы еш белгісіз де дамуы мүмкін. Жыныстық мүше аузындағы бұл өзгерістерді әйел қайталанбалы сырқат басталғанша сезінбейді. Нақты ауру белгілері сол кездерде білінеді.

         Аурудың алғашқы белгілерінің бірі – бартолиниттік бездің зат шығару саңылауының маңайында қызыл түсті желіктің пайда болуы. Сол желіктерді қысқанда іріңді заттар шығады.

         Егер ірің көп мөлшерде пайда болса, ол сыртқа шығып үлгермейді де, бартолиниттік бездің сыртқа зат шығару желілерін бітеп тастайды. Бұл үдерістің күшеюіне өлі эпителиалдық жасушалар, ірің, микроағзалар да ықпал етеді. Осындай өзгерісті әрекеттер кезінде жалған абсцестің дамуы мүмкін. Ол іріңге толы ісік түрінде пайда болады. Соның нәтижесінде әйел жағдайы күрт ауырлай бастайды.

         Науқас әйел жалпы әлсіздік пен дене солғындығын, жайсыздықты, дене қызуының жоғарылауын, дене және ой қабілеттерінің төмендеуін сезінеді.

         Бартолинит басталғанда әйел жыныстық мүше сыртының қатты ауырғанынан қиналады. Ол жерлерде  ауырсындыратын бөртпелер пайда болады.

         Егер нағыз абсцесс пайда болса, шаптағы бездер ұлғаяды. Дене қызуы 40 градусқа  жетеді.

         Бартолинит қабыну салдарынан пайда болатын ауру. Бірақ онда  жалпы улану белгілері де бой көрсетеді, дененің жекелей бір аумақтарында да белгі береді. Кей жерлерде қызару басталады немесе әйелдің жыныстық мүшесінің үлкен ернеулерінің үстіңгі жағы мен орта шеніндегі шекте гиперемия пайда болады.

         Дене қызуының көтерілуімен қатар жыныстық мүше ернеулерінің де  температурасы жоғарылайды.

         Басқа да қабыну үдерістеріндегі сияқты, бартолинит кезінде де зақымданған азаның қызметі бұзылады: бартолиндік без үлкейіп, әйелдің  жүріс-тұрысына бөгет болады, жай жатқанда да мазалайды.

         Сонымен, клиникалық тұрғыда бартолинитке қабыну әрекеттерінің барлық жалпы белгілері тән. Ал, оның белгілері айқын.

         Бартолинитті нақтамалау үшін бартолиниттік бездің сыртқа зат шығару желісін басқанда шығатын сұйық пайдаланылады. Алынған материалды микроскоппен зерттеп, қоректік заттар бар орталарда өсіреді, сондай-ақ сол бөлінген заттарға ықпалы бар антибиотиктерді анықтайды.

         Алайда, ауруды айқындаудың бірінші әдісі – оның клиникалық сипаттарын анықтау, олар: ауырсыну деңгейі, бартолинді без зақымданған жердің ісіну және қызару кезеңдері, сондай-ақ ағза қызметінің бұзылу жағдайы.

         Гинекологиялық зерттеу кезінде қынаптың ернеуіндегі ауытқу өзгерістерін анықтауға болады. Мұнда аурудың даму дәрежесіне қарай пайда болған белгілер орын алады.                                                                Бартолинитті емдеу оның кезеңдеріне байланысты. Егер сырқат бастапқы кезеңде анықталса, дәрі-дәрмектік емдеу тәсілдері тағайындалады. Бұл үшін төсекте жатып емделудің қатаң тәртібі, емдәм, антибиотиктік терапия, ауырсыну сезімін бәсеңдету әдістері белгіленеді.

         Антибиотиктер ретінде сульфаниламидтерге ерекше мән беріледі.

         Егер ауру өршіп кеткен болса, ұзақ та ауыр сипат алса  немесе дәстүрлі терапия ықпал жасай алмаса, бартолинитті емдеудің хирургиялық тәсілдері қолданылады.

         Абсцесс жарылса, оның өзегіне дренаж қойылып, хлордың гипертониялық натрийі ерітіндісімен жуады.

         Абсцесс әлі жарылмаса, онда ота жасалады. Мұндай жағдайда жыныстық мүшенің үлкен ернеулері бойының сырт жағын тіледі, бұлай тілу қынапты жұқпалы заттардан қорғау үшін қажет.

         Егер әйелге каналикулит нақтамасы  қойылса, емдеу аурудың ерекшеліктеріне қарай белгіленген антибиотиктермен және бактерияларға қарсы дәрі-дәрмектермен шектеледі.

         Аталған барлық емдеу тәсілдерімен қатар бартолинитті емдеудің халықтық әдістерін де қолдануға болады,  алайда бұл әдістер емдеуші дәрігердің  барлық талаптарын орындай отырып, қосымша емдеу түрінде ғана қолданыла алады.

         Физиоемдеу тәсілдерімен ұштастыра емдеу де оңды нәтижелер береді.

         Бартолинит қайталанған жағдайда бартолиниттік безді созылмалы сырқат ошағы ретінде мүлде сылып тастайды.

Қазихан  ЕСМАМБЕТОВ,

дәрігер-гинеколог.

Ұқсас мақалалар

Закрыть