ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Климаксты қалай жеңілдетеміз?

Климакс – ауру емес, табиғи құбылыс. Сондықтан әйелдерге одан қорқудың қажеті жоқ, тек оған жақсылап дайындалса болды. Сонда «өмірдің күрең күзі» жеңіл өтпек.

Менопауза кезеңіндегі әйел ешқашан «біттім, қартайдым, өмірдің қызығы артта қалды, алда тек ауру-сырқау мен уайым» деп ойламауы керек. Адамға кез келген жаста қуанышпен, жақсы өмір сүруге болады. Бұл жастағы әйелдерге ең бастысы жағымды психологиялық көңіл-күй керек, сонда ғана олар бұл кезеңді қорқынышсыз, жабырқаусыз өткізеді. Бірақ бұл үшін біршама еңбек қажет.

Салмақ тастаңыз

Артық салмақ климакстың анағұрлым ауыр өтуіне ықпал етеді.

Эмоцияларыңызды жүгендеңіз

У-шу, айқай, көз жасы мен жанжал қаншалықты аз болса, құйылулар (климакс кезінде әйелдің кенеттен күйіп-жанып, терлеуі) қаупі де соншалықты төмен. Сондықтан өзіңізді қолда ұстап үйреніңіз. Қажет болса, сасықшөп (пустырник) пен шүйгіншөп (валерьяна) ішіңіз.

Күнделікті дәмге өзгеріс енгізіңіз   

Ауыр тамақты (қуырылған ет, шұжық, май, торт) және фастфудты ұнататындарға өз әдеттерін қайта қарауды ұсынамыз. Өйткені жастық шақта табиғи қорғаныш болған эстрогендер бұл кезеңде азаяды, демек оларға бұрынғыша сенудің қажеті жоқ. Өз денсаулығыңызды өзіңіз ойлаңыз. Бұл үшін 40 жастан бастап Е дәрумені бар азық-түліктерді (салат жапырақтары, дәнді дақылдар, жаңғақтар, зәйтүн майы) молырақ жеңіз. Ет өнімдерінің басым бөлігін өсімдік тағамымен ауыстырыңыз.

Күнделікті дәмді сүт және кальцийі бар басқа тағамдармен (күнжіт, балық, сүзбе) байытқан жөн. Тұзды шектеп, таза суды молырақ ішіңіз. Шай мен кофенің орнына шөп тұнбаларын ішкен дұрыс. Тәттінің орнына бал мен кептірілген жемістер жеңіз.

Кемінде 8 сағат ұйықтаңыз

Бұл үшін күн тәртібін әзірлеп, оны жұмыс күндерінде де, демалыста та сақтаңыз. Ерте жатып, ерте тұрған жөн.  

Ұйықтар алдында бұлауға түссеңіз, жатын бөлмені желдетсеңіз, ұйқыңыз жақсарады.

Әрине, тамақты ұйқыдан 3-4 сағат бұрын жеу керек.

Есіңізде болсын, ұйқы шақыратын дәрілер мен алкоголь – ұйқысыздықпен күресудің жақсы құралы емес.

Тамырларды нығайтыңыз

Таңертең – қылтамырларды нығайтатын контрастылы себезгі, кешке – аяққа бұлау. Темекіге әуес болсаңыз, дереу тастаңыз.

Төсек қатынасын ұмытпаңыз

Жыныстық қатынас адамның өзіне деген сенімділігін арттырады, өз-өзін бағалауын жоғарылатады, гормондық тепе-теңдікті қалпына келтіреді. Сондықтан өмірдің бұл саласын да естен шығармаңыз.

Синтетика киім кимеңіз

Киім таңдағанда табиғи матадан тігілгендерін таңдаңыз. Бірнеше қабат киім киген дұрыс, егер ыстықтасаңыз біреуін шешіп тастайсыз.

Көбірек демалыңыз

Қатты шаршау құйылуларға түрткі болады. Бірақ теледидар алдында емес, таза ауада – паркте, орманда демалған абзал.

Бауырды тазалаңыз  

Эстрогендер жетіспеген жағдайда заттар алмасуы нашарлайды, қанда уыттар көптеп жиналады. Бауырға оларды бейтараптандыру қиынға соғады. Демек оған көмек қажет. Бұл үшін арнайы биологиялық қоспалар және алатікен (расторопша) ішіңіз, сондай-ақ күніне 2-3 кесе көк шай ішіңіз.

Спортпен шұғылданыңыз

Орташа деңгейдегі тұрақты дене қимылы құйылулардың жиілігін азайтады. Жаяу жүру, жүзу пайдалы немесе басқа бір жеңіл спорт түрін таңдаңыз.

Ыстықтан сақтаныңыз   

Демалыс үшін тамаша орын – климаты орташа және сумен емдейтін шипажай. Ал ыстық, ылғал климат, әсіресе күн астында болу онша пайдалы емес. Сол секілді климакс кезеңіндегі әйелге ыстық бұлауларды, монша мен саунаны да шектеген жөн. 

А.Әбікенова, гинеколог

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть