ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Мастопатия

Бүгінде әйелдерге көбіне «мастопатия» деген нақтама қойылады. Мастопатия – сүт бездері тіндерінің тығыздануы. Ол әр түрлі болады, демек белгілері де әрқалай. Кейде мастопатия кезінде ешқандай жағымсыз сезімдер болмайды, сондықтан әйел бұндай сырқатының бар екендігін сезбеуі де мүмкін. Бірақ негізінен етеккір алдында ауырсыну сезіледі. Қолмен тексеріп көргенде мастопатия тығыз түйіндер түрінде білінеді. Бұны көбіне әйел өзі байқайды. Егер осындай белгі анықталса, ұзаққа созбай, тез арада дәрігерге көрініңіз. Мастопатия кезіндегі тығызданулар диффузды (барлық тіндер тығызданады) және түйінді (тіндер тек жартылай тығызданады) болып бөлінеді. Әдетте бұлар қатерсіз түрде болады. Түйінді мастопатия кезінде әдетте әңгіме жылауық жөнінде. Оның контурлары айқын, көбіне ауырмайды. Жылауық басқа жараға ауыспайды, бірақ оның ішінде ісіктердің пайда болуы мүмкін және сонысымен қауіпті. Осы ісіктер обырға ауысуы да ықтимал.

Не істеу керек?

Жылауықтарды пункция арқылы жою қиын емес. Дәрігер оған ине сұғады да сұйықтықты сорып алады. Бұнда екі мақсат көзделеді. Біріншісі – жылауықты жою, екіншісі – алынған конгломератты микроскоппен қарап, онда обыр белгілерінің бар-жоғын анықтау.

Егер ол зат қатерсіз болса, сабырға келеміз. Егер қатерлі ісік белгілері болса, мамандар одан әрі жүргізілетін ем әдісін таңдайды.

Жылауықтардың тағы бір жаман жері – әсіресе егер оларда қабыну болса,  қайталануы мүмкін. Сондықтан оның өріс алу барысын бақылап отыру шарт.

Фиброаденома

Бұл – кеуде безінің қатерсіз ісігі. Жылауық тәрізді ол да біреу немесе бірнешеу болады. Қай түрі болмасын, оның ішіндегі субстанцияның сапасын тексеру керек. бұл үшін пункция жасалады, материал (ұлпа тіні) алынады да зерттеледі, содан кейін дәрігерлер әрі қарай қандай емшаралар қолдану керектігін шешеді. Алайда егер онда қатерлі ісік белгілері жоқ деген қорытынды жасалса да, фиброаденоманы кесіп алып тастау керек. Өйткені ол обырға ауысып кетуі мүмкін. Сондықтан осындай сырқаты бар әйел емделмей жүре берсе, үлкен қатерге бас тігеді деуге болады.

Себептері 

Себептер әр түрлі. Мысалы, түтіктің бітелуі немесе ішкиімнің дұрыс таңдалмауы. Емшекқап әйелге ыңғайлы болуы, еш жері қыспауы, табиғи қан айналымын бұзбауы тиіс. Әйтпесе сүт безі тіндері мен аса маңызды тамырлар қысылып қалады. Ал бұл өте қауіпті. Әсіресе кеудені ұстап тұру үшін салынған темірлері бар емшекқаптар қауіпті. Олар кейде емшекті жарақаттап, жылауықтың не сүт безінде басқа өзгерістердің пайда болуына соқтырады.

Өмір салты

Әйелдің өмір салты аталған сырқатқа әсер ете ме? Стресс пен күн тәртібінің дұрыс болмауы кез-келген ауруға, соның ішінде мастопатияға да, алып келуі мүмкін. Бұны нақты фактор деуге болмайды, десек те төсек қатынасы қалыпты әйелдермен салыстырғанда жыныстық өмірден ада әйелдерде бұл ауру жиірек кездеседі. Дәрігерлер сондықтан жыныстық қатынасқа көңіл бөліңіз деген кеңес береді.  

Обырға алып келе ме?  

Бүгінде мастопатияны обыр алдындағы сырқат, яғни міндетті түрде қатерлі ісікке соқтыратын дерт деп қарастырмаймыз. Алайда оның өте айқын, түйіндерге алып келетін түрлері бар. Бұл жағдайларды үнемі бақылауда ұстау керек.

Қазіргі әйелдерде сүт безі обыры жиі

Өкініштісі, бұл рас. Себебі неде? Обыр – үлкен құпия. Кейде ол ешбір себепсіз пайда болады. Бірақ көзге көрініп тұрған себептер туралы айтар болсақ, негізгі себептердің бірі – әйелдердің ана болуға асықпауы немесе бұны мүлде қаламауы. Олар ертедегі аналарымыздай көп бала тумайды. Ұрықтанудан сақтану құралдарын қолданады. Ал олардың әйел денсаулығына әсері әлі толық зерттелмеген, және де ондай әйелдерде обырдың жиі болатыны туралы деректер бар. Туған күннің өзінде баланы емшектен ертерек айырып, жұмысқа шыққысы келеді. Оның үстіне бүгінде балаға беретін жасанды сүтті тағамдар да жетерлік. Баланы емізбеудің әйел үшін түк пайдасы жоқ. Сүт безінде сұйықтық қалдықтары қалып қояды да тұрып қалады, ал бұл қабынуға соқтыруы мүмкін. Әрине, бұл бала емізбеген не аз емізген әйелдің бәрі обырға ұшырайды деген сөз емес. Бірақ оларда бұл қауіп ұлғая түседі. Сондықтан қалай болғанда да әйелге босану және емізу өте пайдалы. Бала емізген әйелдерде де мастопатия болады, бұған жол бермеу үшін емшекте қалған сүтті түгел сауып тастап отыру керек.

Қанша жасқа дейін емізу керек?

Емшек сүті нәрестеге пайдалы. Десек те, бәрінің қалыптан аспағаны жөн. Бір жарым жастан асқан баланы емізу шарт емес. Өйткені екі жасқа жақындаған сәби дастарқан басына отырып, қасықпен өз бетінше тамақтануы тиіс.

Емшек жарақаттары

Емшек жарақаты патологияға алып келе ме? Иә, маммологтар емшек жарақаттарын ұнатпайды. Емшегіне зақым келген әйел дәрігерге көрінуі керек. Бірақ әйелдерді қорқытуға да болмайды. Егер оның санасына емшек жарақатын алған әйел міндетті түрде обырға ұшырайды дегенді сіңіре берсек, онда оның бойында қауіпті психосоматикалық ахуал – созылмалы дистресс-синдром дамиды. Нәтижесінде әйел түрлі қатерлерге, соның ішінде обырға, душар болады.

Пластикалық оталар

Кей әйелдерге емшек пішіні ұнамайды. Қазір сұлулық қуған жастар, әлі бала туып та көрмеген әйелдер емшектерін үлкейтіп жатады. Бұл дұрыс емес. Отаны тек күрделі патология болғанда да жасатқан жөн. Өйткені қандай ота болмасын адамды жарақаттайды, асқынуға да соқтыруы мүмкін. Сондықтан сау емшекті кестіру ақымақтыққа барабар.

Қай жастан бастап тексерілу керек?

Ең дұрысы, 25 жастан бастап. Алйда бұл жаста маммологқа баратындар аз, сондықтан ең болмаса 30-35 жастан бастап қаралып тұрыңыз.

Тектік бейімдік

Бұл әйелдің психологиялық жағдайына байланысты. Анамда не әжемде сүт безі обыры болды, демек менде де болады деген қорқынышпен өмір сүруге болмайды. Тектік бейімдік үлкен рөл атқарады, дегенмен тікелей бйланыс жоқ. Алайда тегінде бұндай сырқаттары бар әйелдерге қауіп көбірек боатыны анық.

Қыздырыну

Күнге қыздырынғанда да абай болған жөн. Ең бастысы, күн астында тым ұзақ жатпаңыз. Ультракүлгін сәуле сүт безінің жұмысына зиян.

Соңғы кеңесіміз, дәрігерге үнемі қаралып тұрыңыз, сонда мастопатия ауыр асқынуларға алып келіп, сан соқтырмайды.

Б.Тұранова, маммолог

Ғылыми кеңесшіден: Құранда баланы екі жасқа толғанша емізу анасының бір міндеті делінген. Ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ, бұған негіз бар. Өйткені баланың иммундық жүйесі екі жасқа дейін толық өз бетінше жұмыс істеп кете алмайды. Иммунитетке қажетті жасушалар ана сүтімен келеді. Бұны есте сақтаған жөн.  

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть