ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Сүт безі ісігінің жолын кесемін десеңіз

Онкологиялық аурулардың көп тараған түрлерінің бірі – сүт безі обыры. Ол алдын-ала емдесе, дауасы табылатын ауру екені соңғы кездегі тәжірибеден белгілі болып отыр. Сондықтан әрбір әйел жыл сайын маммографиядан өтіп, тексеріліп отыруды өмір дағдысына айналдырғаны абзал.

         Батыс Еуропа елдері мен америкаkық әрбір сегізінші әйел аса қауіпті сүт безі ісігімен ауырады екен. Ал шығыс елдері әйелдері арасында бұл ауру сирек кездеседі. Өйткені батыста қызметтік мансапты бірінші кезекке қойған, бала табуды барынша шектеген әйелдер осы ауруға жиі ұшырайды. Аналар баланы неғұрлым көп туып, сәбиді барынша көп емізген сайын олардың ағзалары соғұрлым тез тазарып, денсаулығы нығая түседі. Шығыс елдерінде батысқа қарағанда, бала туу, бала емізу деңгейі едәуір жоғары. Сондықтан бұларда әйелдердің сүт безі ісігі едәуір аз кездеседі.

         Бала көтеруден тым ерте бас тарту немесе кештеу көтеру (30 жастан асқан соң), балаға емшек емізуден бас тарту, жиі-жиі түсік жасату, темекі мен араққа құмарлық және басқа да жағымсыз өмір салты, күн астында жиі қыздырыну, салбөкселік, яғни аз қозғалу, дұрыс тамақтанбау – сүт безі обырының пайда болуына басты себептер. Мұндай жағдайда әйелдердің сүт безі обыры 45 жастан асқанда пайда бола бастайды. Он жыл, он жылдан астам гормондық терапия препараттарын пайдаланған әйелдер де осындай қауіпті ауруға шалдығуы мүмкін. Міне, осындай науқастар маммолог дәрігердің қатаң бақылауында болып, жиі-жиі тексеріліп отыруы тиіс.

         Обыр – ағзаны байқатпай кеміретін, ең соңғы шегіне дейін білдірмей өсіп, тез дамитын ауру. Сол себепті одан сақтанудың бір ғана жолы – жүйелі түрде дәрігерлік тексеруден өтіп тұру. 35 жасқа дейін сүт безі ісігі сирек кездеседі. Десек те 18 жасқа толған әрбір азаматша маммологтың тексеруінен өтіп тұрғаны абзал. Мысалы, мастопатия – фиброздық-кистоздық аурудың белгісі білінсе, ол ісік ауруына айналып кетпеуіне кепілдік жоқ. Сондықтан осы аурулардың шеті білінісімен дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Дәрігер тексеруінен қорқатын ештеңе де жоқ: ауру белгісі неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу де соғұрлым жеңіл.

         Оны толық емдеуге болады. Ауру асқынып кеткен жағдайда да өмірден түңілудің реті жоқ. Кеудеге пластикалық ота жасалған соң сүт безі (емшек) бұрынғы қалпына келеді. Әрине, кім болса да сүт безі науқасын ота жасауға дейін жеткізбей, жаңа басталған кезінен бастап емдете бастаса ауру онша асқынбай. толық жазылып кетуіне бүгінгі медицина кепілдік бере алады.

         Сүт безі ісігін анықтаудың төрт негізгі тәсілі бар. Олар: рентгенттік маммография (сүт безін зерттеудің алтын стандарты), ультрадыбыстық тексеру (УДЗ), магниттік-тербелістік томография (МРТ) және рентгендік компьютерлік томография (РКТ). Жоспарлы, профилактикалық  тексеру үшін осының екі тәсілі – маммография мен УДЗ жеткілікті. Осы екі тексеру де бір ғана дәрігер-маманның қолынан өтеді. Осы екі тексеру бірін-бірі жоққа шығармайды, керісінше бірін-бірі толықтырып отырады.

         Әр түрлі жаста тексерудің өзіндік тәсілдері бөлекше. Мысалы, 30 жасқа дейінгі әйелдерді аппаратпен тексерудің қажеті жоқ, оларды саусақтың ұшымен және сұрақ беру арқылы анықтауға болады. 30 бен 40 жас аралығындағыларды, осы жасқа байланысты кеуде тіндерінің ерекшелігіне қарай, УДЗ-ден өткізеді. 40 жастан асқандарға кеуде еттері тығыздығының азаюына байланысты маммография жасау ұсынылады. Десек те науқасты тексерудің қай әдісін таңдауды дәрігер өзі шешеді. Сондықтан сүт безі ісігін асқындырмай анықтау және емдеу дәрігер маманның сауаттылығына байланысты.

Б.Сабырбаева,

маммолог

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть