ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Жатыр миомасы

Миома – әйел жыныс мүшелерінің ішінде ең жиі кездесетін, дәнекер тін және бұлшық ет бөліктерінен тұратын жатырдың қатерсіз ісігі. Жалпы алдын алу шараларының тексеру мәліметтері бойынша,  миома 30 жастан асқан әйелдердің 3,2 пайызында кездеседі. Жатыр миомасы бойынша гинекологиялық стационарларда 73,8 пайыз жағдайда ота жасалады. Әртүрлі жас топтарында жатыр миомасының жиілігі бірдей емес. Жыныстық жетілуге дейін миома кездеспейді және менопаузадан (етеккір тоқтау кезеңі) кейін оның жиілігі төмендейді. Менопауза кезінде жатыр миомасында кері даму үдерісі жүреді. Гинекологиялық ауруларда миома жиілігі 10-12 пайыз.

Этиологиясы және  патогенезі

Қазіргі көзқарастар бойынша жатыр миомасы – гормонға тәуелді ісік. Бұл бұлшық ет тінінің дисгормондық гиперплазиясы. Көп жылдар бойы ісік дамуында эстрогендер деңгейінің жоғарылауының бірінші дәрежелі маңызы бар деп есептеліп келді. Бұндай қорытынды қыздарда жыныстық жетілу басталғанға дейін миоманың болмауы, менопауза кезінде, яғни етеккір біткеннен кейін ісіктің кері дамуы туралы клиникалық бақылаулардан кейін жасалды. Тәжірибелік зерттеулер эстроген гормондарын көп мөлшерде егу салдарынан ісіктің өсіп дамуына мүмкіндік туатындығын дәлелдеді. Терең клиникалық талдаулар мен гормондық зерттеулер бұл аурудың жергілікті үдеріс еместігін көрсетті. Бұл гипоталамус-гипофиз-аналық бездері – бүйрекүсті бездері – жатыр жүйесінде қалыпты қарым-қатынас бұзылыстарымен көрінетін бүкіл организмнің сырқаты. Гонадотроптық гормондардың сөл бөлу ырғағының өзгеруі және эстроген-прогестерон деңгейлері арасындағы қатынастардың, әсіресе, прогестеронның жетіспеуі, жатырдағы гормондық рецепторлардың тұрақсыздығы туралы мәліметтер бар.

Е.М. Вихляева және басқалар миомасы бар әйел организмінің ерекшеліктерін зерттей келе ісік дамуын екі патогенетикалық түрге бөлді. Олар шартты түрде «біріншілік» және «екіншілік» миома деп аталды. Патогенетикалық түрді бөлу үшін белгі ретінде ұрпақ өрбіту қызметі алынған. «Біріншілік» миоманың патогенетикалық типіне тұқым қуалаушылық факторлары анықталған әйелдер жатқызылған (жақын туыстарының ішінде миомасы бар: шешесінде, әжесінде). Жыныстық жетілу кезінде бұндай аурулар тобында етеккір қызметінің бұзылыстары көп кездескен, ал тұрмысқа шыққаннан кейін бедеуліктің эндокриндік түрлері кездеседі. «Екіншілік» миоманың патогенетикалық түріне белгілі бір кезеңге дейін етеккір мен бала туу қызметтерінің бұзылыстары болмаған және жыныстық жетілу, бала туу кезеңдері жақсы өткен әйелдер жатады. Сонымен қатар, сырқатнамасында  көптеген түсіктер және жатырішілік асқынулармен өткен босанулар, созылмалы ағымға өтіп кеткен жыныс мүшелерінің қабыну үдерістері бар әйелдер жатады. Бұл топтағы әйелдердің көбінің жатыр қосалқыларына ота жасалған.

Бірінші топтағыларда ісіктің дамуы жас кезде байқалады, Ал екінші топта – миоманың пайда болуы тоқтасқан әйелдерде және олардың көрінуі аналық бездердің жасқа байланысты гормон бұзылыстарының әсерінен болады. Е.М.Вихляеваның ұсынуы бойынша жатыр миомасы дамуының екі  клиникалық-патогенетикалық нұсқасы бар, олар шартты түрде жатыр бұлшық ет қабатының біріншілік және екіншілік өзгерістерімен сипатталады. Біріншілік өзгерістер, көбінесе тұқым қуалаушылық, жыныстық жетілу мен ұрпақ өрбіту кезеңдеріндегі гормондық қатынастардың бұзылуы, айқын жыныстық инфантилизм және біріншілік бедеулік аясында пайда болады. Екінші клиникалық-патогенетикалық тип кезінде – жатыр бұлшық ет қабатының өзгерістері оның гиперплазиясы бұрын генеративтік қызметтің  бұзылуы болмаған әйелдерде пайда болады. Жатыр миомасымен ауыратын  науқастардың ішінде жыныстық сырқаттардан тыс әр түрлі аурулары бар әйелдер көп. Бұларға қан айналым мүшелерінің аурулары, яғни гипертониялық ауру, жүректің ишемиялық ауруы жатады. Темір жетіспеушілік қаназдығында да байқалады және  бұл қан ағумен зардап шеккен әйелдерде ғана емес, сонымен қатар симптомсыз фибромиома кезінде де кездеседі.

Темір жетіспеушілік қаназдығынан соң метаболикалық ығысулар пайда болып, нәтижесінде тотығу-тотықсыздану үдерістерінің бұзылыстары туады. Миомасы бар көптеген әйелдерде созылмалы бауыр және өт қабының аурулары, май алмасуының бұзылыстары кездеседі. Сонымен жатыр фибромиомасына шалдыққан науқастардың преморбиттық аясы әртүрлі болып келеді. Оларда көбіне жатырдан тыс және гинекологиялық қоса-қабаттасқан аурулар кездеседі.

Асқынулары

Миоманың дамуы кезінде бірқатар асқынулар болады. Бұндай асқынуларды білу арқылы симптомотологиясын, дұрыс нақтама қоюды және миомаға шалдыққан науқастарға тиімді ем тағайындауды үйренуге болады.

Миманың маңызды асқынулары:

  1. Ісік аяқшаларының айналуы, ісіктің қоректенуінің бұзылуы,өлеттенуі және індеттенуі.
  2. Шырышасты түйінінің пайда болуы кезінде жатырдың теріс айналуы.
  3. Қатерлі ісікке айналуы.
  4. Ішке жедел қан ағу.

Сірі қабатасты миома аяқшаларының айналуы науқас әйелдің кенет ауыр дене әрекетін жасауынан, кіші жамбастан үлкен жамбасқа ісіктің жылдам шығуы кезінде (босану кезінде, немесе босанғаннан кейінгі кезеңде) баяу немесе аяқ астынан пайда болуы мүмкін. Ісік аяқшалары айналуының белгілері аналық бездер жылауықтары аяқшаларының айналуы белгілерімен ұқсас. Сіріасты миома аяқшаларының айналуы кезеңінде ісікте іркілу және қан құйылу құбылысы пайда болады, ісіктің қоректенуі бұзылады, әрі қарай ісік өлеттенеді. Миоманың өлеттенуі шырышасты түйінінің пайда болуы салдарынан немесе босану кезіндегі ісіктің қан айналысының кенеттен бұзылуы нәтижесінде, босанғаннан және түсіктен кейінгі кезеңдерде пайда болуы мүмкін. Миома өлеттену нәтижесінде індеттенеді. Шырышты қабатты қыру, жатыр қуысын сүмбілеу сияқты нақтамалық және емдік шаралар кезінде де миоманың індеттенуі байқалады.

Ісіктің індеттелуі кезінде дене қызуы көтеріледі, дене қалтырауы, эритроциттердің тұну жылдамдығының (ЭТЖ) күшеюі, лейкоцитоздың жоғарылауы; оның формуласының солға ығысуы сияқты құбылыстар өтеді. Шырышасты түйіннің пайда болуы кей жағдайларда жатырдың теріс айналып кетуіне әкеліп соқтырады. Бұл кезде жіті ауырсыну сезімі және естен тану орын алады. Миоманың қауіпті ісікке ауысуы сирек кездеседі. Акушерлік және гинекология институтының мәліметтері бойынша, барлық миоманың қауіпті ісікке, яғни саркомаға ауысуы  0,5 пайыз жағдайда кездеседі.

Нақтамалануы

Жатыр миомасын нақтамалау онша күрделі емес. Ол науқастың шағымдарына, анамнезіне және бимануалдық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып жүргізіледі. Шырышасты миомаға күдік туған жағдайда, мақсатты түрде гистероскопия, гистеросальпингография жүргізіледі.

Емі

Жатыр миомасының емі аурудың нақты белгілеріне, әйелдің жасына, ісіктердің саны мен көлеміне, орналасуына байланысты жүргізіледі. Осы уақытқа дейін хирургиялық емге ерекше мән берілді. Ал қазіргі уақытта консервативтік ем әдістері кеңінен қолданылады.

Консервативтік ем ісіктің көлемі кішкентай болған кезде (11-12 апталыққа дейін), түйіннің инерстициалды немесе бұлшық еттерінің арасында өсуі кезінде және орташа қан кеткенде жүргізіледі.

Х.Н.Нұржанов,

профессор, акушер-гинеколог

Г.Х. Нұрсиханова,

Соғыс ардагерлері  емханасы

әйелдерге кеңес беру

 бөлімінің меңгерушісі

Ұқсас мақалалар

Закрыть