ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Жатырдың бүгілуі

Әйелдерде жиі кездесетін «жатырдың бүгілуі» дегеніміз – жатырдың  қалыпты орналасу жағдайынан  ауытқуы. Бұл көбінесе туа бітетін  ауытқу, алайда қандайда бір сыртқы әсерлерден де, көбінесе қабыну  сипатындағы сырқаттардың салдарынан да қалыптасуы мүмкін.

Алдымен мынадай жайды түсініп алу қажет – туа біткен «жатыр бүгілуі» шұғыл түрде емдететін  кесел емес, оны бір күрделі түйткіл деп санамаған  жөн.  Мұндай бүгілу ешқандай белгі бермейді.  Егер дәрігер оған соншалықты мән беріп, ауырсыну белгілерінің немесе бедеуліктің себебін осыдан іздесе, бұл 90 пайыздық жағдайда оның  біліктілігінің төмен екендігін көрсетеді. Бүгілуді қандай да бір гинекологиялық сырқаттың негізгі себебі деп санау – оғаштық, кәсіби білімсіздік. Жатыр бүгілуі 95 пайыз жағдайда небәрі ағзаның  анатомиялық орналасуы, бұл сол әйелге тән ерекшелік.

Егер жатыр орналасуы белгілі бір  кесел барысында өзгерсе, онда бұл – басқа жағдай. Ол көбінесе ішперде қуысындағы жабыспа салдарынан пайда болады. Мұндай жағдай әйелдерде қабыну үдерісінің ұзақ уақытқа созылуынан, жатырдың ішкі жағынан қабынуын (эндометриоз) емдемеудің  салдарынан және ішперде қуысына, кіші жамбасқа  жасалған ота салдарынан да болады.

Жатырдың кіші жамбаста орналасуы

Кіші жамбаста жатыр жалпы қалай  орналасуы мүмкін? Оның мынадай түрлері бар:

  1. Антефлексио (алға қарай) –  жатыр жамбастың ортасына таяу  орналасады, жатыр түбі жоғары және алға қарай бағытталады,  мойнақтың қынаптық бөлігі төменге, артқа бағытталады; мойнақ  пен жатыр арасында алғы жағы ашық түкпір бұрыш  болады.
  2. Антеверзио (алға қарай жылжыған) – жоғарыда көрсетілген жағдайға ұқсас, бірақ жатыр мен оның мойнағы бір сызық бойында орналасады.

Бұдан сирегірек кездесетін орналасу түрлері:

  • Гиперантефлексия – бұл жағдайда жатыр денесі алға қарай көбірек  жылжиды, түкпір бұрыш артқа қарап бағыттала ашылады.
  • Ретрофлексия – жатыр денесі артқа қарай көбірек  ауытқиды – дәл осы жағдай – аты шулы «жатыр бүктемесі» деп аталады.
  • Летерофлексия – жатырдың ортаңғы осьтен солға немесе оңға қарай шұғыл ауытқуы.

Бұдан басқа жағдайлар да болуы мүмкін. Мәселен, көптеген себептер салдарынан жатыр көлденең ось маңайында бұрылып, бұрала береді.

Мынаны да атап өту маңызды – жатырдың орналасуы оның байланысу аппаратының жағдайына көп тәуелді, әртүрлі себептерме  немесе кеселдер салдарынан ол аппарат уақыт өте келе әлсіреуі мүмкін. Мұндай жағдайларды ағзаның төмен түсуі немесе айналуы деп атайды. Бұл, әрине, емделуді қажет етеді, алайда, «жатыр бүгілуін» мұндай күрделі жағдаймен байланыстыра бермеген жөн.

Нақты бір әйелдің жатыр ретрофлексиясына ұшырау себебін мұндай  анатомиялық жағдайда анықтауға тырысу дұрыс емес. Алдымен  патологиялық ретрофлексияның  себептерін  қарастыру керек:

  1. Жабыспа ауруы – біріктіруші-тіндік  талшықтардың  қалыптасуы,  қабыну үдерісі жүрген  орында немесе  ота жасалған жерде мейлінше жиі кездесетін ауытқу. Әдетте, бұл қандай да бір патологиялық өзгерістерге  әкелмейді, ағза қызметіне кедергі болмайды, бірақ кейбір түйткілдердің  туындауына себеп болуы мүмкін.
  2. Бұлшық ет аппаратының семуі – байланыстырушы талшықтардың  әлсіреуі.  Бұл негізінен егде әйелдерде  және мезенхимальдық (біріктіруші тіндер) жетіспеушілігі бар сырқаттарда кездеседі.
  3. Байланыстырушы аппаратының жеткілікті дамымауына байланысты кейбір  жас қыздарда  патологиялық  ретрофлексия пайда болуы мүмкін.
  4. Жатыр орналасуының ауытқуына сондай-ақ кіші жамбаста орналасқан  басқа  органдардың  сырқаты,  олардың анотомиялық өзгерістері,  қалыпты қызмет жүйесінің  ақаулануы (қуық, тоқ ішек ісіктері т.с.с.) ықпал етеді.

Жатырдың патологиялық бүгілу белгілері

Жатыры бүгілген әйелдер ауырсыну белгілерін  сезінеді,  етеккірі келуінде ауытқушылықтар  болады (ауырсынады, қан көбейеді немесе азаяды т.б.).

Жыныстық қатынас кезінде ауырсынады (диспареуния). Жүкті болғанда  жайсыздықтар пайда болады,  кейде бала көтеру қиындайды.

Сирек болса да, жатыр миомасы  (қатерсіз ісік) ісінгенде басқа ағзалар   жаншылатын жағдайлар болады, зәр шығару  жиілейді немесе  іш қатады.

Жатырдың бүгілуі бала көтеруде қиындық туғыза ма?

Жатырдың бүгілуі жүкті болуға үлкен кедергі болады деген пікір – негізсіз. Бедеуліктің нақты себебі – іштегі жабыспа дерті.  Мұндайда  жатыр денесі мен мойнақ арасында үшкір бұрыш  пайда болуы  салдарынан  жатыр мойнағы арқылы ұрықтың жеткілікті мөлшерде өтуі анатомиялық жағынан мүмкін болмай  қалады.

Айқын жабыспа үдерісі ғана жатырды бүгіп,  бедеулікке себеп бола алады. Басқадай жағдайлардың бәрінде, әрине, бала көтеруге кедергі боларлық өзге себептер болмаса, ешқандай «бүгілу»  бедеулікке себеп бола алмайды.

Демек, түпкі себепті  жоймай, басқа әрекеттерді қолданудың еш пайдасы жоқ.

Мұндай дертті нақтамалаудың еш қиындығы жоқ. Әдетте оны  жоспарлы гинекологиялық бақылау кезінде, жыныс мүшесін тексеру  барысында анықтайды.  Диагноздың  дұрыстығын қынаптық  датчикпен  ультрадыбыстық  зерттеу  арқылы  тексеруге  болады.

Жоғарыда айтылғандай,  жатыр бүгілуін  емдеудің  нақты әдісі – оның негізгі себебін жою – ота жасау арқылы кіші жамбастағы жабыспаға ұшыраған  тіндерді  ажырату. Көп жағдайларда  лапароскопиялық ота жасау  (іш қуысына) жеткілікті. Алайда, жабыспа үдерісі  кейде,  өкінішке қарай,  тым күрделі  болуы мүмкін,  мұндайда  ағзаны тілу қажет.  Сонымен қатар, қабыну үдерісі байқалса, антибиотиктермен емдеу керек. Кейде физиотерапевтік емдеу тәсілдері  қолданылады (УВЧ, балшықпен емдеу).

Тағы да қайталаймыз: бұл жағдайда  тек жатыр бүгілуі ғана  емдеуді қажет етеді, өйткені барлық шағымдарға себеп болатын — осы ауытқушылық.

Анатомиялық «бүктелуді» емдеудің қажеті жоқ.

Қазихан Еспамбетов, дәрігер-гинеколог

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть