ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Жүктілікке кері әсер ететін факторлар

Дені сау баланың өмірге келуі анасы үшін де, оның отбасы үшін де үлкен бақыт. Бірақ тоғыз ай жүктілік кезінде әр түрлі зиянды әсерлерді бастан өткермеген әйел сирек. Бала көтеру кезіндегі әр түрлі жұқпалы созылмалы аурулар, тұмау мен суық тиіп ауыру, түрлі дәрі-дәрмек, шарап ішу мен шылым шегудің іштегі балаға кері әсерлері болашақ ана үшін үлкен уайым. Әсіресе бұл зиянды факторлардың жүктіліктің қай мерзімінде әсер еткеніне де байланысты.

Жүктіліктің алғашқы аптасында ұрықтанған аналық жұмыртқа жатыр түтікшесі арқылы жатырға қарай түсе бастайды. Бұл кезде ол тез бөлініп, жатыр ішінде жасушалар жиынтығы ретінде орналасады. Бірінші апталықтың аяғы мен екінші апталықта аналық жұмыртқа  ішкі қабатына сыртқы хорион деп аталатын қабықшасы арқылы жабысып орналасады. Осы екі апталықта ағзаның мүшелері мен тәндері дами қоймайды. Ұрықтанған аналық жұмыртқа осы аралықта өте сезімтал әрі қорғанышсыз болады, сондықтан оған әсер еткен зиянды факторлар осы даму сатысындағы жұмыртқаны не өлтіреді, не мүлдем әсер етпейді. Бұл мерзім әйелдің келесі етеккіріне екі апта қалғанда басталады, ол кезде әйел өзінің аяғы ауыр екенін сезбейді.

Жүктіліктің үшінші және он үшінші апталықтары арасында іштегі баланың барлық мүшелері дамып, жетіле бастайды. Бұл аралықты оргагонез мерзімі деп атайды. Осы уақытта әсер еткен зиянды факторлар әр түрлі ағзалардың ақауларына әкеп соқтыруы мүмкін. Қандай ақаудың пайда болуы сол ағзаның даму мерзімімен және зиянды факторлардың әсер еткен уақытымен тығыз байланысты. Ал 14-ші апталықтан бастап босану мерзіміне дейін осы ағзалардың дамып, одан әрі жетілуі жалғаса береді. Зиянды факторлар әсер еткенмен, бұл аралықта ағзалардың ақауы байқалмайды, бірақ олардың қызметіне қауіп төнеді.

Бүкіл зиянды факторларды келесі топтарға бөлуге болады:

  • Кәсібіне байланысты факторлар (ауыр металл тұздары, сынап, қорғасын, әр түрлі химиялық пестицидтер мен инсекцидтер, тұрмыста қолданылатын химиялық заттар), өте жоғары температура, вибрация;
  • Сыртқы қоршаған орта әсерлері (радиация, физиоемдеу тәсілдері, рентген сәулелері, шаң-тозаң, ауаның ластануы);
  • Жұқпалы аурулар (бактериялар мен вирустардың әсері);
  • Емдік дәрі-дәрмектер;
  • Спирттік ішімдіктер;
  • Никотин;
  • Нашақорлық;

Қазіргі заманғы жұмыстың көбінің компьютермен тығыз байланысты болуы болашақ аналарды толғандырады. Оның кері әсерлері әлі толық зерттелмеген.

Жүкті әйелдерде де түрлі жұқпалы аурулар: грипп, жедел респираторлық вирус аурулары, бұрыннан келе жатқан әртүрлі гениталдық жұқпалар (ұшық, хламидий, токсоплазмоз т.б.) жиі байқалады, сондықтан жүкті әйелдер бұл жұқпалардың іштегі сәбиіне кері әсерлерінің бар-жоқтығына мазаланады. Жедел жұқпалардың ішінде тек қана қызамық вирусының әсері жүкті әйел үшін өте қауіпті, өйткені оның салдарынан іштегі балада көпетеген ақайлар пайда болады. Егер жүкті әйел алғашқы үш айлықта онымен ауырса, дәрігер жүктілікті тоқтатуға кеңес береді. Басқа жұқпалы аурудың қоздырғыштары (грипп, ЖРВЖ, В гепатиті мен С гепатиті, хламидий, уреаплазма, микоплазма) әр түрлі ақайларға әкеп соқтырмағанмен, жүктілікке өзінің кері әсерін тизізуі мүмкін. Олар бала жолдасы арқылы өтіп, оның қабынуына жол ашады. Іштегі су қабатына өтсе, олар қабынып, балаға кері әсер етеді. Әсіресе ұшық пен цитомегаловирус жұқпаларына тоқталып өткен жөн. Егер жүкті әйел жүкті болғанға дейін ауырса, онда организмінде антидене пайда болады, ал олар болашақ сәбиді жұқпа жұғуынан қорғайды. Егер жүктілік кезінде ауырса, онда вирустың кері әсері байқалуы мүмкін. Бірақ бір айта кететін жайт, жұқпа белгілерінің көріністері ана организмінің қорғаныш күштерінің жағдайына, бала жолдасының жағдайларына т.б. көп жағдайларға байланысты. Басқаша айтқанда, организмде жұқпаның болуы әр кезде ауруға әкеп соқтырмайды. Бала жолдасы көптеген жұқпа жұқтырғыштарында кедергі рөлін атқарады, табиғат өзі одан да басқа кедергілер орнатып қойған. Өкінішке орай, шылым шегу, спирт ішімдіктері мен нашақорлықтың зияндылығына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Никотиннің іштегі балаға тигізетін әсері көп, ол балаға баратын ауа мен қоректі заттар көлемін азайтады. Шылым шеккен әйелдердің балалары әлжуаз, салмағы аз болып туады, әр түрлі ауруларға берілгіш болады. Ал алкоголь іштегі балаға тікелей әсер етеді, онда алкогольдік синдром пайда болып, іштегі дамуы тежеледі, бассүйегінің құрылысы бұзылады, жүрек-қан тамырлары қызметі нашарлайды, ақыл-есі де дұрыс дамымайды. Осындай кері әсерлер наша қолданған аналардың балаларында да байқалады.

Жүктіліктің алғашқы апталығында осындай зиянды факторлар іштегі ұрықтың дамуына кері әсер етіп, кейде түсік тастатуы мүмкін. Кейінгі апталықтарда бала жолдасында өзгерістер байқалады: плацента қабынуы, кистасы, оның мерзімінен ерте жетілуі, баланы қоршаған судың өзгерістері, плацентадағы қан айналымының нашарлауы, болмаса баланың әр түрлі мүшерелерінің ақаулары байқалуы мүмкін.

Зиянды факторлардың кері әсерін анықтау үшін 10-12, 20-24, 30 апталықтар арасында ультрадыбыстық тексеру қажет. Тағы бір диагностикалық тексеру – пренатальдық скрининг (қанды тексеру) – 16-18 апталық арасында жүргізіледі. Кейбір жағдайда хорионды биопсия жолымен тексеру, плацентоцентоз, кордоцентоз сияқты күрделі тексерулер қажет болуы мүмкін. Іштегі баланың жағдайын анықтауға допплереметрия мен кардиомониоринг тексерулері де көмектеседі.

К.Әлмырзаева,

Ф.Байжұманова,

дәрігер-гинекологтар

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть