ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Жүктіліктен кейінгі кезең

Жүктіліктен кейінгі кезең – бала жолдасы шыққаннан бастап жатыр толығымен жиырылғанша, акушерлік жарақаттар жазылғанша, жүктілік кезінде өзгеріске ұшыраған ағзалар мен жүйелер өзінің бастапқы қалпына келгенше – 6 аптаға созылады.

Нәресте дүниеге келген соң ол өз бетінше тыныс ала бастайды. Әдетте бұл 10-20 секундтан соң болады, өйткені алғаш тыныс алу үшін баланың жүрек-тамыр, тыныс жүйесінде белгілі бір қайта құрулар жүруі тиіс. Ал сәби туғанға дейін оттегіні анасының қанынан алады, шарана енді оны өз өкпелері арқылы алуы қажет. Өмірдің бірінші секундтарында жиналатын көмір қышқылы нәрестенің тыныс алу орталығын белсенді етеді, осыдан соң ол алғаш тыныс алады.     

Қазір акушерлер кіндікті кесуге асықпайды, жаңа туған шақалақты анасының ішіне жатқызады. Өйткені кіндік арқылы балаға оттегі бар қосымша қан келеді. Сәбиді ана ішіне жатқызу – әйел үшін де, бала үшін де жағымды психологиялық сәт.

Сондай-ақ нәрестеге бірден емшек берген дұрыс. Психологиялық әсерден өзге, ему кезінде әйелдің емшек ұшы ынталандырылады, ал бұл қосымша окситоциннің өндірілуіне және жатырдың  жиырылуына ықпал етеді. Тағы бір маңызды жайт – емшек ұшының айналасында бұл сәтте лактобактериялар көп болады, демек бірден емшек емген баланың ішектеріне осы қажетті бактериялар түседі деген сөз.

Босанған соң әйелдің организмі тағы да қайта құрыла бастайды. Және де бұл өзгерістер жүктілік кезіндегіден анағұрлым тез жүреді. Бала жолдасы шықан соң босанған әйелдің қанында прогестерон мен эстрогендер деңгейі төмендейді. Осымен бір мезгілде окситоцин мен пролактиннің (сүт өндіруге көмектесетін гормон) өндірілуі күшейеді. Сүт бездері үлкейеді. Онда алдымен ақ уыз, 2-3 күннен соң сүт пайда болады.          

Ақуыз – нәресте үшін өте маңызды өнім. Онда антиденелер мен лейкоциттер мол. Бұлар бактериялар мен вирустарға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін қажет. Ақ уыз құрамында көптеген дәрумендер (А, С, Е, В), өсу факторлары, сәби организміндегі зат алмасуды күшейтетін ақуызды заттар бар. Ақ уыз сондай-ақ шамалы іш айдағыш қасиетке ие, бұл нәрестенің алғашқы нәжісі – тоңғақтан (меконий) арылуға жәрдемдеседі.

Жас босанған әйелдің күтімі

Босанған соң әйелге бірден перзентхананың медициналық қызметкерлері кәсіби көмек көрсетуі қажет. Яғни, жиырылып жатқан жатырдың, сүт безінің жағдайын бақылау; егер жарақаттар болса (эпизиотомия, перинеотомия, кесарь тілігі), оларды өңдеу.

Перзентханадан шыққан соң әйелді ешкім бақыламайды, сондықтан оның өзі күтінуге мән беруі және бұған жақындары көмектесуі керек. Жеке бас тазалығы және күтім мәселелерін адамдардың мәдениет деңгейі және олардың әлеуметтік жағдайы шешеді.

Тазалық

Жыныс мүшелерінің тазалығы. Бұл кезеңде жыныс мүшелеріңізді күніне кем дегенде 2-3 рет жуасыз, кейде тіпті одан да жиі жуу қажет болар. Бұл жатырдан шығатын бөлінділердің мөлшеріне байланысты. Қалыпты босанудан кейін себезгіге екі-үш күннен соң түсуге болады. Ваннада құлап қалмау үшін абайлап жуыну керек. Бұл үшін сырғанақ еденге немесе ваннаға резеңке кілемше төсеген жөн.

Қарапайым сабын пайдалануға болады. Бактерияларды өлтіретін сабынды арнайы сатып алудың қажеті жоқ. Бактериялардың ішінде пайдалылары да бар. Әлігіні жуу үшін арнайы интимдік гель пайдаланған жақсы. Дәретханаға барған сайын дәрет алып жүріңіз. Егер аллергия белгілері (қызару, ашу, қышу) болса, кәдімгі балалар сабынына көшіңіз.

Дәретханаға барған сайын төсемді де ауыстырып отырыңыз (әр 4 сағатта). Гигиеналық төсемді ауыстырмас бұрын және ауыстырған соң қолыңызды мұқият жуыңыз. Төсем қынапқа тым жабыспасын, ауа кіріп тұратындай бостау болсын. Сол сәбепті бұрын перзентханаларда әйелдерге ішкиім киюге тыйым салынатын. Қазір ондай қатаңдық жоқ. Дегенмен төсекке жатқанда, бөлінді еркін шығу үшін ішкиімді шешіп тастасаңыз болады. Босанудан кейінгі кезеңде қынап ішіне енгізілетін тампондар пайдалануға болмайды.

Әйелдің жүктілік кезінде және босанған соң көп терлейтінін ескерсек, ішкиімді әдеттегіден жиірек ауыстыру керек.

Дене температурасын қадағалаңыз. Егер ол 37°С-тан жоғары болса, бірақ  ешқандай суық тию белгілері болмаса, тез арада акушер-гинекологқа қаралу керек. Бұл босанудан кейінгі қабыну үдерістерінің бар-жоғын анықтау үшін қажет. Тамыр соғысын есептеу де маңызды: жүрек жиырылуы минутына 88-96-дан артық болса, уыттану бар деген сөз. Бұл жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек!

Босанған соң сүт бездері ерекше күтімді қажет етеді. Емшек салбырап кетпеу үшін бала емізіп жүрген әйелдерге арналған арнайы төсқап сатып алыңыз. Оның мақта матадан тігілгені жөн. Маститке соқтыратын бактериялар жиналмау үшін, төсқапты жиі жуып, үтіктеп тұрыңыз. Қолдарыңызды әр емізу алдында, ал емшек ұштарын баланы емізіп болған соң жақсылап жуыңыз.

Тырнақты мүлде алып тастаңыз. Бұл жуыну кезінде өзіңізді де, баланы да жарақаттап алмау үшін қажет.

Ұзын шашты жинап, орамал тартып жүріңіз.    

Ә.Бағланова, гинеколог

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть