БАЛА - БАУЫР ЕТІҢ

Балалардағы ми ісіктері

Ересектермен салыстырғанда балаларда ми ісіктері 5-8 есе сирек кездеседі және жалпы сәбилер арасында ұшырасатын ісіктердің 16-20 пайызын құрайды. Балдырғандар жүйке жүйесі ісіктеріне шамамен 25 пайыз жағдайда үш жасқа дейін ұшыра йды. Қыздарға қарағанда ер балалар бұл дертке жиірек шалдығады.

Балаларда ісіктердің пайда болуына құрсақішілік дамудың бұзылуы ықпал етеді. Алайда канцерогенді әсері бар түрлі мутагенді факторлардың, вирустардың да әсерін жоққа шығара алмаймыз. Жарақаттар, қабыну сырқаттары, басқа да эндогенді және экзогенді зияндар ісіктің өсуіне жағдай жасайды.

Белгілері. Жаңа туған және кіші жастағы сәбилерде ми ісіктері үдемелі гидроцефалия, жоғары қозғыштық, құсу, дене салмағы артуының кешеуілдеуі, психомоторлық және ақыл-ой дамуының тежелуі, көру жүйкесі дискісінің ісінуі, көз көргіштігінің төмендеуі, ошақтық белгілер, қызбалар арқылы көрініс береді.

Ересек балаларда ми ісіктерінің клиникалық белгілері бастың ауыруы, құсу, бас айналу, психомоторлық және ақыл-ой дамуының тежелуі, жиі әлсіздік және ұйқышылдық, көру жүйкесі дискілерінің ісінуі, қызбалар және парездердің пайда болуымен сипатталады.

Бастапқы кезде ми ісіктерін өзге сырқаттардан ажыратып, дұрыс нақтамалау кей жағдайларда қиынға түседі.

Ми ісіктері кезінде сырқаттың жалпы белгілері мидың қысылуына, қан айналымының бұзылуына және бас сүйегі ішіндегі қысымның жоғарылауына байланысты дамиды. Бұндай белгілерге бастың ауыруы, лоқсу, бастың айналуы жатады. Аталған белгілер үнемі байқалады және әдеттегі емге төзімді келеді. Бастың ауыруы еңкейгенде, жөтелгенде, түшкіргенде үдей түсуі, сондай-ақ түнгі ұйқыны бұзып, таң атқанша басылмауы мүмкін. Бас сүйегі ішіндегі қысымның тұрақты түрде біртіндеп жоғарылай беруі комаға алып келуі ықтимал.

Ошақтық белгілері. Ошақтық белгілер ми ісігінің қай жерде орналасқандығына тікелей байланысты. Олар мидың белгілі бір құрылымдарының және аталған құрылымдардан шығатын, организмнің белгілі бір қызметтеріне жауап беретін жүйкелердің зақымдануына тікелей байланысты. Солардың кейбіреуін атап өтейік. Балалардағы ми ісіктері кезінде байқалатын қозғалыс бұзылыстарына сал (өздігінше жасалатын қимылдардың толығымен болмауы) және парездер (өздігінше жасалатын қимылдардың әлсіреуі) жатқызылады. Олардың шоғырлануы ми ісігінің орналасқан жеріне байланысты. Мысалы, мидың сол жақ бөлігінде орналасқан ісіктер – дененің оң жағында, ал оң жақ бөлікте орналасқан ісіктер дененің сол жағында бұзылыстар туындатады.

Балалардағы ми ісіктері кезінде сезім бұзылыстары температураны, ауырсынуды, т.б. сезудің жоғалуымен көрініс береді. Сондай-ақ науқас балада кеңістіктегі дене мүшелерінің қалпын анықтау қабілеті жойылады.

Ми ісігінің орналасқан жеріне қарай көру, сөйлеу немесе тепе-теңдік бұзылысы байқалуы мүмкін.

Көбіне балалардағы ми ісіктерінің көріністері — эпилепсия ұстамалары, ақыл-ойдың көмескіленуі, тұлғалық өзгерістер, ден қоюдың және сезімталдықтың бұзылуы, ұзақ мерзімді апатия, түрлі галлюцинациялар, жадының әлсіреуі.

Басқа аурулар секілді, баладағы ми ісігі мейлінше ерте анықталса, оның емі де соншалықты тиімді болмақ.

Б.Мусаинова,
бала дәрігері.

Тараз

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть