БАЛА - БАУЫР ЕТІҢ

Балалардағы қызылша

Қызылша  — ауа арқылы таралатын жедел жұқпалы ауру. Бұл ауру түрімен балалар жиі ауырады. Аурудың бастапқы кезеңін көптеген  адамдар тұмаумен шатастырады. Ол науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде ауа арқылы жұғады.

Қызылша тыныс жолдарының шырышты қабатының қабынуымен, улану белгілерімен, дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтелмен, мұрынның бітелуімен, жарыққа сезгіштіктің артуымен, түшкіру, дауыстың қарлығуымен, бастың ауруымен, қабақтың ісінуімен, көздің, тамақ пен жұтқыншақтың қызаруымен сипатталады.  Ауру бірте-бірте үдей  түседі. 2-3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында кішкентай ақ дақтар пайда болады. Одан кейін екі немесе үш күн өткен соң құлаққа, мойынға,  бетке және денеге, сондай-ақ қол мен аяққа  бөртпелер шығады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы жақсара түседі. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Ауру асқынған жағдайда орталық жүйке жүйесінің жұмысы өзгеріске ұшырап, жүйке жүйесінде қабыну үдерісі орын алады.

Емдеу шаралары кезінде бала төсекте жатуы керек, сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн. Егер ол қою тамақты жей алмаса,  сұйық сорпа  берген абзал.  Балаға емшек ему қиынға соқса, онда емшекті сауып, сүтті қасықпен ішкізу керек. Көздің бүлінуін болдырмау үшін мүмкіндігінше А дәруменін қабылдауы қажет. Қызу көтерілгенде және бала тынышсызданғанда парацетомол беру керек. Егер құлағы ауырса, антибиотиктер ішкізген жөн. Өкпесінің қабынғандығын, менингиттің немесе құлақ пен асқазанның қатты ауырғандығын білдіретін белгілер байқалса, дәрігер шақырыңыз. Іші өтсе, регидрационды су беріңіз.

Егілген балаларда бөртпелер аз шығып, ауру жеңіл түрінде өтеді және тез жазылады. Қызылшаға қарсы екпе жүргізілмеген адамдарда ауру ауыр өтеді, уақтылы емделмесе, асқынулар дамуы мүмкін.  Науқаста асқыну болмаса, онда арнайы ем жүргізудің қажеті жоқ. Дене қызуы қайта көтерілген науқаста отит, пневмония, ларинготрахеит, энцефалит, менингит сияқты асқынулар дамуы мүмкін.     

Қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстау ләзім. Әсіресе, иммунитеті төмен, әлсіз, туберкулезбен  ауыратын балаларды бұл сырқаттан сақтаған абзал. Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа  балалардың  келуіне болмайды. Отбасында қызылшамен ауырған адам бар үйдің балалары 10 күнге дейін мектепке, дүкен, т.б. қоғамдық орындарға баруына болмайды. Жас балалар ағзасының  қызылша ауруына қарсы тұрып, шетінемеуі үшін олардың жетіліп, ет алуы қажет. 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызылшаға қарсы егілуі керек.

Қызылшаның ауыр түрі мен асқынулары дамыған науқастарды, әсіресе ол кішкентай балаларда болса, міндетті түрде жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызу керек.   

Қарлығаш Шынходжаева

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть