БАЛА - БАУЫР ЕТІҢ

Балаңыз жеткілікті тамақтансын

 Салмақ жақсы қосып жүр ме?

Сүт жетіспесе немесе анасының шаршағанынан, иә болмаса күйгелектігінен сүт аз шықса, онда бала күнде ерте оянып, қарны ашып жылайтын болады. Ол сүтті соңғы тамшысына дейін сорып, тағы сүт іздейді немесе өзінің жұдырығын сора бастайды. Бұндайда баланың салмағын өлшеп қарасаңыз, оның салмақ қосуы бұрынғыдан аз екендігін байқайсыз. Кей балалардың жеткіліксіз тамақтануынан іші қатып жүрмей қалады. Баланың қарны әбден ашса, ол еміп болысымен бірден жылай бастайды.

Осындай белгілер болып жатса, дәрігермен кеңесіңіз, мүмкін сүттің мөлшерін көбейту керек болар. Егер бала сүттің соңғы тамшысына дейін сорып алса, онда балаға беретін сүттің мөлшерін көбейткен дұрыс. Дегенмен, абай болыңыз, балаңыз күнделікті ішіп жүрген сүттен артық іше алмаса, зорлап бермеңіз. Егер сіз емшекпен қоректендіретін болсаңыз, бала уақытынан бұрын ояна бастаса, сол күні оны қосымша тамақтандырыңыз. Егер сіз бұрын емізгенде бір ғана емшекті емізсеңіз, енді екі емшекті де сорғызуыңызға болады.

Бала қанша салмақ қосу керектігін өзі біледі. Егер оған қажетті мөлшерден артық сүт берілсе, келесі емізгенге дейін уақытысынан бұрын оянады да, жұдырығын сора бастайды. Салмақ қосу жайында сөз етсек, әр бала өзінше әртүрлі салмақ қосады, сол үшін орташа санды табу керек. Дәрігерлер орташа санды есептегенде қосылған салмақтың ең жоғарғы саны мен ең кіші санын бір-біріне қосып, оны бөледі. Кейбір балалар салмақты көп қосады, ал кейбіреуі аз қосады және оны қалыпты деп есептеуге болады. Бірақ салмақ қосу өте баяу болса, ол баланың сүтке жарымайтынын немесе  ауру екендігін көрсетеді. Балаңыз салмақты баяу қосса, дәрігерге дер кезінде көрсеткеніңіз жөн. Кей балалар салмақты баяу қоса тұрып, аштық сезімін білдіртпейді. Бірақ, сіз оған сүтті көп бере берсеңіз, ол берілген сүттің бәрін қуана-қуана ішетін болады да, тез арада салмақ қоса бастайды. Басқа сөзбен айтқанда, балаға сүт жетіспесе де, ол әр кезде жылай бермейді. Орташа есеппен алғанда балалар 3,5 кг салмақпен дүниеге келеді, ал 5 айлық кезінде салмағы 7 кг жетеді, яғни екі еселенеді. Ал денелі баланың 5 айлық кезінде салмағы екі еселенбеуі де мүмкін. Орташа бала айына 900 грамм салмақ қосады, алғашқы 3 айлығында аптасына 160-200 грамм салмақ қосады. Кейбір дені сау балалар салмақты аз қосады, ал кейбіреулері көп салмақ қосуы мүмкін. 6 айға жақындағанда айына орташа 500 грамм салмақ қосып, салмағы апталық 100-120 грамға төмендейді. 9-12 айлығында орташа қосатын салмағы айына 300 грамға төмендейді (аптасына 60-80 г). Ал бала 2 жасқа келгенде, көбінесе, айына 200-250 грамм салмақ қосып отырады. Бала өскен сайын салмақ қосуы баяу және тұрақты болады. Баланың алғашқы тістері шыға бастағанда, тамаққа тәбеті төмендеп, бірнеше апта ешқандай да салмақ қоспауы мүмкін. Дені сау болған кезде, тамаққа тәбеті қайтадан оралады, содан салмақ қосуы арта түседі.

Баланың салмағы 1-аптадан 2-і аптаға қарағанда өзгеруі ешқандай күмән тудырмайды. Баланың салмағын өлшеген сайын, салмағы асқазанның, ішектің, қуықтың толуына байланысты өзгеруі мүмкін. Егер балаңыздың дені сау болса, ойнап-күліп жүрсе 1-2 апта күтіңіз, мүмкін келесі аптада көбірек қосатын болар. Бірақ есіңізде болсын, бала өскен сайын салмақ қосуы баяулайды.

Әрине, көптеген аналардың үйінде таразысы (өлшеуіші) болмайды, сондықтан ол салмақ санаудан жаңылады. Егер баланың дені сау, көңілді  болса, салмағын жиі өлшеудің қажеті жоқ, айына бір рет өлшетсеңіз жеткілікті. Ал үйде таразыңыз болса, бала тым көп жылайтын болса және жиі құсатын болса немесе асқазаны ауыратын болса, салмағын жиі қадағалап тұрғаныңыз жөн. Бұл дәрігердің қойған диагнозын анықтауға көмектеседі.

Бенджамин Спок,

«Бала және оның күтімі» кітабынан

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть