БАЛА - БАУЫР ЕТІҢ

Жаңа туылған нәрестенің күтімі

Баланы қалай киіндіру керек?

Алғашқы екі айда нәрсетенің киімдеріне: жейделер, жөргектер, бас киімдер, шұлықтар жатады.

Күнделікті баланы жөргектеуге кем дегенде оншақты жаялық пен сонша памперс қажет. Жылы мезгілде жұқа жаялықтың оншақтысы, суық мезгілдерде де сонша жаялық дайындау керек. Памперстерді сәбидің салмағына сәйкес таңдайды.

  Тәулігіне бала жейдесінің (жұқа және қалыңын) үш-төрт түрін дайындау керек. Нәрестелерді 10-14 апталығына дейін жаялыққа қолын кеудесіне қойып, бостау құндақтау қажет. Қазіргі кезде баланы еркін құндақтаған дұрыс саналады.

    Балаға алдымен жұқа, сыртынан қалыңдау жейде, содан соң памперс кигізіліп, кеудесінен төмен еркін жөргектеледі.

    Жөргектеу тәсілі: қалың жұмсақ жаялықты бірінші жаяды, сосын жұқа клеенка, үстіне екінші жұқалау жаялықты үшбұрыштап жаяды, соңғысын памперстің орнына қолданады.

   Ұшбұрышты жаялықты баланың шабындағы бұрышын көтеріп кіндігіне дейін созып, қалған жамбас тұсындағы екі бұрышын алғашқы бұрыш үстіне  айқастырып, аздап созып, баланың екі қапталығындағы жамбас тұсына бекітеді. Содан кейін оны жұқа үлкен жаялықпен, сосын қалың жаялықпен орайды.

   Баланың қолдарын еркін қалдыру қажет, бірақ саусақтары тез тоңазитын болғандықтан, жейделерінің жеңдері ұзындау болғаны немесе жабық  түрін кигізген жөн.

   Ұйқыға жатқызғанда үстіне жеңілдеу көрпе жабу керек, қатты тығыздап жаппаған жөн. Бұл бала оянғанда еркін қимылдауы үшін қажет.

    Нәрестенің басын  күндіз ашық қалдыруға болады, бірақ үйдің, оның бөлмесінің температурасына да назар аудару керек. Егер +24 градустан төмен болса, жұқа бас киім кигізуге болады. Негізінен басы тез терлейтін, бас терісі қызарған, шашында қайызғақтары бар нәрестенің басына күндіз бас киім кигізбеген абзал.

   Екі айға толған балаларға колготкі, ползунки, мақтадан, жүннен тоқылған костюмдер кигізуге болады. Ол балаларға еркін қимылдауға мүмкіндік береді. Егер бала жатқан бөлме суықтау болса, аяғына аяқкиім, жұқалау етік кигізген абзал.

   Сегіз-тоғыз айлығында баланың отырып-тұруы еркін және жылы болу үшін өзіне ыңғайлы костюм, аяқтарына аяқкиім кигізу ләзім.

Бала төсегі

  Дүниеге келген күнінен бастап сәбидің жататын жеке бөлмесі немесе төсегі болуы қажет. Жас нәресте ешуақытта ата-анасымен бірге жатпауы тиіс.

Оны жеке кереуетке немесе екі айға дейін кәрзеңкеде ұстауға болады.

   Кереуетке тығыздау матрас салу шарт. Жұмсақ төсекте жатуға болмайды, өйткені бала қатты терлеуі немесе омыртқа жоталары дұрыс өспеуі мүмкін.

   Сәбидің басына жастық салуға болмайды, желке тұсына бірнеше рет бүктелген (диаметрі 7-8 см, қалыңдығы 1,5-2 см) жұмсақ жаялықтан жасалған төсеніш салынады. Бұл бала басының дұрыс (физиологиялық) жатуына, көкірек қуысының қалыпты тыныс алуына еркіндік береді әрі құсудан сақтайды. Басын оң және сол жағына еркін бұрып жатқызуға болады.

   Бала кереуетін, төсектерін күнделікті сүртіп, төсектерін жаңартып тұру қажет. Бала  жатқанда кереуетін жауып қоюға болмайды, өйткені оған ауа аз барады, баланың тыныс алуы нашарлайды. Тек жазда ғана бала таза ауада демалғанда жеңілдеу торша материалмен немесе дәкемен жауып қоюға болады (бұл баланы жәндіктерден қорғау үшін қажет).

Баланың кірін жуу

   Сәбидің жөргектерін, киімдерін таза ұстау керектігін әр ата-ана біледі. Қолданылған жаялықтарды жумай кептіруге болмайды. Бір рет кіші дәреті тиген жаялықты таза қайнаған суға салып қойып, сабынсыз жуып кептіруге болады. Ал екі-үш рет суланған жаялықтарды сабынмен жуып, кептіру керек. Лас жаялықтардан жағымсыз дәрет иісі шығып, сарғайып кетеді, олар бала терісін қызартып жіберуі мүмкін. Нәжіспен ластанған жаялықтарды бірден таза қайнаған суға салып немесе жеке жуып кептіру керек. Жуылған (қайнатылған) жөргектерді кепкеннен кейін үтіктеген жөн.

   Дұрыс тамақтанған балаға ұйқының да, ауаның да пайдалы екенін білген жөн. Балаға түнде ғана ұйықтаған жеткіліксіз, ол күндіз де демалуы керек. Жаңа туылған нәресте тәулігіне 20 сағаттай және  одан да көп ұйықтауы тиіс. Әрі қарай бала сыртқы әсерлерге көбірек көңіл бөліп, азырақ ұйықтай бастайды.

   2-3 айлық бала әр тамақ алдында 1,5-2 сағат, 3 айдан 10 айға дейін үш рет, 10-айдан бастап 1,5 жасқа дейін екі рет ұйықтайтын болады.

   Екі айдан бастап оны белгілі бір мезгілде ұйықтауға үйрету керек. Егер бала дұрыс тамақтанса, уақытында белгілі бір мезгілде таза ауада қыдыратын болса, жататын төсегі ыңғайлы, сергек кезінде ойыншықтарына көңілі бөлінетін болса, тамақтан кейін тез ұйықтай бастайды. Бала ұйықтайтын жерде шулауға, қонақтар қабылдауға болмайды, бөлме тым жарық болмауы да қажет. Негізінен баланы қараңғы бөлмеде, тыныш жерде ұстаған жөн.

  Бір апталық нәрестені белгілі бір уақытта тамақтануға, ұйықтатуға, таза ауаға шығуға тез үйретуге болады. Бірақ, негізінен сәбиді еркін тамақтандырған,  демалғысы келгенде ұйықтатқан дұрыс. Кейбір аналардың үй шаруасына байланысты балаға көңіл бөлуге, қарауға уақыты жетпей жатады, нәтижесінде ол ашуланшақ болып, кейін анасын тыңдамай кетуі мүмкін. Ата-ана үшін нәрестесінен маңызды ештеңе жоқ, бұны әр адам жете түсінуі керек. Басқа шаруаларды кейінге қалдыра тұрып, бала күтіміне, тәрбиесіне көбірек уақыт бөлсеңіз, еңбегіңізді қайтатындығына күмән жоқ. 

К.Ә.РАЙЫС,

жоғары санатты

неонатолог-дәрігер.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Закрыть