ДӘМ - ДӘРУ

Брокколи

Бұл қырыққабат ең пайдалы азық-түліктер тізімінде алғашқы орындардың біріне қойылады. Оның кейбір бірегей қасиеттері туралы біз тіпті хабарсызбыз.  

Көкөніс алғаш Ежелгі Римде жабайы қырыққабаттан өсірілген. Орта ғасырларда ол Францияда өте танымал әрі сүйікті тағамға айналды. Оны құс етінің, қызыл еттің және балықтың гарнирі ретінде ұсынатын. Кейін ол АҚШ-қа, Еуропа елдеріне тарады.

Біздің елімізде брокколиді тағамға көп тұтына бермейді, оның пайдалы қасиеттері туралы да аз білеміз.

Дәрумендер көзі

Брокколи – дәрумендер мен микроэлементтердің бірегей қоры. В, РР тобы дәрумендері және бета-керотин мол. Аскорбин қышқылы (С дәрумені) бұл көкөністе цитрустармен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бар болғаны 100 г брокколи осы элементке деген тәуліктік қажеттілікті өтей алады. Фолий қышқылының көптігі арқасында ол жүкті әйелдерге өте пайдалы. Онда сондай-ақ U дәрумені мол. Бұл зат асқазан ойық жарасын жазу қасиетіне ие. Сонымен қатар қырыққабаттың аталған түрінде минералды заттар көп. Калий, кальций, фосфор, натрий, темір мөлшері жөнінен брокколи түрлі-түсті қырыққабаттан озып кетеді. Және де оның 100 грамында бар болғаны 27 ккал бар.

Обырға қарсы

Зерттеулер брокколидің обырға қарсы белсенділігін дәлелдеп берді. Оның құрамында глюкорафанин деген зат бар. Ол мирозиназа ферментінің әсерімен канцерогендерді бейтараптындыратын қасиеті бар сульфорафанға айналады. Мысалы, сульфорафан қуықасты безі обырында және қатерсіз ісіктер кезінде ісік жасушаларына мақсатты түрде әсер етеді.

Ал Қытайда жүргізілген зерттеулер «сүт безі обыры» деген нақтама қойылған әйелдер алғашқы үш жыл бойы аптасына 3-5 рет брокколи жегенде, өлім-жітімнің 27 пайызға азайғандығын көрсетті. Тері обырының алдын алу үшін құрамында сульфорафаны бар жақпамайлар мен кремдер жағу ұсынылады. Ал обырдың алдын алу үшін күніне кем дегенде жарты кесе брокколи жеу керек.

Жүрек пен тамырларды қорғайды

Брокколиді 12 апта бойы жесеңіз (күніне 400 грамнан), «жаман» холестерин деңгейі орта есеппен 6 пайызға төмендейді. Бұл көрсеткіш онша жоғары емес секілді, алайда «жаман» холестеринді 1 пайызға ғана азайтудың өзі жүрек ишемиялық сырқатының қаупін 1-2 пайызға төмендетеді. Ал брокколидің құрамындағы әр түрлі дәрумендер тамырларды нығайтып, олардың қабырғаларын зиянды әсерлерден қорғайды.        

Зиянды заттарды сыртқа шығарады

Бүгінде бізді, әсіресе ірі қалалардың тұрғындарын, экология мәселесі алаңдатады. Ғалымдар брокколи өскіндерінен даярланған сусын организмнің уыттардан құтылуына көмектеседі дейді. Зерттеуге Қытайдың  өнеркәсібі көп провинциясының 291 тұрғыны қатысты.  Олардың орташа жас мөлшері – 53. Олар 12 апта бойы брокколи шырынын ішті. Нәтижесінде 12 аптадан кейін олардың қаны мен несебіндегі бензол мөлшері 61 пайызға, акролин 23 пайызға азайған.   

Сусамыр жағдайында көмектеседі

Брокколи гүлшоғырында К дәрумені мол. Ол D дәруменімен химиялық реакцияға түсе отырып, организмдегі зат алмасу үдерістерін реттейді. Бұл тек артық салмақтан арылуға ғана емес, сонымен қатар ұйқы безі мен қалқанша без жұмысын реттеуге көмектеседі. Брокколиді тұрақты түрде тұтыну қандағы глюкоза мен холестерин деңгейін қалыпқа келтіреді. Сондықтан ол сусамыры бар науқастар үшін пайдалы.

Сұлулыққа сеп

Құрмында антиоксиданттар мен дәрумендердің молдығы арқасында брокколи шашты, тырнақты нығайтады, әжімдердің алдын алады, демек  кәрілікпен күреседі. Сондй-ақ ол тәндегі артық сұйықтықты сыртқа шығаруға көмектесе отырып, ісінудің алдын алады.

Аутизм кезінде пайдалы

Сульфорафан аутизмі бар адамдардағы ауру белгілерін бәсеңдете алады. Сынаққа қатысушылар сульфорафанды 18 апта тұтынғанда олардың 42 пайызының сөйлеуі, 46 пайызының әлеуметтік қарым-қатынас жасауы жақсарды, 54 пайызында девиантты іс-әрекет жағдайларының жиілігі төмендеді.

Кеңестер:

  • Асқа сарғайған бөліктері жоқ қою жасыл түсті брокколилерді таңдаңыз.
  • Брокколиді ұзақ термиялық өңдеуден өткізбеңіз (яғни ұзақ қайнатпаңыз, пісірмеңіз). Әйтпесе ол пайдалы қасиеттерінен айырылады. Буға пісірген жақсы. Мүмкін болса, шикі күйінде жеңіз. Бес минуттан артық қайнатпаңыз.
  • Брокколи сығындысын шикі өсімдікке қосып тұтынсаңыз, оның обырға қарсы әсері күшейе түседі.
Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть