ДӘМ - ДӘРУ

Цитрус қабықтарының пайдасы

Цитрустардың қабығы – табиғи пектин көзі. Ол денсаулық үшін өте пайдалы. Одан тамаша тосап әзірлеуге болады.

Тосап, желе, мармелад, басқа да тәттілер дайындау үшін түрлі гельдер қолданылады. Оның ішінде ең белгілісі – сиыр желатині. Бұл адам үшін айтарлықтай пайдасы жоқ жануар өнімі. Одан гөрі белгісіздеу, бірақ анағұрлым пайдалысы – жемістерден, әсіресе цитрустардан алынатын пектин. Барлық табиғи қанттар, ең алдымен сахароза, пектинмен өзара қарым-қатынасқа түседі. Цитрус пектині өзге қоюлатқыштарға қарағанда едәуір пайдалы. Бұған қоса, оны өз бетіңізше дайындап, үйде ас әзірлеуде қолдануыңызға болады. Бүгінде бүкіл әлмде саламатты өмір сәнге айналды, сондықтан цитрустық пектин табиғи мармеладтар, джемдер, кетчуптер дайындауда жиі қолданылады. Соңғы жылдар ішінде пектиннің обырдың дамуына қарсы әсерін растайтын көптеген зерттеулер нәтижелері жарияланды. Сондай-ақ пектин организмнен ауыр металдарды шығарады. Лимон мен апельсин мәйегінен әзірленген пектин медицинада іш жүргізетін құрал ретінде, сондай-ақ хирургияда жараларды тез жазу үшін қолданылады. Кейбір ғалымдар пектиннің радиобелсенді заттарды жұту қабілеті туралы айтқан.

Апельсин – пектин чемпионы

Пектин – гель тәрізді полисахарид, яғни қанттың бір түрі. Ол негізінен өсімдіктердің жасушалық қабырғаларында болады. Алмамен салыстырғанда цитрустарда пектин екі есе көп. Алмадағы пектин жемістің өзінде болса, цитрустарда ол қабық астында көбірек. Апельсин қабығының 30 пайызы пектин. Демек, пектинді апельсиннен алу тиімді. Айтпақшы, дәл осы себептен апельсин тосабына ешқандай пектин немесе қандай да бір қоюландырғыш қосудың қажеті жоқ. Апельсин пектинін өзге тосаптарға, желе мен мармеладтарға қосуға болады.  

Цитрус пектинін дайындау   

Оны дайындау үшін желінген апельсин, лимон, мандарин қабықтарын тастамаңыз, жинаңыз. Бір апельсин, бір лимон, бір мандарин, бір тәрәнжі қабығын асүй комбайнымен ұнтақтаңыз. Аздап бал қосуға болады. Сәл су қосып, қайнатыңыз. Сосын пешке салып, кептіріп алыңыз. Содан соң тағы да асүй комбайны көмегімен ұнтақтаңыз. Пектин ұнтағы деген осы. Оны сумен араластырып, түрлі джемдерге, мармеладтарға, торттарды әсемдеуге, т.б. қолдануға болады. Алайда бұлай әзірленген табиғи пектин тез бұзылады. Сондықтан бұндай пектин қосып әзірленген тағамдарды тоңазытқышта сақтап, тез жеп қоюға тырысу керек. Сапалы пектин әзірлеу үшін сізге сапалы жемістер қажет. Бүгінде Түркиядан алынатын цитрустар сапалы әрі дәмді.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть