ДӘМ - ДӘРУ

Иммунитет көтеруге арналған рецептілер

Бұл рецептілерде тек табиғи өнімдер, дәлірек айтсақ, халық емінің құралдары қолданылған. Танысып, зерттеп, өзіңіз үшін ең қолайлысын таңдаңыз. Егер күмәніңіз болса, мамандармен кеңесіңіз.

300 г тазартылған грек жаңғағы, 300 г кептірілген өрік (курага), 300 г мейіз және 3 лимонды еттартқыштан өткізіп, 1 ас қасық бал қосыңыз. Осы қоспаны күніне 1 ас қасықтан (ересектер) және 1 шай қасықтан (балалар) қабылдаңыз. Таңертең ашқарынға немесе тамақтан бір сағат бұрын қабылдаған дұрыс. Түнде де жеуге болады. Тоңазытқышта сақтаңыз.

Мынадай да нұсқа бар: грек жаңғағы, мейіз, кептірілген өрік және 1 лимон (тазартылған) – осының бәрінен 1 кеседен алыңыз. Еттартқыштан өткізіп, 1 кесе бал қосыңыз, араластырыңыз. Қаласаңыз, інжір қосыңыз.

100 г тазартылған және ұнтақталған грек жаңғағы, 100 г тазартылған және үккіштен өткізілген алма, 2 лимон шырыны, 1 ас қасық бал алып, бәрін араластырыңыз. Қоспаны тамақтанар алдында күніне 2-3 рет бір ас қасықтан қабылдаңыз (балаларға – 1 шай қасықтан). Тоңазытқышта сақтаңыз.

Көктемде 3 апта бойы қызыл түсті көкөністер мен жемістерден әзірленген, жаңа сығылған шырындар қабылдаңыз: қызылша, шие, қара бүлдірген, құлпынай, жүзім, анар, мүкжидек. Бірінші аптада күніне 3 рет 1/2 шыныаяқтан, екінші аптада – 2 рет, үшінші аптада – 1 реттен қабылдау ұсынылады. Шырынды тамақтану арасындағы үзілістерде ішу керек. 10 күннен соң бұл курсты қайталауға болады.

1 кг қара шетен жемістерін 1,5 кг қантпен жақсылап араластырыңыз. Осы қоспаны 1 ас қасықтан 3 апта жеңіз: таңертең және кешке.

Тұнба жасауға да болады: 1 ас қасық жемістің үстіне 1 кесе қайнаған су құйып, 4-5 сағат бойы термоста тұндырасыз. Су құйылған соң термостың қақпағын 20 минуттан кейін жабыңыз.

0,5 кг мүкжидекті езіп, бір кесе ұнтақталған грек жаңғағын және аршылмаған, төртбұрыштап туралған 2-3 жасыл (қысқы сұрыптары жақсы) алма қосыңыз. Осыған 0,5 кесе су және 0,5 кг қант қосып, қайнағанша баяу отқа қойыңыз. Суыған соң банкілерге құйыңыз. Қоспаны 1 ас қасықтан таңертең және кешке шаймен бірге қабылдаңыз.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть