ДӘМ - ДӘРУ

Көзіңнен емес

Көзге қандай дәрумендер пайдалы?

Біз барлық ақпараттың 90%-ын көру қабілетінің арқасында аламыз. Көру өткірлігін арттыруға және көз ауруларының өршуін тоқтатуға бола ма? Әрине. Ол үшін күнделікті ас мәзіріне белгілі бір дәрумендері бар тағамдарды қосып отыру керек.

Ақшам соқырдың дәруі

А дәрумені  (ретинол)

Оның маңызы неде?

Бұл бағалы зат көз торқабатының көру пигментінің – родопсиннің құрамына кіреді. Соның арқасында біз заттарды қараңғыда немесе күңгіртте көре аламыз. А дәрумені жеткіліксіз болған жағдайда әлсіз жарықта көру өткірлігінің бәсеңдейтіні байқалады, кейде, ымырт кезінде көз мүлде көрмейді, бұл –ақшам соқыр.

         Сондай-ақ дәруменнің жеткіліксіздігі  конъюнктивиттің, суқараңғының (глаукома), ксерофтальмияның (көздің мөлдір қабығының қурауы) пайда болуына себеп. Ксерофтальмия өршісе, көз қабығы – мөлдір қабық қатайып, көзге ақ түседі, жас шығару бездерінің қызметі бұзылады.

Бұл дәруменді қайдан аламыз?

         Егер мұндай түйткіл орын алса, дәрігер құрамында А дәрумені бар арнайы көз тамшылары мен дәрі-дәрмектерді қолдануды ұсына алады. Аурудың алдын алу үшін дәрумендік кешендерді қабылдау қажет, сондай-ақ дәруменнің тағамдармен ағзаға бірге түсуін күшейту ләзім. Бұл дәруменге сиырдың, балықтың бауырлары, тауық жұмыртқасы, сары май, сүт, кілегей, қаймақ бай.

         Өсімдіктерден алынатын азық-түліктер құрамында дәрумен негіздері – каротин және каротиноидтар мол, олар ішек жолдарында А дәруменіне айналады. Қызыл, қызғылт және сары түсті жемістер мен көкөністерде, сондай-ақ көк өскіндерде осы дәрумен қоры мол. 

         Каротин әртүрлі майлармен қосылғанда ағзаға көбірек түседі. Ірі түйіршікті сәбізден небәрі 5% каротин алынады, ұсақ түйіршіктелген сәбізден 20%  каротин түседі, ал егер сәбіз салатына өсімдік майы мен кілегей қосылса, ағзаға «көру» дәрумені бұдан да көп мөлшерде сіңеді. Бір айта кететін жайт  – каротин ауамен қосылғанда тез бұзылады, сондықтан көкөністер мен жасыл өскіндерді дастарқанға қояр алдында ғана турау керек. Ұсақталған салатты кейінге сақтауға болмайды.

Көзге мың да бір ем В2 дәрумені (рибофлавин)

Оның маңызы неде?

Бұл дәрумен көру қабілетіне жақсы ықпал етеді: көз жанары өткірленіп, қараңғыда жақсырақ көреді және түстерді жақсы ажыратады. Рибофлавин жетіспеген жағдайда көз ашиды, тез шаршайды, көздің кілегей қабығы (конъюнктивит) және кірпік үсті (блефарит) қабынады.

         Рибофлавиннің жетіспеушілігі оның тағаммен бірге ағзаға жеткілікті мөлшерде түспеуінен ғана емес, сондай-ақ асқазан-ішек жолының кейбір ауруларға ұшырауынан да болуы мүмкін.

         Мысалы, созылмалы энтериттер (ішек қабынуы) мен энтероколиттер (басқа ішектермен бірге тоқішектің де қабынуы) кезінде бұл дәруменді ағзаның сіңіруі төмендейді.

В2 дәруменін қайдан алуға болады?

         В2 дәрумені сүттен жасалған барлық тағамдарда және ашытылған сүттен әзірленген ас түрлерінің құрамында мол.Тауық, сиыр еттері де мұндай дәруменге бай. Рибофлавин балық құрамында да бар. Дәруменді сондай-ақ бұршақтан, асжапырақтан (шпинат), түсті қырыққабаттан, көк жуадан, аскөктен, бауырдан, тауық жұмыртқасынан алуға болады.

         Рибофлавин ағзаға жиналмайды, сондықтан құрамында мұндай дәрумені бар тағамдарды күнделікті пайдаланған жөн. Ақуызды тағамдарды көбірек жеу керек, олар дәруменді қорыту үшін қажет. Рибофлавин жарық күн сәулесіне төзімсіз. Мысалы, үстел үстінде қалдырылған сүт әр сағат сайын құрамындағы дәруменнің 10 %-на жуығын жоғалтады.

         Сүт көжені және ботқаны пісіргенде жарманы алдымен суда қайнатып, сүтті содан кейін ғана қоссаңыз, тағам дәмдірек болады әрі рибофлавин толық дерлік сақталады.

Катарактаны жеңу

С дәрумені (аскорбин қышқылы)

Оның маңызы неде?

Аскорбин қышқылы қан тамырларын, соның ішінде көздің қылтамырларын (капиллярларын)  нығайтады. С дәрумені жеткіліксіз болса, көз конъюнктивасы (кілегей қабығы) астына, торқабығына қан құйылады, конъюнктивит дертінің дамуына қолайлы жағдай туады.

         С дәрумені сондай-ақ катарактаның өршуінің алдын алады. Бұл дерттің негізгі белгісі – көздің мөлдір қабығының ішінара немесе толық күңгірттенуі, көру қабілетінің төмендеуі, кейде көздің мүлде көрмей қалуы. Клиникалық зерттеулер көрсеткеніндей, аскорбин қышқылы мөлдір қабықтың күңгірттенуін бәсеңдетеді.

Аскорбин қышқылын қайдан аламыз?

Көзге қажетті бұл дәруменнің негізгі қайнар көзі – балғын және мерзімінде мұздатылған көкөністер, жемістер және жидектер. Олардың ішінде қырыққабат, құлпынай, аскөк, цитрусты жемістер, бидайдың көк өскіндері, кептірілген итмұрын т.б. бар.

         Оларды қосып жасайтын тағамдарды бумен пісірген жөн, сонда С дәрумені жақсы сақталады. Ал қайнатып пісіргенде аскорбин қышқылының 50-60 % жойылады. Дәрумен көп ыдырамас үшін аталған азық-түлікті қайнап тұрған, сәл тұз қосылған, қышқылданған суға салу қажет.

         Құрамында  органикалық қышқылдар бар тағамдарда (борщ, қышқыл қырыққабат көжесі, тұздалған көкөністер, кисель түрлері) С дәрумені бірталай мөлшерде сақталады. Тұздалған қырыққабатты жумаңыз – аскорбин қышқылының жартысы шайылып кетеді. Асты кейінге сақтамаңыз, қайтадан қыздырғанда С дәрумені толық ыдырайды.

Ұқсас мақалалар

Закрыть