ДӘМ - ДӘРУ

Шай

Шай – ежелгі табиғи өсімдіктердің бірі. Адам баласы өзінің ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінде оның тағамдық қасиетін ашып, қолтума ауыл шаруашылық дақылдарының біріне айналдырды. Қазір дүние жүзінде шайды сусын ретінде ішпейтін халық кемде-кем.

Шай туралы деректер біздің  жыл санауымыздан 2700 жыл бұрынғы  ежелгі қытай жазбаларында кездеседі. Шайдың атауы қытай тілінен алынған. Оның мағынасы – жапырақты сусын деген сөз. Демек, шайдың адам организміне пайдалылығы сол кезден бастап белгілі болған. Әуелі дәрі-дәрмек ретінде қолданылды. Себебі шайдың адамға қуат беріп, әлдендіретін, шаршағанда сергітетін жақсы қасиеттері де бар. Сондықтан ол тез арада басқа елдердің де күнделікті тағамы мен шипалы сусынына айналып кетті.

Сонда  біздің ішіп жүрген шайымыз қандай заттардан тұрады? Енді соған келейік.

Шайдың құрамында С дәрумені, 1-24 пайызға дейін қышқыл заттар, 2-4 пайызға дейін кофеин және  0,3 пайызға дейін эфир майы бар. Демек, осы қосынды заттар адам организміне шипалық әсер етеді.

Шай өзінің хош иісімен, ауыз үйіргіш дәмімен шөліңді қандырады. Қазақ халқы оны өте баптап, кілегей құйып, бал-шекермен ішкенді сондай жақсы көреді. Шай дәрігерлік іс-тәжірибеде бір нәрседен уланғанда, қан қысымын арттыру керек болғанда және жүйке жүйесін сергіту үшін қолданылады. Ол адамның қабілетін күшейтіп, күш-қуатын бойында сақтауға көмектеседі.

Қазақта кәдімгі шайды «тоқ адамның тоқтығын, аш адамның аштығын басу үшін шығарылған дәм» дейді. Күнделікті шай ішпейтін адам кемде-кем шығар. Шай ішкен адам жадырайды, ыстықта шөлі қанады, суықта бойы жылынады. Шай адамның еңсесін көтеріп, көңілін сергітіп жібереді.

Жаз шыға шай бұталарынан жинап алынған шайдың жасыл жапырақтарынан немесе шай фабрикасында түсетін шай тозаңдарынан табиғи таза кофеин шығарылатын болды. Бұл кофеин жүйке жүйесінің қызметіне жақсы әсер етеді, ми қабатындағы қозу және тежелу орталықтарынын қызметін тәртіпке келтіреді, дем алу мен жүрек жұмысын жақсартады.

Орыс медицинасы шай қалдықтарынан теальбин дәрісін жасап шығарған. Теальбин деген атау латынның «теа» — шай және «альбумин» — ақуыз деген екі сөзінің бірігуінен шыққан атау. Ол ішек-қарыны ауырған адамға дәрі ретінде беріледі.

Шай жапырақтарының тағы бір сырын Ресей Ғылым академиясының Өсімдіктер физиологиясы институтының қызметкерлері ашты. Олар шайдың жасыл жапырақтарынан катехин атты органикалық заттар бөліп тарататын, қантамырларды қуаттандыратын және оның өткізгіштік  қабілетін реттейтін Р витаминін көп мөлшерде алуға болатынын анықтады. Сөйтіп, шай жапырақтары дәрумен дайындап шығарудың «кені» болып отыр.

Кейінгі зерттеулер нәтижелері Р дәруменін тек шайдың жасыл  жапырақтарынан  ғана емес, кофеин өндірісінің қалдықтарынан да алуға болатынын дәлелдеген. Батуми кофеин зауытында витамин өндіру жұмысы қолға алынған.

Дәрігер-фармацевтер кофеин өндірісінің қалдықтарынан Е дәруменін шығару мақсатын да алға қойды.

Грузияда дәрі жасайтын шикізат өте көп. Кофеин, теальбин және дәрумендер және оны жасау ісі өркендеген.

Шай дақылын өсіру кеңес өкіметі орнағаннан кейін қолға шындап алынған. Грузия шайы тресі ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде шай дақылының жылдан-жылға өрісі кеңейіп, одақтың басқа да жерлеріне ауыса бастаған. Шай Әзірбайжан мен Краснодар өлкесінде де өсіріледі. Мұның өзі сол кездері кеңес халқының шайға деген қажеті толық өтеуге мүмкіндік берген. 

Халықтың талғамына қарай тақта шай және ұнтақ шай жасалады.  Ол үш сұрыпқа бөлінеді. Мұнымен қатар Орта Азия халықтарының көпшілігі көк шай ішеді. Көк шай да осы шай дақылының жай жапырағынан жасалады. Көк шай – ыстық өңірлерде таптырмайтын сусын.

Әйтсе де қандай шай болмасын оның  хош иісі мен адамға сүйкімді дәмін өзінде сақтап қалатындай етіп дұрыс әзірлеп іше білуің керек. Жақсы әзірленген дәмді шайдың 10-15 калориясы болады. Ал сүт немесе кілегей, немесе қаймақ құйып, бір шақпақ қант салып ішілген  шайдың сапасы 40-50 калорияға дейін көтеріледі.  Шайдың құнарлы, қою шығуы үшін ыстық сумен жуылған фарфор шәйнекке орталай қайнаған су құйып, оның үстіне шай салады да, от табына қояды. Соның өзінде шайды қайнатпайды, бір бұрқ еткізіп ала қою керек. Сонан соң шайды еселеген жөн. Осылай еткенде шай жақсы қызарып шығады. Оның хош иісі, сүйкімді дәмі кетпейді.

Ал осындай қасиеттеріне сүйенсек те, шайды мөлшерсіз көп ішу адамға үлкен зиянын тигізеді. Шайды аса ыстық ішу де денсаулыққа пайдалы емес. Шайды үзбей көп ішкеннен адам организмі уланады. Ол улану жүректің қызметіне кері әсер етеді. Шайды жиі және тым көп ішкен адамның организмі уланып, жүрегі қатты соғып, құлағы шуылдайды, ұмытшақтық пайда болады. Улану асқынған сайын шайқұмар адамның тіпті аяқ-қолы себепсіз дірілдейтін болады. Сондықтан оны бабымен, организмге зиян келтірмейтіндей етіп, тиімді мөлшермен ғана ішкен жөн. Ол сонда жанға шипа, бойға қуат береді.

С.Хасенұлы

Ұқсас мақалалар

Закрыть