ДӘМ - ДӘРУ

Созылмалы холециститті қымызбен емдеу

Холецистит – өт қабының жіті немесе созылмалы сырқаты, ол өттас ауруына тән. Холецистит өт қабына патогенді микрофлораның енуі және бірқатар өзге факторлар салдарынан дамиды.

Созылмалы холецистит, холангит және өт бөлу жолдарының дискинезиясы кезінде ақуызы мен көміртегі қалыпты, липотроптық заттары жоғары және  майлардың мөлшері шектелетін емдәм ұсынылады.

Емдәмге қымыз бен шұбат қосу күнделікті дәмді байыта түседі әрі орташа қарқынды өт айдау, қабынуға қарсы, спазмолитикалық әсер береді.

Т.Ш.Шарманов пен А.К.Жанғабылов қымыздың өт қабының моторлық қызметіне әсерін созылмалы холециститі және холангиті бар 52 науқаста зерттеді. 40 күн бойы қымызбен емделген соң 27 науқастың 21-де бромсульфалендік сынағы қалыпқа келді. Қымызды қолдана отырып холецистография 52 науқастың 45-не жасалды, олардың 30-да рентгенологиялық нақтама – өт қабының моторлық қызметінің әлсіреуі.

Өз бақылауларын негізге ала отырып авторлар қымыздың өт айдағыш әсері бар және басқа қасиеттерімен бірге холецистография кезінде және өт қабы мен өт жолдары сырқаттары кезінде емдік мақсатта қолданыла алады деген қорытындыға келді. Қымыз және шұбатпен жасалған емнің әсерімен өт бөлу жолдарының дискинезиясымен қатар созылмалы холециститі бар науқастарда жергілікті ауырсыну синдромдары бәсеңдеген, өт ағуы жақсарған, оның тұрып қалуы, өт шығару жолдарындағы, өт қабындағы қабыну азайған.

Өт шығару жолдарының сырқаттары (тас байланбаған созылмалы холецистит) бар науқастарды қымызды қоса отырып, кешенді емдеу кезінде өт секрециясы мен өт қабының моторлық қызметінің қалыпқа келгендігі байқалған.

З.С.Сейітов,

биология ғылымының докторы

Ұқсас мақалалар

Тағы оқыңыз

Закрыть
Закрыть