ДӘМ - ДӘРУ

Қымыз бен шұбат

Организмнің жағдайы метаболизмге — заттар алмасуына байланысты. Заттар алмасуы дегеніміз – организмге қоректік заттардың (ақуыздар, көмірсу липидтері, су, минералды тұздар, дәрумендер) түсуі, олардың қорытылуы, сіңуі, жасушалық қосылыстардың пайда болуы, қуат бөлу және заттар алмасуының қалдық өнімдерінің организмнен шығарылуы.  

Зат алмасуының дұрыс ағымы адам денсаулығының кепілі және өмірдің мәні. Оның бұзылуы түрлі сырқаттарға алып келеді. Зат алмасуын асқазанның, ішектің, ұйқы безінің ас қорыту сөлдері мен бауырдағы өт бөлетін ферменттер реттеп отырады. Қымыз бен шұбатта осы бездердің жұмысын ынталандыратын заттар болады. Зат алмасуы және жамсуша компонентерінің жаңару дәрежесі ферменттер мен сөлдердің түзілу және бөліну қарқындылығына байланысты. Тікелей тамақ алдында немесе тамақпен бірге аз мөлшерде (50-100 мл) ішілген қымыздың өзі ас қорыту сөлдерінің бөлінуін айтарлықтай күшейтеді. Бұл астың жеңіл қорытылуына, оның ыдырау өнімдерінің ішек арқылы сіңірілуіне жәрдемдеседі. Осының нәтижесінде жасушалар қажетті қоректік заттарды алады, қышқылдандыру-қалпына келтіру реакциялары мен қуат өндіру күшейе түседі.   

Саумал мен қымыз шипалы және тез сіңетін компоненттерге бай. Және де ең маңыздысы – олардағы азотты заттардың басым бөлігі — 50 пайыздан астамы ерігіш түрде (альбумин, пептидтер, аминқышқылдары). Суда ерімейтін казеин нәзік ұлпалар түрінде болады. Сондықтан ол сиыр сүті казеинінен гөрі жақсы қорытылады және сіңеді.

Адам организмінде май мен гликоген секілді ақуыздардың қоры болмайды. Сондықтан азоттық заттарды үнемі алып тұруы тиіс. Құрамында жеңіл сіңетін ақуыздар, пептидтер мен аминқышқылдар болғандықтан қымыз бен шұбат дімкәс адамның күш-қуатын тез қалпына келтіреді және сау адамның тәнін одан әрі сауықтыра түседі. Бұған биологиялық белсенді заттар – лактоферрин, иммуноглобулиндер, лизоцим, т.б. жәрдемдеседі.

Жоғарыда айтылғандай, қымыз бен шұбатта F дәрумені болып табылатын линолен және линол қышқылдары мол. Осылардан простагландиндер мен басқа да маңызды эйкозаноидтар түзіледі. Олар жасушалар деңгейінде барлық химиялық үдерістерді реттейді, тін жасушаларының жаңаруын жылдамдатады. Бұл өнімдерде В тобы, А, Е дәрумендері, әсіресе С дәрумені өте көп. Қымызда түзілген антибиотиктермен бірге олар жасушалардың қанықпаған липидтері қышқылдандырғыштарының әсерін тежейді, адамның иммундық жүйесі мен денсаулығын нығайтады.

Бие сүті майының иммунитет ынталандыратын қасиетін Валиева, т.б. зерттеген. Тәжірибе кезінде егеуқұйрықтарға бие сүтінің майы берілген. Құрамында эссенциалды май қышқылдары бар бие сүтінің майы егеуқұрықтардың иммундық жүйесін ынталандырған. Нәтижесінде организмге түскен ауру тудырғыш бактерияларға, вирустар мен канцерогенді заттарға тосқауыл қойылған және жойылған.

Қымыз ашыған кезде пайда болатын сүт қышқылы, спирт асқазан-ішек сөлін қоздырады, астың жақсы қорытылуына және ыдырау өнімдерінің сіңуіне көмектеседі. Биологиялық белсенді ақуыздардың, эйкозаноидтердің, С дәруменінің, микроэлементтер мен сүт қышқылды және спирт ашу өнімдерінің әсері жасушалардағы химиялық реакциялар ағымын шапшаңдатады, олардағы үдерістерді қалыпқа келтіреді. Бұл тіндердің жасушалық компоненттерінің жаңаруына және организмнің жасаруына алып келеді.     

Қазақтар мен қырғыздардың сан ғасырлық тәжірибесі көрсеткендей, қымыз бен шұбатты тұрақты түрде ішу адамды сауықтырады, баға жетпес профилактикалық жұмыс жүргізеді, жасушалар мен тоқ ішектегі зиянды, уытты заттарды сыртқа шығарады, күш-қуат, жастық сыйлайды.

Белгілі ғалым И.Мечников (1917 ж.) қартаюға тоқ ішектегі іріп-шіріген бактериялар түзетін уыттарымен организмнің улануы себеп болады деген болжам айтқан-тұғын. Ұзақ жасаушы болгар шаруаларының өмір салтын зерттей келе, ғалым олардың ашыған сүт — йогурт (айран, қатық) ішетінін анықтады. Мезгілінен бұрын қартюдың алдын алу үшін ол осы тағамды тұтынуды ұсынды. Айран микрофлорасын зерттегенде анықталған сүт қышқылды бактериялардың шіру өнімдерінің дамуын жаншитындығы анықталды. Сондықтан қатықты үнемі тұтыну нәтижесінде ішектегі шірінділердің көбеюі тежеліп, уытты заттар түзілмейтін болады. Аталған уытты заттар ішек қабырғалары тәнге сіңіп, қанға түседі, жүйке жүйесін, басқа да тіндер мен ағзаларды уландырады, осы арқылы адамның мезгілсіз қартаюына себепші болады.

Кейінгі зерттеулерде Мечников тапқан болгар таяқшасының адам ішегінде ұзақ өмір сүрмейтіндігі анықталды. Дәрігер И.О.Подгаевский (1903 ж.) емшектегі нәрестенің ішегінен ацидофилді таяқша тапты. Бұл таяқша ішекте тіршілік ете алады, шіру бактерияларына қатысты қасиеттері жоғары. Ол қышқыл сүт өнімдерін әзірлеуде кеңінен қолданылады. Жергілікті қымызда ацидофилді таяқша бар. Соның арқасында оның сауықтырушы әсері жоғары. 

Қымыз бен шұбаттың, басқа да сүт өнімдерінің адам организміне әсері туралы айтқанда, тағам өнімдері микробиологиясының соңғы жетістігі – бифидобактериялар туралы айтпай кету мүмкін емес.   

Бифидобактериялар – сүт қышқылды бактериялардың бір түрі. Олар сүтпен қоректену кезінде балалардың және ауыл шаруашылығындағы жас малдардың ішек микрофлорасының 85-90 пайызын құрайды. Бифидобактериялар шіріген және ауру тудырғыш микробтарды басып-жаншиды.

Соңғы уақытта әлемде тағам өнімдерінде жаңа бағыт – функционалды тамақтану белең алып келеді. Бұндай тағам өнімдеріне табиғи, адамға пайдалы, оны сауықтыратын, денсаулығын нығайтатын тағамдар жатады. Және оларға жатқызылатын негізгі ас – бифидобактериялары бар сүт өнімдері. Бифидобактериялардың тапшылығы ересектер мен балаларда ішек дисфункциясына, яғни оның қызметінің бұзылуына, минералдық, ақуыздық, липидтік зат алмасудың, ішектегі сіңу үдерістерінің бұзылуына, ас қорытудың созылмалы дерттеріне алып келеді. Бифидобактерияларда сондай-ақ түрлі пайдалы заттар да бар. 

Бүгінде бифидобактериялардың 20-дан астам түрі белгілі. Адам микрофлорасының негізін солардың бірнеше түрі құрайды және әрқайсысының қасиеті мен артықшылықтары әр түрлі болып келеді. Сондықтан сүтті ұйыту үшін олардың бірнешеуін алған жөн және мүмкіндігінше түрі-түрінің көп болғаны жақсы. Сонда бұндай өнімді тұтына отырып, бірнеше ауруға бірден әсер ете аласыз.

Бифидобактериялар мен ацидолфилді таяқшалар қолданып даярланған қышқыл сүт өнімдері — адам ішегі үшін қалыпты микроағазлар, олардың емдік және аурудың алдын алу қасиеттері жоғары.

Қымыз бен шұбат — табиғаттың өзі сыйлаған табиғи емдік-профилактикалық өнімдер. Бифидобактериялар қосып әзірлеу олардың емдік қасиеттерін, сөзсіз, еселей түспек. 

З.Загидуллин мен Н.Махмутзянова Башқұртстанның бірнеше ауданында қарт адамдардың және ұзақ жасаушылардың өмір салтын зерттеген болатын. Олардың еңбектерінде республиканың қымызбен емдеу жақсы дамыған аудандарында ұзақ жасаушылардың басым екендігі айтылады. Авторлар бұны тек еңбек, тұрмыс жағдайымен ғана емес, қымыздың шипалы қасиетімен де байланыстырады.             

З.Сейітов,

биология ғылымының докторы

Ұқсас мақалалар

Закрыть