ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Аллергия

Бүгінгі таңда ең көп тараған аурулардың бірі – аллергия. Сырқат кішкене бүлдіршіндерден бастап қарияларға дейін кездеседі. Аллергияның кең тарағаны соншалық, кейбір кісілер түшкіріп, мұрны бітіп, жөтеліп, көзі жасаурағанда, өздеріне аллергия деп диагноз қойып, дәріханадан қажет емес дәрілерді сатып алып, өз бетінше ем қолдана бастайды. Аллергияның белгілері қатты ұлғайғанда ғана, асқындырып алып дәрігерге көріну – өз-өзіңді қорлағанмен бірдей.

        Аллергия (көне грекшеден қазақшаға аударғанда басқаша өзгеріс, түсініксіз әрекет, организмнің аллергенге жауап беруі деген мағына береді) – организмнің қоршаған ортаның кейбір әсерлеріне әдеттегіден тыс сезімталдығы. Аллергия терминін алғаш 1906 жылы Австрия педиатрлары К.Пирке мен Б.Шик енгізген. Аллергия туралы деректер көне заманнан белгілі. Гален раушан гүлінен адам мұрнының бітіп қалатыны туралы жазған.

         Аллергияны туындататын заттарды «аллергендер» дейді. Аллергендер организмге сырттан түсетін (экзогендік) және организмнің өзінде өндірілетін (эндогендік) болып бөлінеді. Экзогендік аллергендерге өсімдіктердің тозаңдары, жануарлардың жүні, қылшығы, түбіті, қайызғағы, үйдің, көшенің шаңы, кір жууға пайдаланатын ұнтақтар, кейбір тағамдар, дәрі-дәрмектер, косметикалық иісмайлар, иіссулар т.б. жатады.

         Қашан көрсең де мұрнынан су ағып, көзі жасаурап, мазасы кететін адамдар болады. Бұлар – аллергиялық сырқаттардың алғашқы белгілері. Аллергия ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсерінен болады. Иммунитет төмендесе, сезімталдық артып, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаңның, өсімдіктердің, тағамдардың, дәрі-дәрмектердің, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі кездеседі.

         Жаз айларында өршитін себебі, осы мезгілде қаулап өсетін түрлі гүлдер және шөптермен байланысты. Медицинада аллергияның бұл түрі көктемнен күзге дейін ғана созылатын болғандықтан, «маусымдық поллиноз» деп аталады.

        Поллиноз (латын тілінен қазақ тіліне аударғанда өсімдік пен шөп тозаңынан болатын ауру деген сөз) – жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен пайда болатын аллергиялық ауру. Ауру маусымдық екенін ескерген жөн, әсіресе, желмен тозаңданатын өсімдіктер гүлдеп, ауада тозаң көбейіп, ағзаның сезімталдығы көтерілетін кезде байқалады. Поллиноз бір немесе бірнеше аллергендерде дамуы мүмкін. Аллергендер мұрынның шырышты қабығы, ас қорыту жолдары арқылы ағзаға түсіп, онда арнайы аллергиялық антиденелердің (негізінен иммундық глобулин Е, G) өндірілуіне әкеледі.

           Аллергияға тап болған науқастың көзі, мұрны және денесі дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады, бөртіп кетеді. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болып, терісі бөртеді, ісінеді, тамағын қысып, тыныс алуы нашарлайды. Мұны айналамыздағы аллергиялық аурудың зардабын шегіп жүрген адамдардан көріп жүрсіздер. Кей кездері науқастың тыныс алуы нашарлағаны соншалық, демалысы тарылады, өкпесі қысылады немесе денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, дем ала алмай, тіпті аллергияның кесірінен естен танып қалуы да мүмкін.

       Осыдан не бары елу-алпыс жылдар бұрын аллергия сирек кездессе, қазіргі кезде аллергия – өте жиі кездесетін аурулардың бірі. Орташа есеппен әрбір үшінші адам аллергиядан зардап шегеді.

         Аллергияның пайда болуына екі фактор әсер етеді. Біріншісі, егер ата-анасының бірі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырған болса, баланың сол аллергияға бейімділігі жоғары. Егер баланың әкесі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырса, баланың аллергиялық ауруға шалдығу ықтималдылығы 80 пайыз, ал анасы ауырған болса, баланың ауруға бейімділігі 50 пайыз.

         Екінші фактор – жүре пайда болатын аллергия. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері жиі кездеседі. Бұл – маусымдық поллиноз, аллергиялық коньюктивтің кең тараған түрі.

        Аллергия жас талғамайды деп айттық. Қозатын аллергиялық реакцияның күші де әртүрлі болады. Оған аллергендердің көлемі және түрі байланысты емес. Ең жиі аллергиялық реакция тері мен кілегей қабықтарда кездеседі. Ал соңғы жылдардағы тағы бір жаңалық – аллергияның іш құрылыста да болуы, яғни эндотоксиндік аллергия.

       Дүкен сөрелерінде самсап тұрған көптеген тағамдар да аллергияны қоздыруы мүмкін. Аллергиялық серпіліс күнделікті тағамды пайдаланып болғаннан кейін қан құрамында өзгерістер арқылы пайда болады. Тағамдық аллергияның белгілері асқазан ішек қызметінің бұзылуына әкеліп соғады. Дене қызуының көтерілуі мүмкін. Тағамдық аллергияның бірнеше түрі бар: Квинке ісігі, аллергиялық бронхит, экзема, терінің қышынуы, есекжем түріндегі аллергия т.б.

Симптомдардың пайда болуы әр түрлі болады, бірақ себептері бір ғана – не ішіп, не жесеңіз де аллергиялық құбылыс ағзаңызда сақталады. Кейбір аллергия түрлері дененің тері қабатындағы бөртпелермен сипатталса, кейбір кезде қолданған тағамдардың құрамындағы ингредиенттердің құрамына байланысты ауыр түріне де шалдығып жатады.

        Жәндіктердің, шыбын-шіркейлердің шаққандағы уына да аллергия  болады.  Сондай кезде өзіңізден ерекше белгілерді аңғарсаңыз, мысалы, бетіңіз қызарып, теріңіз құрғап кетсе, әлде мұрныңыздан су ағып, көзіңіз жасаураса, дереу дәрігерге көрінгеніңіз жөн.

        Аллергия түрліше көрініс береді. Мәселен, бірде тері қышып, аздап бөртіп ғана білінсе, кейде дене тастай болып ісініп, дуылдап қышиды, бол­ма­са, мұрыннан су ағып, көз жа­сау­рап, қызарады. Немесе ты­­ныс ауырлап, демікпе басталады. Қолқа демікпесі – аллер­гия­ның ең қауіпті түрі. Оны дер кезінде емдемесе, ауыр асқынған түріне ауысып кетеді. Демікпеге жас­өспірім кезінде көбінесе ұл­дар, ал ересектер арасында әйел адамдар жиі ұшы­рай­­ды. Демік­пе бұрын тек 5 жастан кейін, ал маусымдық поллиноз 7 жастан кейін кездессе, соңғы жылдары ол бір жасқа дейінгі балаларда да ұшы­ра­сып жүр. Аллергияға көбінесе сезімтал адамдар душар болады. Егер адамның отбасында, тегінде аллергияға шалдыққандар бол­са, сонымен қатар өзі де аллергияға шалдықса, 70 па­йыз жағдайда демікпеге ұласып кетуі мүмкін. Демікпе жұқпалы емес, бірақ тұқым қуалайды. Анадан балаға қан арқылы беріледі.

        Аллергия ауруын қоздырушылар ішінде бірінші қатарда ұсақ, көзге көрінбейтін кенелер тұрады. Олар ағзасының ішінде міндетті түрде әр түрлі микроорганизмдерді, яғни бактерияларды, вирустарды, саңыруқұлақтарды ала жүреді. Кеселмен уақтылы күреспеу бірте-бірте індеттің асқынуына әкеліп соғады. Ұсақ кенелер қайдан шығып жатыр деген сұрақ туады. Бүкіл дүние жүзі ғалымдарының зерттеуі бойынша, ұсақ кенелер бұрынғы заманнан бастап бізбен бірге, үйімізде, шаң-тозаң жиналған жерлерде өмір сүреді екен. Тазалық сақтамағандықтан, ке­­не­лер жақын аймағымыздан біз­дің киімімізге, денемізге ене­ді. Уақыт өте келе олар адам­дардың ішкі құрылысында да өмір сүруді үйренген. Аллергияға шығармашылық ма­мандықтағы адамдар көп шалдығады. Сезімталдығы өте жоғары, эмоция­­ға бейім болғандықтан, бұндай кісілер аллергияға қар­сы тұра алмайды.

Аллергияның алдын алу және емі:

        Аллергия емінің біріншісі және ең дұрыс шарасы –  аллергия шақыратын аллергеннен аулақ болу, яғни өзіңе жақпайтын аллергендерді анықтап, содан сақ болу. Екіншісі – аллерголог дәрігермен кеңесіп, дәрі-дәрмектермен емделу. Үшіншісі – аллергенспецификалық иммунотерапия қабылдау.

        Поллиноз бір күнде емделмейді. Одан құтылу үшін шыдамдылық әрі әжептәуір қаржы керек. Өйткені дәріханаларда сатылатын аллергияға қарсы дәрі-дәрмектер өте қымбат. Сондай-ақ бірнеше аллергенге сынақ жасау да біраз ақшаны қажет етеді. Бір ғана аллергенді анықтау мың теңге, жиырма аллергенді анықтау он бес мың теңге.

Өкінішке орай, бүгінде бұл ауру, әсіресе, балалар арасында белең алуда. Ата-аналардың арасында дәрігердің көмегіне жүгінбей, баласын үйде өз бетінше емдеп, аллергияның не екенін де білмегендіктен, асқындырып алатындар да кездесіп жатады.

         Науқас өсімдік гүлдеген кезде тыныс жолдарына (дәке маска тағу) және көзіне (қорғаныш көзілдірік кию) тозаң түсірмеуге тырысуы керек. Қыс айларында ауруды қоздыратын арнайы аллергенді анықтау қажет. Сол аллергеннің өте аз мөлшерін ағзаға енгізу арқылы адамның аллергенге көтерілген сезімталдығын азайтады.

        Ауырған адам әлсіреп, оған дәрумендер де жетіспеуі мүмкін. Сол себепті күніне бір грамм С дәруменін қабылдау, тағам құрамында ақуыз, май, көміртегі жеткілікті болуы шарт. Бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұрған дұрыс, үйдің ішін және сыртын жылына кем дегенде екі рет әктеп, тазартып тұру керек. Науқас жататын бөлмеде кілем, палас, жұмсақ ойыншықтар мен ортақ заттардың болмағаны жөн. Синтетика мен тоқыма киім аллергиялық реакция береді. Аллергияның ал­дын алу үшін дұрыс та­мақ­та­нып, жүз пайыз таза мақтадн тігілген киі­м кию керек. Әр адамның денесінен бөлінетін сөлі болады. Сондықтан бөгде біреудің киі­­мін кимеуге тырысыңыз. Олар­д­ың өзі әр түрлі аллергиялық ау­руды қоздыруы мүмкін. Аллергиясы бар адамдардың суға жиі шайынғаны өте пайдалы.

        Аллергияның алдын алу үшін гүлдену күнтізбесі бойын­ша, өсімдігіңіздің гүлденетін ке­зе­ңінде қасына жоламау керек. Далада таңғы сағат 6.00-ден 10.00-ге дейін жүрмеуге тыры­сыңыз, себебі сол уақыт­та өсім­діктер тозаңды көп бөледі. Шаңсорғышпен жұмыс істегенде ылғал дәкеден жасалған маска тағыңыз. Жұмысыңызды бітіргесін сол бөлмеден тозаң арылғанша шыға тұрыңыз. Құрғақ, ашық, желді күні далада жүрмеуге тырысыңыз. Тозаң киім мен шашта жи­налатындықтан, киімді ауыс­тырып отырған дұрыс. Бөлмеңіз құрғақ әрі күн түсетін болуы керек және жиі желдетіп тұрыңыз.

        Аллерголог дәрігерлер аллергенді жойып, аялаушы емдәм тағайындайды. Десенсибилизациялайтын ем жүргізеді. Ем қонбайтын ауыр жағдайларда күшті дәрі-дәрмектермен емдейді.  Ескерту: жеңіл түрі болса да дәрі-дәрмектерді дәрігермен кеңесіп барып ішу қажет.

        Аллергиядан зардап шегіп жүрген адамдар күнделікті тұтынатын тағамдардың тізімін жазып, өздеріне не жақпайтынын да аңғаруларына болады.

Аллергия туғызатын тағам өнімдері:

  • Сүт. Бүкіл жер шары халқының бір жарым пайызының сүтке аллергиясы бар;
  • Емшек сүті – кейбір жаңа туған нәрестелерге әсер етеді;
  • Тауық жұмыртқасы да күшті аллерген. Тауық эмбриондары өскіндерінен жасалатын кейбір вакциналар да аллерген болуы мүмкін.
  • Балық өнімдеріне деген аллергия көбіне бүкіл теңіз өнімдерінің жақпауына соқтырады.
  • Жемістер мен көкөністерден алма, алмұрт, шие, шабдалы, сары өрік, грек жаңғағы, жержаңғақ, каштан және миндаль алдыңғы қатарда.

Аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен ара балы өнімдерін, кофе, сүрленген, қақталған, майлы тағамдарды, дүкендегі сүт тағамдарын, көкөністер мен цитрусты жемістерді, жаңғақтарды, балық  өнімдерін тұтынуға болмайды. Сонымен қатар шоколад, кофе, какао, қант және теңіз өнімдерінен де сырқаты қозып кететін адамдар болатынын ескерген жөн.

         Ең дұрысы табиғи ұлттық тағамдармен тамақтанған өте пайдалы.  Қолданысқа жататын тағамдар: майсыз, суға піскен сиыр еті, суға піскен картоп, айран, ірімшік, қияр, қарбыз, шекер, ақ нан, сары май, сұйық өсімдік майлары т.б.  

        Маусымдық поллиноз ауруына шалдыққандар көбінесе ауруды бір басып, сол қысқа мерзімге ғана ем іздейді. Оларға дәрігерлер симтоматикалық, яғни  уақытша көмек көрсетеді. Ал негізінен аллергияны қыста емдеген жөн. Аурудың әртүрлі белгілері болады. Адамдардың көбі бұл аурудың қайдан шыққанын түсінбей, вирустық инфекция, тері аурулары деп қателеседі. Дәрігерге қаралмай, дұрыс анықтамай, уақыт созып жүріп алса, науқастың аллергиясы демікпеге айналып кетуі мүмкін. Кез келген ауруды емдеу үшін дәрігердің кеңесі қажет. Аллергиядан толық құтылу үшін кемінде 3 жылдай уақыт кетеді.

        Ем шараларының барлығы да медициналық мекемеде және мүмкін болса аллерголог дәрігердің бақылауымен өтуі тиіс. Олай болмаған жағдайда,  бетінше дәріханалардан дәрі алып, ем қабылдау нәтижесінде уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормондық дәрілер әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп, ем қонбай қалуы да мүмкін.

        Қолқа демікпесі Қа­зақ­стан Республикасында әлеуметтік ма­­ңыз­­ды аурулардың қата­ры­на жат­­қы­­зыл­­ған. Яғни үкі­мет ше­­ші­мі­мен де­мік­пе­ге шал­­дық­­қан­­­дар­­ға те­гін ме­­ди­ци­­на­­лық көмек көр­се­тіліп, дәрі-дәр­мектер тегін беріледі.

        Әрине аллергияның алдын алу, уақытында ем алу әр адамның өзіне байланысты. Ең бастысы аурудың алдын алу, одан сақтану және толық ем алу, емдәм сақтау, оңалту шаралары жөнінде өзіңіздің жалпы тәжірибелі дәрігеріңізден толық кеңес алған дұрыс.

 Н. Есенғазы,

 жалпы тәжірибелі дәрігер

Ақтөбе облысы

Ұқсас мақалалар

Тағы оқыңыз

Закрыть
Закрыть