ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Амнезия

Амнезия дегеніміз – жуырда болған немесе бұрынғы оқиғаларды жалпы немесе ішінара еске түсіру қабілетінің жойылуы.

Амнезияның толық (жадыны толық жоғалту) және ішінара (сырқат адамның кейбір оқиғаларды еске түсіре алмауы) түрлері болады. Сонымен бірге амнезияның уақытша түрі де кездеседі, мұндай кезде ауру уақыт өте келе тіпті ертеректе болған жайларды біртіндеп еске түсіре алатын болады.

Дерттің тұрақты түрі де кездеседі.

Амнезия дербес дерт ретінде қалыптасады, кейде басқа дертпен астаса өршиді, ал кейбір жағдайларда психикалық аурулармен (мысалы, шизофрения) бірге дамиды.

Өтпелі тұтас амнезия жағдайында науқастанған адамның жады кенеттен тұманданып, толық өшеді, уақыт және кеңістік өлшемдерін сезінбейтін болады, маңайындағыларды тану қабілетінен айырылады. Көптеген адамдарда мұндай ұстама кейінгі өмірінде ешқашан қайталанбайды, бірақ сирек те болса, ұстаманың қайталану жағдайлары кездеседі. Ұстама 30  минуттан 12 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Амнезия көбінесе адам зердесіндегі бағыт-бағдардың жоғалуына, соңғы жылдарда болған оқиғаларды толық ұмытуға әкеліп соғады. Ұстамадан кейін адам жады тез қалпына келіп, санасы сауығады, дерт толықжазылады.

Маскүнемдер мен дұрыс тамақтанбайтындар арасында “Вернике – Корсаков синдромы”деп аталатын амнезияның ерекше түрі кездеседі. Оған тән белгілер: сана тез шатасып (Верникенің жедел энцефалопатиясы), амнезия ұзақ мерзімге сақталады. Бұл екі белгіде тиаминнің (В1 дәрумені) жетіспеушілігі себепті ми қызметінің бұзылуы салдарынан пайда болады. Тағамда тиамин жетіспейтін жағдайда алкогольді шамадан тыс ішу осы дәруменнің  мида азаюына себеп болады.

Верникенің жедел энцефалопатиясы кезінде адамның жүрісі өзгеріп, көру қабілеті бұзылады (мысалы, көз бұлшық еттері салданып, көзге қос көрінеді немесе көз қарашықтары дірілдейді (нистагм), сана буалдырланып, ұйқы басады, жады жоғалады.

Амнезияның пайда болу себептері органикалық ( жарақаттану, ісіктер, инсульт, улану) және психологиялық (психологиялық соққы туралы жағдайлардың есте қалмауы) болып екіге бөлінеді.

Мидың зақымдануы әдетте ретроградты амнезияның (зақымдану алдында болған оқиғаларды еске түсіре алмау)пайда болуына себеп болады, мидың ауыруы антеретроградты амнезияға (ауру басталғаннан кейінгі оқиғаларды жадында ұстау қабілетінің жойылуына) әкеліп соғады. Жарақат салдарынан болған амнезия бірнеше минутқа немесе бірнеше сағатқа жалғасады, бұл зақымданудың ауыр-жеңілдігіне байланысты, кейде амнезия емделусіз-ақ жазылып кетеді, алайда ми ауыр жарақаттанған  жағдайларда жадтың мүлде оралмауы да мүмкін. Мидың ақпарат алуына және оны еске түсіруіне мүмкіндік беретін аймақтары негізінен желке, төбе және самай тұстарында орналасқан. Сондай-ақ есте сақтау қабілетіне лимбиялық жүйенің қатысы бар. Есте тұту қабілеті көптеген ми қызметтерінің өзара байланысын қажет ететіндіктен, ми зақымдануының кез-келген түрі жадтың жоғалуына себеп болуы мүмкін.

Өтпелі тұтас амнезияға атеросклероз нәтижесінде мидың ұсақ қылтамырларының ауық-ауық бітеліп қалуынан пайда болатын гипоксия (тіндерде оттегінің азаюы) да себеп болуы мүмкін. Жас адамдарда өтпелі тұтас амнезияның пайда болуы бас сақинасының ұстамасы салдарына да қатысты(сақина ұстамасы кезінде миға қан таралуы уақытша азаяды, сөйтіп, гипоксия дамиды). Алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс ішу немесе транквилизаторларды, мәселен, барбитураттар мен бензодиазепиндерді көп мөлшерде қолдану қысқа мерзімдік ұстамаларға жетелейді.

Сондай-ақ балалық амнезия деп аталатын осы тектес дерт бар. Бұл науқасқа шалдыққандар бала кезіндегі сәттерді есіне түсіре алмайды. Мұның себебі – мидың осы қызметке қатысты құрылымдарының дұрыс дамымағандығы.

Нақтамалау дертті және оныңклиникалық көрсеткіштерін   амнездеу негізінде жүзеге асырылады. Жад қызметтерін айқындау мақсатында арнаулы тестілеу амалдарының да жүргізілуі мүмкін.

Амнезия себептерін анықтауға және дифференциалдық нақтамалауға  электро-энцефалография, магниттік-резенанстық томография, компьютерлік томография, қан сараптау, биохимиялық және токсикологиялық сараптамалар көмектеседі. Сондай-ақ науқас адамды невролог, психиатр және нарколог қарайды, кейде нейрохирургтың және жұқпалы аурулар дәрігерінің ақыл-кеңестері қажет болады.

Жараққаттанған,ісік пайда болған, уланған жағдайларда негізгі ауру терапиясы жүргізіледі.

Вернике энцефалопатиясын емдеу барысында әдетте көктамыр ішіне тиамин енгізіледі, бұл мидың бұзылған қызметтерін қалпына келтіреді. Емдеу шаралары қолданылмаса, Вернике энцефалопатиясынан адам өліп кетуі мүмкін. Сондықтан да алкоголизммен дерттенген адамның бойынан әдеттегіден тыс неврологиялық белгілер немесе сана тұмандануы байқалса, тиаминмен емдеуді жедел түрде бастау қажет. Корсаков амнезиясы (корсаковтық амнестиялық психоз) Вернике жедел энцефалопатиясымен бірге өрбиді, алайда оның бастың ауыр зақымдануы, жүректің тоқтап қалуы немесе жедел энцефалит салдарынан да пайда болуы мүмкін.

Психологиялық себептер нәтижесінде пайда болған амнезияны емдегенде психотерапия, гипноз және пентотал немесе натрий амиталы сияқты дәрі-дәрмек қолданылады.

Жалғас Жүзбаев,
көпсалалы дәрігер.

Ақтау қаласы.


Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть