ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Ангидроз

Ангидроз – тердің бөлінуі күрт төмендейтін немесе толығымен тоқтайтын тер бөліну патологиясы. Жергілікті бұзылыстар терінің құрғауына және жарылуына, дерматиттің дамуына алып келеді; жалпы бұзылыстар термореттеудің бұзылуымен, дене жүктемелеріне төзімділіктің төмендеуімен, айқын уыттанумен сипатталады. Жіті жалпы ангидроз кезінде организмнің өмірлік маңызы бар қызметтерінің бұзылу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, емделуші үнемі дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс. Ангидроз нақтамасы арнайы тестілер негізінде қойылады. Тер бөлінудің емі симптомдық. Мүмкіндігінше патологияның туындау себептері жойылады.

Жалпы мәліметтер.   

Ангидроз (гректің hidros – тер, an – жоқ) – грек тілінен аударғанда «тер жоқ» дегенді білдіреді. Медициналық әдебиетте қолданылатын синонимдік атауы – анидроз. Патологияның жекелеген түрлері оны алғаш сипаттап берген зерттеушілердің атымен аталады: О’Брайеннің тропикалық ангидрозы, Шеллидің терең тербөртпесі. Ангидроздың туа біткен түрлері сирек патология болып табылады. Сусыздану салдарынан дамыған, жүре пайда болған жіті ангидроз жылдың жылы мезгілінде жиі, қалған түрлері маусымға байланысты емес.

Себептері.

Патологиялық ахуалдың негізінде тер бездерінің өткінші немесе тұрақты бұзылысы жатады. Бұның себебі құрсақта даму кезінде тері қосалқылары қалыптасуының бұзылуы, сайма-сай жүйке ынталандыруының болмауы болуы мүмкін. Патологияның даму механизмдері әртүрлі. Ангидроз –  көптеген аурулардың белгісі. Тер бөлінудің бұзылуына төмендегі себептер жиі алып келеді:

  • Организмнің функциялық бұзылыстары. Айқын дегидратация және уыттану кезінде тердің бөлінуі тоқтайды. Сусызданудың себебі көбіне ыстық климатта сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішпеу болып табылады. Сирек жағдайларда ангидроз сұйықтықтың орны тиісінше толтырылмайтын, құсумен, жиі әрі сұйық нәжіспен қатар жүретін асқазан-ішек бұзылыстары және жұқпалар салдарынан дамиды.  
  • Тұқым қуалайтын аурулар. Тер бөліну патологиясы ауырсынуды сезбеу синдромы, біріншілік Шегрен синдромы, эктодермальды дисплазиялардың кейбір түрлері шегінде сипатталған. Патологияның дамуына себеп – гипоплазия немесе эмбриондық кезеңде тер бездері негізінің қаланбауы.
  • Неврологиялық бұзылыстар. Тер бездерінің белсенділігін вегетативтік жүйке жүйесі реттейді. Тердің бөліну сипатының өзгеруі ота немесе инвазивті нақтамалау шаралары барысында, аяқ-қолдың тоннельдік невропатияларының дамуы, паранеопластикалық неврологиялық синдром, аутоиммундық және кейбір басқа аурулар кезінде жүйке діңдерінің бұзылуы салдарынан болуы мүмкін.  
  • Дәрілердің кері әсері. Тер бөлінудің оның толық тоқтауына дейін күрт төмендеуі акрихиннен, итжидек препараттарынан улану нәтижесі, холин- және ганглиоблокаторлардың кері әсері болуы мүмкін. Ангидроз жағдайларының жиілігі бойынша бірінші орында – эпилепсияға қарсы құралдар.               
  • Дерматологиялық аурулар және тері зақымдары. Ангидроз склеродермия, созылмалы атрофиялық акродермит, ихтиоз кезінде байқалады. Сәулелік дерматит кезінде, күйген жерлерде тер шығу төмендейді. Тері зақымы кезінде тер бөлінудің жергілікті бұзылысының дәрежесі зақымның тереңдігіне байланысты.

Патогенезі.

Дегидратация кезіндегі функциялық бұзылыстар қан плазмасын жоғалтуға байланысты болады. Айналымдағы қан мөлшерінің азаюы жүрек қарыншаларының соңғы систолалық ауқымының және жүректің систолалық көлемінің азаюына алып келеді. Жүрек сығымының төмендеуі терідегі қан ағымын қысқартады, демек тердің бөлінуі де азаяды.

Ангидроз эктодерма туындыларының – шаштың, тістердің, тер бездерінің – қалыптасуының туа біткен ақауларынан туындаған бірқатар тұқым қуалайтын ауруларға тән белгі. Тер бездерінің аплазиясы, олардың дұрыс жетілмеуі жайылмалы созылмалы туа біткен ангидрозға алып келеді және ол өмір бойы жазылмайды.

Қалыпты жағдайда тер бөлінудің реттелуі дене температурасының, қанның және организмнің ішкі ортасының химиялық құрамының өзгерісіне рефлексті түрде жүзеге асырылады. Термореттеу орталықтары сопақша мида және гипоталамуста орналасқан. Тері қабатының белгілі бір бөлігіне жүйкеленуді жүзеге асыратын сиипатикалық және парасимпатикалық талшықтар жұлыннан, IV-Х омыртқа деңгейінен тарайды. Бұзылыс жүйке жүйесінің кез келген деңгейінде болуы мүмкін. Көбіне тер бөліну патологиясы сезімталдықтың бұзылуымен, сирек жағдайда трофикалық бұзылыстармен бірге дамиды.    

Жіктелуі.

Ангидроз – даму механизмдері және белгілері айтарлықтай әртекті үдерістердің сыртқы көрінісі. Бұзылыстардың жекелеген түрлерін аурудың туындау себептері мен түріне қарай топтастыруға болады. Жіктеу дәрігер мен емделушінің болып жатқан өзгерістерді түсінуін, асқынуларды және аурудың ықтимал нәтижесін болжауын жеңілдетеді.

Клиникалық дерматологияда ангидроз төмендегі түрлерге жіктеледі:                    

  1. Туа біткен ангидроз. Тер бездері гипо- немесе аплазиясы бар науқастардан анықталады. Көп жағдайда аутосомдық-рецессивтік түр бойынша тұқым қуалайды. Аурудың ағымы созылмалы. Тер бөлінудің бұзылысы жайылмалы. Көбіне ангидроздан өзге туа біткен басқа да ақаулар байқалады.   
  2. Жүре пайда болған ангидроз. Организмдегі функциялық және патологиялық өзгерістер салдарынан дамиды. Клиникалық көріністерінің көп түрлілігімен, зардаптарының ауырлық дәрежесінің саналуандығымен ерекшеленеді. Жүре пайда болған ангидроздың түрлері: жіті, созылмалы, тропикалық, ошақтық, жайылмалы. 

Белгілері.

Туа біткен ангидроздың клиникалық сипаты көбіне тер бөлінудің бұзылу түрімен айқындалады. Туа біткен ангидрозы бар емделушіде дамудың өзге ақаулары болуы мүмкін: шаштың болмауы, бет сүйектерінің қисаюы, тіс пішіні мен санының өзгеруі (адентияға дейін жетуі мүмкін). Бұндай науқастар үшін ерте балалық шақ өте ауыр, ересектер үшін анағұрлым жеңілдеу.

Созылмалы жайылмалы ангидроз кезінде науқас ыстық пен суыққа өте сезімтал. Гипертермиялық эпизодтар қайталанып, өмірге қауіп төндіреді. Науқас адамның терісі жұқа және құрғақ, регионарлық гиперкератозы бар. Бет, қол терісінің, дененің басқа ашық жерлеріндегі терінің қышуы, қызаруы, құрғауы, қабыршақтануы тұрақты сипатта болады және жылдың суық мезгілінде асқына түседі. Дене жүктемесінен де адам терлемейді. Кейбір жағымды жағдайларда тер шығады, бірақ дененің жайлы температурасын демеп отыру үшін жеткіліксіз.

Созылмалы ангидрозы бар науқастардың көбінде патологиялық өзгерістер көз жасы және шырыш бездерін қозғап, «құрғақ көз» синдромын, жұтқыншақтың құрғауын тудырады. Көз алмасы мен қабақ шырышты қабаттарының жеткілікті мөлшерде ылғалданбауы қышуға, көзде бөгде зат тұрғандай сезімге, блефарит пен конъюнктивиттің дамуына соқтырады. Мұрын қуысы мен жұтқыншақ арқылы өткенде ауаның нашар ылғалдануы қолқа демікпесіне ұқсас белгілер тудыруы мүмкін.

Жіті жайылмалы ангидроз адам өмірі үшін қаупі бар патология. Науқастың ахуалы ауыр дәрежеден өте ауыр дәрежеге ауысады. Жүректің жиырылу жиілігі жоғарылап, тыныс жиілейді. Зат  алмасу өнімдерінің және минералды тұздардың тез жиналуы салдарынан диурез көбейеді, асқазан-ішек жолының жұмысы бұзылады. Тәбет төмендейді, дегидратация кезінде шөлдеу жан шыдатпауы мүмкін.

Егер жіті жайылмалы ангидроздың даму себебі ауру болса, онда адам шөлдемеуі мүмкін. Ангидрозға байланысты дене қызуының жоғарылауы қарқынды уыттану салдарынан күшейе түседі. Жалпы жағдайдың нашарлауы, организм ағзалары мен жүйелері функциясының бұзылуы өте тез дамығандықтан, емделушіні тексеру және жағдайын ретке келтіру қарқынды ем палатасында жүргізіледі.

Жергілікті ангидроз науқастың жалпы жағдайына әсер етпейді. Зақымданған жердегі тері қабыршақтанады, кейде жарылады, бірақ көбіне өзгерістерді тек диагностикалық тестілер арқылы анықтауға болады.

Асқынулары.

Туа біткен ангидрозы бар жаңа туған нәрестелерде гипертермия мидың зақымдануына соқтырып, нәтижесінде бала шетінейді. Ангидрозы бар әрбір үшінші бала ерте жаста қаза болады, себебі оларда инфекциялық аурумен қатар дене қызуын бақылау қиынға соғады.

Жіті жайылмалы ангидрозға тән асқыну бауыр мен бүйректер жұмысының бұзылуы болып табылады. Бұл ағзаларға түсетін жүктеме барған сайын көбейіп, болашақта созылмалы тапшылыққа алып келуі мүмкін. Көп мөлшерде плазма жоғалту салдарынан қан қоюланады, жүректің жиырылуы жоғарылайды, осының салдарынан жүрек тапшылығы дамиды.

Нақтамалау.

Тер бөлінудің бұзылысын анықтау қиын емес. Бұзылыс түрін және даму себебін анықтау қиынырақ. Науқасты тексеру кезінде кешенді көзқарас қолданылады. Ол зертханалық және функциялық тестілерге; неврологтың, эндокринологтың, генетиктің кеңестеріне негізделеді. Зерттеу жоспары мыналарды қамтиды: терінің құрылымын және оның қосалқыларын зерттеу; тер бөлінуді бағалаудың мөлшерлік әдістері; генетикалық тестілер.            

Емі.  

Патологияның туа біткен түрлері тұрақты түзетуді талап етеді. Жүре пайда болған ангидрозы бар науқастарда патологияның туындау себептерін анықтау және жою маңызды. Тер бөлінудің созылмалы бұзылысын және оның зардаптарын дерматолог емдейді. Ангидроздың дамуына себеп болған ауруларды анықтау және емдеу бейінді мамандардың міндеті.

Науқас адамға теріні ультракүлгін сәуледен, құрғақ ауадан, желден  қорғау үшін жабық киім киіп жүру керек. Терінің ылғалдануын қалыпқа келтіруге арнайы лосьондар мен кремдер көмектеседі. Кез келген жылыту шараларына тыйым салынады. Дене жүктемесін шектеу керек, ыстық кезде көшеде жүруге болмайды. Гипертермиялық эпизод дамыған жағдайда, науқасты тез арада ауруханаға жеткізу керек.

Болжамы және алдын ашу жолдары.   

Ангидрозға себеп болған ауруларды анықтау және емдеу. Нақтаманы дер кезінде және дұрыс қою, тиісті ем жүргізу оның асқынуының алдын алады, науқастың өмірін ұзартады. Ангидрозы бар нәрестелердің дене қызуын бақылау қажет, бақылаусыз жылумен әсер етуге жол берілмейді. Естияр балалар мен ересектерге салқын сусындар ішу, киімді ылғалдандыру, суытатын арнайы жилеттер мен бас киімдер кию гипертермияға жол бермеуге көмектеседі.  

Г.Смағұлова,

тері дәрігері             

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть