ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Аритмия

Аритмиялар – жүрек өткізгіштігінің, сондай-ақ оның жиырылу жиілігі мен тұрақтылығының бұзылуы. Осының нәтижесінде жүректің қалыпты жұмысы бұзылады және науқас адамда субъективті жағымсыз белгілер пайда болады.

Аритмиялар деп жүректің дұрыс жиырылуын бұзатын (жылдамдығы жағынан да, жүрек бөлімдерінің синхронды жұмыс жасауы жағынан да) ондағы кез келген өзгерістерді атайды. Қалыпты жағдайда жүрек белгілі бір ырғақпен соғады, оның айналымында жүрекшелер мен қарыншалар кезекпен жиырылып және босаңсып отырады. Бұны жүректің үйлесімді өткізуші механизмі қамтамасыз етеді. Аталған механизм мына жағдайлар есебінен қалыптасады: жүрек автоматизмі; қозғыштығы; жиырылғыштығы; өткізгіштігі.

Осы аталған механизмдердің қандайы болмасын бұзылса, аритмия дамуы мүмкін. Қалыпты жағдай – синустық ырғақ, одан кез келген түрде ауытқу аритмия болып саналады. Аритмиялар дербес жүрек патологиясы да, өзге жүрек ауруларының (инфарктілер, ишемиялар, миокардиттер) асқынуы да болуы мүмкін. Жүректен болған өлім-жітімнің 15 пайызына дәл осы артмия себеп болады.   

Себептері.

Негізгі механизмі бойынша аритмияларды төмендегідей бөлуге болады:

  • жүректің органикалық зақымдарынан туындаған (әдетте бұл блокадалар);
  • жүректің функциялық бұзылыстарынан туындаған (жиырылу жиілігінің бұзылуы, экстрасистолиялар);

Органикалық себептерден туындаған аритмиялар (жүрек бұлшық еті зақымданғанда) төмендегі жағдайларда дамуы мүмкін:

  • миокардиттер;
  • жүректің ишемиялық аурулары;
  • инфарктілер;
  • кардиомиопатиялар;
  • даму ақаулары;
  • жүрек жарақаттары мен зақымдары, соның ішінде оталау;
  • жүрек шамасыздығы;
  • кардиосклероз.   

Функциялық аритмиялар мыналардың нәтижесінде пайда болады:

  • нейрогенді әсерлер – вегетативтік жүйке жүйесінің белсенді бола түсуі, стресстер мен эмоциялардың әсері, ақыл-ой және дене еңбегі, психостимуляторлар (никотин, алкоголь, кофе, шай), невроздар, тағам компоненттері (ащы, тұзды, дәмдеуіш қосқан тамақ);
  • жүрек үшін маңызды электролиттер (калий, магний, натрий, кальций) айналымының бұзылысы;
  • емқателік араласулар (емнен туындаған), бұған диуретиктер, бета-блокаторлар, жүрек гликозидтері, адромиметиктер жатқызылады;
  • гормондық әсерлер, мысалы, адреналин, норадреналин, тиреоидты гормондардың шамадан асуы, кортизол, т.б.
  • безгек, уыттану, гипоксия, қаназдық тәрізді дімкәс жағдайлар;
  • идиопатиялық бұзылыстар (себебі анықталмаған).

Органикалық аритмиялар кезінде жүрек бұлшық етінде ақау пайда болады, осының салдарынан ол жүйкелердің зақымданған тармақтары арқылы импульстерді дұрыс өткізе алмайды.   Егер ырғақтың жетекшісі – синустық түйін зақымдалса, импульстер дұрыс түрленбейді.

Функциялық аритмиялар кезінде импульстердің жүрекке жетуі бұзылады, осыдан келіп жүрек өзіне түскен дабылдарды дұрыс өңдей алмай қалады.

Аритмияның түрлері.  

Бүгінде аритмияны жіктеудің көптеген нұсқалары бар.

Анатомиялық жіктеу:

  • жүрекшелік аритмиялар – зақымдардың бір немесе екі жүрекше аймағында орналасуы;
  • қарыншалық аритмиялар – зақымдардың қарыншалар аумағында орналасуы;
  • синустық аритмиялар – синустық түйін аумағындағы мәселелер;
  • атриовентрикулярлық – қақпақшалар ауысатын жердің зақымдануы.

Жиырылу жиілігі мен оның тұрақтылығы бойынша жіктелуі:

  • тахикардия;
  • брадикардия;
  • тұрақсыз ырғақ.

Электрофизиологиялық көрсеткіштерге негізделген жіктеу ең толық жіктеу болып табылады. Олар импульстердің түзілуінің бұзылысы салдарынан дамыған аритмия, импульстердің жүрек ішіндегі өткізгіштігінің бұзылысы салдарынан болған аритмия, үйлескен түрдегі аритмиялар болып жіктеледі.

Белгілері

Аритмияның белгілері жүректің жиырылу жиілігіне және олардың тұрақтылығына байланысты. Және де аритмиялардың өмірлік маңызы бар ағзаларға әсер ететіндігі не әсер етпейтіндігі маңызды. Клиникалық белгілері жоқ, тек қана ЭКГ-дан көрінетін аритмиялар болады.

Негізгі белгілері:   

  • жүректің шалыс соғуы;
  • жүректің ұстама тәрізді қатты соғуы, науқастың жағдайының бұзылуы;
  • жүректің тоқтап қалу сезімі;
  • кеуде астының ауыруы;
  • бастың айналуы;
  • тұншығу сезімі;
  • талып қалу;
  • әлсіздік;
  • шоктың дамуы.

Асқынулары.

Аритмиялар эпизодтық немесе тұрақты болуы мүмкін. Бұлар теріс факторлар әсерінен асқына береді. Ең ауыры – аритмияның асқынулары. Олардың ішінде ең қауіптілері:

  • қарыншалар фибрилляциясы немесе дірілі;  
  • қан айналымының тоқтауы;
  • өкпелердің ісінуі салдарынан ентігу;
  • Морганья-Стокс ұстамалары (мидағы қан айналымының күрт бұзылуы салдарынан синкопальдық естен тану);
  • тромбоэмболиялар.

Нақтамалау.

Алғашында дәрігер емделушінің шағымдарын сұрайды және тексеріп қарайды, жүрегін тыңдайды, тамыр соғысын байқайды. Маман міндетті түрде нақуастың дәл осы уақытта қандай дәрілер ішіп жүргенін анықтайды. Аритмияның себептерін анықтау үшін ең алдымен мына зерттеулер тағайындалады: қанның биохимиялық талдауы (калий, глюкоза, қалқанша без гормондары, т.б.); қанның ұйығыштығын талдау (МНО – міндетті түрде).

Аритмияның түрін, айқындылығын анықтауға қажетті қосымша зерттеулер: ЭКГ, ЭКГ-ны тәуліктік холтер-миниторлау; жүрек УДЗ (тыныштық жағдайында, мөлшерлі дене қимылы кезінде); өңеш арқылы ЭКГ жасау; өңеш арқылы жүрекке электростимуляция жасау.

Емі.   

Бір белгі әртүрлі аурудың нышаны болуы мүмкін. Ал аурудың ағымы тура оқулықта жазылғандай болмауы мүмкін. Сондықтан өз бетіңізше емделмеңіз, дәрігерге қаралыңыз.

Аритмияларды кардиолог емдейді. Маман дәрігер негізгі ауруды емдеумен қатар жүрек ырғағын реттейді.

Аурудың айқындылығы мен сатысына қарай әртүрлі әдістер қолданылады: консервативті (дәрілер қолдану) немесе хирургиялық.

Аритмия кезінде тағайындалатын препараттар: жасушалар мембраналарын ынталандырғыштар (прокаинамид, тримекаин, пропафенон);  адреноблокаторлар (конкор, эгилок, карведилол, т.б.); калий арналарының блокаторлары (амиодарон); кальций арналарының блокаторлары (верапамил).

Аритмияның өзінен гөрі оның асқынулары – тромбоздар мен тромбоэмболиялар қауіптірек. Сондықтан емге олардың алдын алатын дәрі-дәрмектер қосылады: К дәруменінің антагонистері (варфарин); антитромбоцитарлық заттар (ацетилсалицил қышқылы); жаңа пероральды антикоагулянттар (ксарелто, прадакса).

Егер халық емін қолданатын болсаңыз, бұл жөнінде дәрігерге міндетті түрде айтыңыз. Өйткені халық емінің әдістері жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.

Қосымша ем әдістері: электрлік кардиоверсия; қарыншаларды өңеш арқылы электрлік ынталандыру; кардиостимуляторлар қондыру; радиожиілікті аблация.  

Аритмиялардың болжамы олардың түріне, бұзылыстың айқындылық дәрежесіне байланысты. Сондықтан әр науқасқа дербес көзқарас пен тәсілдер қажет. Бұны тек кардиолог дәрігер шешеді.

С.П.Жүнісбек,

кардиолог дәрігер

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть