ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Артроз қимылға бөгет емес

Көптеген адамдар өздеріне «артроз» нақтамасын қойған соң ауру буынды  мазалаудан қорқып,  азырақ қимылдауға  тырысады. Шынына келсек, кейбір белсенді қимыл түрлері мұндайда зиянсыз, тіпті, керісінше, пайдалы да.

Шаңғы тебіңіз

Шаңғы тебу – қысқы спорт түрлерінің ең бір қызықтысы. Бір таңқаларлығы, шаңғымен серуендегенде тізе, бел-жамбас буындарына кәдімгі жүріс кезіндегіден  салмақ азырақ түседі. Күштің аз түсуі сырғанау есебінен. Шаңғымен жүргенде  біз адымдаймыз,  қадамды азырақ  жасаймыз,  содан да  дене салмағы аяққа жеңіл. Осы себептен де дәрігерлер артрозбен  ауыратын  адамдарға  шаңғымен  көбірек  сереуендеуге кеңес береді.

Есіңізде болсын!

Шаңғымен ауа райы жақсы күндері, нығыздалған дайын шаңғы  жолымен, тек классикалық әдіспен  жүру керек. Ал коньки тепкенде (аяқ алдыға  қарай және  екі жаққа кезек сырғиды) буындарға артық күш түседі. Шаңғымен жүрген кезде өзіңізге қолайлы бірқалыпты жылдамдықпен  жүрген дұрыс, жылдамдықты күрт арттырудан, шалт қимылдан, қауіпті ылдилы жерлерден абай болыңыз.

Жаттығуларды 20-30 минуттық серуендерден бастап, олардың ұзақтығын  біртіндеп қана 1-2 сағатқа жеткізген  жөн.

1-2 дәрежелі буын ауруы кезінде шаңғы тебу жаттығуларын  жалғастыра беруге болады. Ал егер Сіз бұрын ешқашан шаңғы теуіп  көрмесеңіз,  мүмкін бұл істі  бастап  қажеті жоқ шығар? Күрделі сұрақ. Егер көңіліңіз қатты қаласа, сізді шаңғы тебуге үйрете алатын нұсқаушымен келісіңіз. Бұл істің әдісін білу өте қажет, өйткені серуен кезінде шаңғымен  жығылсаңыз, онсыз да ауру буынды  мүлде  жарақаттап  алуыңыз мүмкін.

Бұл ақыл-кеңес тек жүгіру шаңғысына ғана қатысты. Қазір сәнге айналған тау шаңғысы спорты аяқ буындары үшін қауіпті. Ылдидан төмен сырғығанда  тізе,  жамбас буындары да қозғалысқа түседі. Тіпті тәжірибелі  шаңғышы болсаңыз да мұндай  жаттығулардан бас тартуға тура келеді.

Тепкішті айналдырыңыз

Тізе немесе жамбас артрозымен ауыратындарға дәрігерлер жүгірумен,  аэробикамен, салмақ көтерумен айналысуға тыйым салады. Ал бірақ  веложаттығу қондырғысында  жаттығуды тіпті өздері ұсынады. Біз тепкішті айналдырған кезде буын жаймен, бірқалыпты қозғалады, шеміршек,  сіңірлер зақымданбайды. Сонымен бірге жамбас пен балтырдың бұлшық еттері  қозғалысқа түсіп, қан айналымы жақсарады, демек, буын да икемге келіп, қимылдауға бейімделеді.

Жылы маусымдарда  велосипед  тебуге де  болады.  Бұл қозғалыс – әрекетке бейімдеумен қатар, көңіл-күйді көтереді.

Есіңізде болсын!

Қазіргі веложаттығу қондырғыларына «қарсылық білдіретін»   тепкіштер де орнатылады.  Ондай тепкіштерді  айналдыру  күш жұмсауды  қажет етеді. Артрозы бар адам буынға артық салмақ түсіретін  шалт қимылдар жасауға болмайды. Бұндайда буын ішінде  ұсақ жарақаттар  пайда болуы мүмкін,  олар аурудың  ушығуына  себеп болады.

Веложаттығуларды 10-15 минуттық қимыл-қозғалыстан бастап, жаттығу  ұзақтығын  біртідеп 35-40 минутқа  дейін  жеткізген дұрыс.

Велосипедпен тегіс емес, ойдым жолдармен жүруге болмайды. Бұл да  буындардың жарақаттануына  себеп болады.

Буындарды ауырта жаттықпаған дұрыс. Бұл кейбір адамдар ойлағандай  буындарды қалпына келтірмейді,  керісінше, шеміршектерді зақымдайды.

Жылумен емделу жайы

Саунаға немесе моншаға бару қозғалыс мүшелерін емдеуге өте пайдалы.  Артроз да сол аурулар  санатына жатады. Жылумен емдеу қан айналымын жақсартады, буындарға қан жүгіртіп, жұмсартады. Жылу бұлшық еттердің тартылуын болдырмауға, сіңірлердің  созылмалылығын  арттыруға септігін тигізеді.  Ал, тердің  көп мөлшерде шығуы ағзадан зиянды  заттардың  шығарылуына ықпал етеді.

Есіңізде болсын!

Моншаға бару мәселесін дәрігермен алдын-ала келісіп алу керек. Жылумен емдеу буын қабынған  жағдайда зиянды. Артроз – қабынудан емес, ең алдымен зат алмасудың бұзылуынан пайда болатын ауру. Бірақ аурудың  белгілі бір кезеңдерінде қабыну да қайталанып тұрады. Ондай кездерде  буланудан  бой тартқан дұрыс.

Буындарға суық тигізу де қауіпті, сондықтан да бу бөлмесінен шығып,  суық сумен жуынуға болмайды. Одан да жылы немесе салқындау себіл қабылдаңыз.

Д.Әбдірәсілов, терапевт.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть