ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Асқазан ауруының алдын алыңыз

Бүгінде екінің бірі асқазаным ауырады дегенді айтады. «Ауру –    астан» десек те, көпшілігіміз жүйелі тамақтана бермейміз де ас қорыту жүйесінің жұмысын бұзамыз. Ал  асқорыту жүйесінің бұзылуы түрлі ауруға шалдықтыратыны анық.  Дәрігерлердің айтуынша,  ауру-сырқаудың –  70, өлім-жітім көрсеткішінің 60 пайызы тікелей дұрыс тамақтанбауға байланысты екен.  Жалпы, деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда  еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді.

Асқазан ауруы, біріншіден, жүйелі әрі құнарлы тамақтанбаудың салдарынан пайда болса, екіншіден, күйзеліс пен жүйкеге шектен тыс салмақ түсіру де осыған себеп. Дәрігердің нұсқауынсыз өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдау ас қорыту жүйесін бұзса, шылым шегу мен арақ-шарап ішудің соңы да асқазан жарасына соқтыруы мүмкін. Кез-келген дәрінің асқазан арқылы сіңетінін ескерсек, үнемі дәрі қабылдап жүретін жүрек ауруымен ауыратын адамдар бұл мәселеге аса сақтықпен қарағаны жөн.

Адамдардың көпшілігі емханаға ауруын асқындырып барып келеді. Мәселен, гастрит ауруы кезінде асқазан қабынып, оның іші эрозияға ұшырайды. Егер гастритті дер кезінде емдемесе, асқазан жарасының пайда болуы мүмкін.  Бұндай кезде  адамның жүрегі айнып, құсқысы келеді. Асқазаны қыжылдап, кекіреді, төс асты, жауырынның орта тұсы ауырады.  Адам мазасызданып, ұйқысы қашады. Ауыруды сезіну асқазандағы жараның орналасуына да байланысты. Егер жара асқазанның жоғары бөлігінде болса, тамақ ішер алдында, ал орта тұсында болса, ас ішкеннен кейін екі-үш сағаттан соң ауырады. Ауру асқынған кезде адам қан құсып, асқазаны тесіледі, үлкен дәреттің түсі қарайып, адам әлсірейді. Бұндай жағдайда науқасты ауруханаға жатқызып, жараны ота арқылы алып тастайды.

Ал емханаға келген науқастар қан мен зәр тапсырғаннан кейін, оларға фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) әдісі арқылы тексеру жүргізіледі.  Ол жараның бар немесе жоқ екенін, болса қай жерде орналасқанын анықтайды. Бұған қоса ультрадыбысты зерттеу аппараты арқылы бауыр, ұйқы безі мен өт жолын тексереді. Өйткені асқазан аталған ағзалармен тікелей байланыста болғандықтан, барлығын жіті қарауымыз қажет. Мәселен, кейде адамдар асқазаны ауырып тұрғанын айтады. Бірақ тексере келгенде ауырған жүрегі болып шығады. Өйткені жүрек ауруының кейбір белгілері  асқазан ауруына ұқсас келеді. Әрі екеуі жақын орналасқандықтан адам қай жерінің ауырып тұрғанын айыра алмай қалады.

Сондықтан  уақытында тамақтанудың маңызы өте зор.  Дұрыс тамақтанбаған кезде  адамның жүйкесі де сыр береді.

 Адамның қарны аша бастаған кезде ашулануға бейім. Себебі жүйке жасушалары да асқазанмен байланысты. Сондықтан аш жүрмеген абзал. Және ауқаттанар кезде есте ұстайтын бір нәрсе, ас алдында кисель немесе айран секілді сұйықтық ішу керек. Бұл астың дұрыс қорытылуына  жақсы әсер етеді. Асқазаныңда ақаудың бар екенін білгеннен кейін майлы, ащы, қуырылған тағамдардан аулақ болған жөн. Тамақты суға қайнатып жегеннің пайдасы өте көп. Бірақ көпшілік  осыған мән бермейді. Мәселен, шұжық, кириешки, чипсы, гриль, кәуап секілді қуырылған әрі  құрамында жасанды қоспалары бар тағамдарды сау адамның өзі шектеп  жеуі керек. Сонымен бірге асты асығыс жеп, дұрыс шайнамағандықтан, асқазан бүрлері тітіркеніп, күйзеліске түседі. Өйткені сөл асты қорытып үлгере алмайды. Қарын және ішек жолдарындағы шырышты қабық жарақаттанады.

Үнемі сағыз шайнау да ас қорыту жүйесіне зиян. Өйткені ауыз қуысында мөлшерден тыс көп бөлінетін сілекей асқазан түгіне зиянын тигізеді.

Абзал Байтөреев,

дәрігер-терапевт.

Ұқсас мақалалар

Закрыть