ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Асқазан обыры

Асқазан обыры – бүкіл дүниежүзі халықтарында кең таралған ісік. Асқазан обырымен аурушаңдық және одан болатын өлім-жітім көрсеткіштері барлық дамыған, өркениетті елдерде төмендеуде. Соған қарамастан жалпы қатерлі ісіктердің ішінде ол елеулі орын алып, кейбір жерлерде бірінші орында түр. Асқазан обырының пайда болу жолдары, эпидемиологиясы, анықталу жолдары мен емі әлі де жетілдірілуде.    Асқазан обырымен сырқаттану көрсеткішінің көптеген мемлекеттерде  төмендеуі тамақтану ережесінің жақсаруымен және оны анықтау мен емдеу шараларының жетілуіне байланысты. Бұларға қосымша ғылыми-тәжірибелік жетістіктердің нәтижесінде қазір асқазан ішін, сыртын эндоскопиялық аспаптар арқылы  көзбен көріп, тексеруге мүмкіншілік туды. Оған қоса,  асқазан обырының түйінді және жайылмалы түрлерін айқын анықтауға мүмкіншіліктер  ұлғая  бастады және асқазан обырынан сақтану шаралары соңғы жылдары өте тиімді жүргізілуде.

Ісікалды аурулар да жүйелі түрде анықталып, оларды емдеу мен диспансерлік бақылау елеулі жетістікке жеткізді. Өткен ғасырдың соңғы 10-15 жылы ішінде асқазан обырының пайда болуына әсер ететін жаңа себептер дәлелденіп, оған қарсы жұмыстар ұйымдастырылды. Соның бірі — Helicobacter Pylori, ол асқазан обырын қоздыратын бактерияларға жатады. Бүгінде оның маңызы терең зерттеліп, асқазан обырын қоздырушы себеп ретінде  жан-жақты тексерілуде.

Клиникалық белгілері

Асқазан обырында байқалатын белгілер көптеген басқа ауруларда да кездеседі. Асқазан обырының жеке, тек өзіне ғана тән белгілер болмайды. Олар ісіктің ең алғашқы кезеңдерінде анықталмай, ауру асқынғанда ғана таза көрініс береді.

Ауырсыну сезімі – жиі кездесетін белгі. Бұл белгі ісік ауруына тән болса да, кейде қабаттасып келген ауруларға байланысты (көрші мүшелерді зақымдаса) келеді. Еш уақытта ісік алғашқы өсу сатыларында ауырсыну сезімін туғызбайды. Тек, кейде көп мөлшерде қабылдаған тамақтан кейін, іш толып, сыздап ауырады да, ол біраздан кейін өз бетінше басылып қалады. Бұған ауру адам көңілін де, ойын да бөлмейді, сөйтіп ісіктің асқынуына мүмкіншілік туғызады.

Ісік біртіндеп өніп-өседі, көлемін ұлғайтады, бұл кезде тікелей белгілер пайда бола бастайды. Науқас дәрігерге келгенде іштің жоғарғы жағындағы ауырсыну сезімінің тұрақты орын алғанын, біртіндеп сыздап ауыратынына шағымданады.  Бұл ауырсыну сезімі тамақпен байланыстылығын жоғалтып, тамақ ішсе де, ішпесе де кетпейді. 

Егер көрші сау тіндер, ұлпалар, мүшелер қосымша зақымданса, ауырсыну сезімі біртіндеп ұлғаяды. Ісік асқазан шеңберінен шыққан болса, ауырсыну сезімі жауырынға, арқаға, төске, сол жақ қолға берілуі мүмкін. Кейде ауырсыну сезімі өз бетінше кетеді де, қайтадан одан бетер үдей түседі.  Ал ісік ойық жараға айналса, онда ауырсыну сезімі тамақтан кейін ұлғаяды да, науқасты қатты мазалайды.

Дәрігерді күдіктендіретін нәрсе – ол асқазанның өзінен-өзі толып, «ісініп» тұруы, кекірік кернеп тек алғашқыда ауа шығып, кейіннен сасық иістің қосылуы. Құсық сирек кездеседі, ал оның тұрақты болуы – асқазанның антральды бөлігіндегі қуыстың тарылғанын көрсететін белгі.

Асқазан ауруларындағы тағы басқа белгілер, атап айтқанда, «жүрек қыжылдау», «жүрек айнып, лоқсу», «кекіру» — бұлардың бәрі де орын алуы мүмкін. Сонымен бірге асқазан обырында  жалпы белгілер пайда болады. Олар: әлсіздік, тез шаршау, көңілсіздік, салмақ жоғалту, тамаққа тәбеттің шаппауы, іс-әрекеттің себепсіз төмендеуі, кейде, өз бетінше ашулану немесе ешнәрсеге қызықпаушылық, үрейлену. Бұлар ісіктің  алғашқы кезеңінде де, өршіген сатысында да  кездесуі ықтимал.Әсіресе, тамаққа тәбеттің шаппауы — өте жиі кездесетін белгі. Бірақ бұл барлық адамда біркелкі емес. Кейде аштықты сезгенмен, тамаққа тою сезімі үдеп,   тамақ жеуден гөрі, тойып тұрған секілді жағдайға  тап болады.  Күніге сүйсініп жейтін тағамы енді оған ұнамайтын болып шығады. Тамаққа деген тәбет кенет жоғалады. Міне, осындай түсініксіз нәрселер ісіктің алғашқы өсу кезеңінде кездеседі.  Себепсіз салмақ жоғалту – қауіпті белгі.

Емдеу әдістері

Медикаментоздық емес ем (күн тәртібі, емдәм)

Асқазан обырының  хирургиялық емдеу көрсеткіші, отаға қарсы көрсеткіш болмаған кезде оталауға болатын азқазан обыры нақтамасын қою.

Асқазан ісігі кезінде негізгі түбегейлі ота: субтотальды дистальды, проксимальды асқазан резекциясы және гастроэктомия.

Отаның түбегейлі болуының негізгі мақсаты асқазанның ісікпен зақымданған аймағын бірыңғай алып тастау немесе ісікке қатысты бөлігін және аймақтық лимфа түйіндерін қоршап жатқан май қабатын алып тастау (лимфодиссекция).

Қазіргі уақытта JRSGC (1998) жұмысына негізделіп, N1 ден N4 дейін асқазанның әр болігінен аймақтық лимфа түйіндерінің метастаздануының 4 сатысы  16 тобы егжей-тегжейлі жазылған.

Лимфодиссекция

І саты: асқазан байламдарында орналасқан прегастральды лимфоколекторлар (№№1-6)

ІІ саты: артерия бойымен лимфа түйіндері: жалпы бауыр артериясы, сол жақ асқазандық, көк бауыр қақпасында, көк бауыр артериясы бойымен(№№7-11)

ІІІ саты: гепатодуоденальды лимфа түйіндері,ретропанкреатодуоденальды, көлденең тоқ ішек шажырқай түбімен.(№№12-14)

ІV саты: жоғарғы шажырқай артериясы бойымен орналасқан лимфа түйіндері, парааортальды(№№15-16)

Асқазанда біріншілік  ісіктің орналасуы метастазданудың әртүрлі сатысына сәйкес келетінін айта кету керек. Бұл жағдайды лимфа түйіндері зақымданған топтағы науқастардың өмір сүру ұзақтығы көрсетуде.

Жіктеуге және науқастардың өмір сүру ұзақтығын зерттеу нәтижелеріне негізделіп (M.Sasako et al;1995; T.Aiko et al;1998) N1-N2 лимфалық коллекторлары аймақтық метастаздану, N3-N4 жеке метастаздану болып қаралады.

Субтотальды резекция жасау кезінде – асқазанның кіші иіні, өңештен 1,0-1,5 см-дей қашықтықта, ал үлкен иін – көкбауырдың төменгі полюс деңгейіне сәйкес, осы екі нүктені қосатын  сызық бойымен,   ал дистальды бағытта асқазан қыспағынан 1,0-1,5 см-дей төмен кесіліп, оларға қоса үлкен және кіші шарбы май, сол жақ асқазан артериясы шыға беріс жерінде, барлық бассейндегі лимфа бездер міндетті түрде бір блокпен сылынады

Субтотальды резекциядан кейін, ас қорыту жолын қалыптастыру үшін,  асқазан қалдығымен аш ішекті Бильрот-2 тәсілімен, ал гастроэктомиядан соң,  өңешпен ұлтабарды, көпшілігінде ащы ішекпен қосып  жалғастырады.  Кейінгі кездерде көптеген емдеу орындарында рефлюкстерге қарсы Я.Д. Витебский тәсілімен анастомоз салу орындалып жүр. Отаның мәні —  өтті асқазанға, өңешке өткізбеу, сол үшін аш ішек көлденең бағытта кесіліп, жалғанады. Егер ұлтабар ұзын болса онда Бильрот-1 әдісімен, ол тікелей асқазанмен жалғасады, бұл физиологиялық тұрғыдан ыңғайлы әдіс саналады. Бірақ оны кез келген жағдайда орындау хирургиялық  радикализм қағидасына  сәйкес келмейді.

Асқазанның кардиальді (проксимальді) резекциясы экзофитті ісікте, оның төменгі деңгейі асқазан бұрышынан аспаған кезде қолданады. Проксимальді бағытта — ісік шетінен 3-5 см қашықтықта жоғары қарай өңешті содан соң  дистальды бағытта — бүкіл кіші иінді, алдыңғы, артқы қабырғасын ісіктің төменгі деңгейінен 5 см қашықтықта қоса кесіліп, сылынады.

Гастроэктомия – асқазанды тұтас сылу ісіктің  жайылмалы түрінде және экзофитті ісіктер асқазан бұрышының екі жағында зақымдағанда  қолданылады. Асқазан жоғарыдан өңеш, төменде ұлтабар деңгейінде кесіліп,  үлкен және кіші шарбы майлар отаға қосылып алынады.

Қоспалы оталар — ісік көрші мүшелерге өткен кезде қолданылады. Бұл кезде асқазанмен қоса жарақаттанған мүше де сылынады. Кардий обырында көкбауыр аймағында орналасқан лимфа бездерінде жиі бөгелме ісіктер болғандықтан, оны да қоса сылып алады.

Паллиативті оталар асқынған асқазан обырында қолданылады. Оларға: паллиативті асқазан резекциясы, асқазанды  айналмалы ішекпен жалғау (гастроэнтероанастомоз), кардийге интубация жасау, асқазанға не ішекке жасанды жыланкөз  жасау жатады.

Гастроэнтероанастомоз – асқазанның қыспағы  тарылып, мүлдем жабылғанда қолданылады. Бұл айналмалы көлденең тоқ ішек алдында не артында асқазан мен ішекті ұштастыру (анастомоз) отасы, жалғасқан ішектің өрлеме және төмен түскен өрімінің арасына Браун анастомозын салу арқылы орындалады. Осындай отадан кейін, науқасты мазалайтын  құсық кетеді, ауру біраз жеңілденіп, жағдайы жақсарып  қалады.

Дисфагияны жою мақсатында не оны жеңілдету үшін кардий қыспағын  кеңейтеді, немесе асқазанға жасанды жыланкөз жасайды. Бұл түбегейлі оталар неғұрлым ертерек жасалса, нәтиже де соғұрлым  тиімді болмақ.

М.С. Садықов, м.ғ.к, жоғары санатты дәрігер

Т.Б. Пирекешев, резидент

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть