ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Асқазанның ойық жарасы

Асқазанның ойық жарасы – жүйелік-гуморальды механизмдердің және асқазанның кілегей қабығы мен оның астындағы қабаттары трофикасының бұзылуымен сипатталатын созылмалы қайталанатын ойық жара ауруы.

Оның пайда болуына әсер ететін механизмдер:

  • Психоэмоционалдық сфераның бұзылыстары (стресс, жағымсыз эмоция);
  • тағам рационының бұзылуы;
  • дәрі-дәрмектерді ретсіз қолдану (аспирин, қабынуға қарсы препараттар, стероидты гормондар, т.б.);
  • зиянды әдеттер (темекі тарту, алкоголь ішімдіктеріне әуес болу);
  • асқазандағы жүйкелер және тамырлар бұзылыстары (тромбоз, атеросклероз);
  • басқа да аурулардың асқынуынан (мысалы: жүрек, бауыр, қан айналымының жетіспеушілігі).

Клиникалық белгілері:

Эпигастральды аймақта ауру сезімі, диспепсиялық бұзылыстар (жүрек айну, құсу, қыжылдау, іш қату не іш өту), тілде ақ-сұр түсті таңдақ пайда болды. Аурудың сезілуі тамақ, сүт, натрий гидрокарбонатын ішкеннен кейін басылады, ал оның күшеюі, асқынуы жүйкелік-эмоционалдық жағдайға, денеге ауыр салмақтың түсуіне байланысты болады.

Ойық жараның асқазанда орналасуына қарай ауыру сезімі әр түрлі болады:

  1. Асқазанның кардиальды бөлігінде орналасқанда – ауру бірден тамақтанудан кейін төс сүйектің семсер тәрізді өсіндісінің астынан байқалады. Ол өңеш жүрек тұсына беріледі.
  2. Асқазан денесінде, түбінде орналасқанда – ауыру сезімі аш қарында не тамақтанудан кейін 20-30 минут өткен соң, кейде түнде байқалады. Ол арқаға, кеуденің сол жақ бөлігіне, төстің артына, сол қабырға астына беріледі.
  3. Асқазанның он екі елі ішекке ауысатын тар колорикалық өзегінде орналасқанда – ауыру сезімі кез-келген уақытта тұрақты, қарқынды болады. Ол оң қабырға астына, арқаға, төс артына беріледі. Мұндайда қышқылдық құсу, кекіру байқалады.
  4. Антральды бөлігінде орналасқанда – ауыру сезімі тамақтанудан кейін екі-үш сағат өткен соң байқалады. Ол көбіне жас адамдарда кездеседі.

Асқынулары:

Асқазаннан қан кету, тесілуі, көрші ағзаға жабысып тесілу, перигастрит, перидуоденит, малигнизация (обырға айналуы), перитонит, т.б.

Емделуі:

Ойық жараның емі тек дәрі-дәрмектермен ғана емес, мынадай шаралар қолдану арқылы да жүргізіледі:

  • Психоэмоциялық саланы реттеу;
  • Жұмыс, демалыс тәртібін сақтау;
  • Зиянды әдеттерді азайту немесе мүлде құтылу;
  • Кешенді, консервативті ем;
  • Тиімді тамақтану;
  • Диетотерапия;
  • Дәрі-дәрмекті, антацидті, тыныштандырғыш заттар;
  • Физиотерапия, емдік дене жаттығулары;
  • Шипажайда емделу;
  • Қозғалысты шектеу.

Көп уақытқа дейін жазылмаса:

  • Лазерлік терапия;
  • Хирургиялық ем.

Ойық жараның жазылуына әкелетін ең маңызды шаралар – емдік тағам және жағымсыз эмоцияны, стрессті, депрессияларды шектеу.

Емдік тағммен емдеу:

Асқын кезінде алғашқы бірінші аптада №1А, екінші аптада №1Б, үшінші аптадан бастап барлық курс бойы №1 диеталары қолданылады.

Тамақтану күніне 5-6 рет, тағам майда, жұмсақ, ауызда көп шайналмайтындай болуы керек. Көп шайналса, асқазан сөлі көп бөлінеді. Ол ойық жараны тітіркендіреді.

Күнделікті дәмде сүт, сүт өнімдері, буға пісірілген ет, балық тағамдары, ботқа, кисель, майдаланған жеміс-жидек, азық-түлік, т.б. болу керек.

Аш қарынға картоп, қырыққабат шырынын, кисель, томат шырынын ішкен өте пайдалы.

Рационда ащы, тұзды, қуырылған, майлы тағамдар, кофе, шай, шоколад, бұрыш, сірке қышқылы және ірі жасұнықты (қырыққабат, алмұрт, шабдалы, құрма) өнімдер болмау керек.

Бауыр мен асқазанға жылытқыш қою да пайдалы.

Тәулігіне тұз 9-10 г, ақуыз 120-130 г, дәрумендер (В1, В2, В6, А, С) болу керек.

Дәрі-дәрмектермен емдеу:

  • Антацидті заттар (қашқылға қарсы заттар) – алмагель, натрий гидрокарбонат, магний тотығы, кальций карбонаты, маалокс;
  • Гастропротекторлар (кілегей қабықтың тітіркенуінен қорғайды) – висмут цитраты негізі (бисмофальк, сукралфат);
  • Н2 гистамин рецепторларының блокаторы (циметидин, ранитидин, пилорид, фамотидин);
  • Н+, К+ — АТФ-азаның тежегіштері (ланзопразол, омепразол).

Дәрі-дәрмектерді қолданғаннан пайда болған ойық жараның емі:

Қабынуға қарсы препараттар артропатия, ревматизм ауруларында көп қолданылады. Бұл заттар асқазанның кілегей қабығына әсер етіп, простогландин синтезін тежеп, циклооксигеназды жолды бөгейді. Содан кілегей қабық зақымданады.

Простоглондиннің қорғаныштық қасиеті бар, ал оның әсері:

  • Тұз қышқылының секрециясын төмендетеді;
  • Кілегей қабықтың қанмен қамтамасыз етілуін жоғарылатады;
  • Шырыш синтезін жақсартады.

Бұдан пайда болған ойық жара симптомсыз дамиды. Оған простогландин Е1-дің синтетикалық аналогтары (мизопростол, ранитидин, сукральфат, омепразол, артротек) қолданылады.

Ойық жараның жазылуы:

Жараның тыртықтанып, орнына дәнекер тіннің өсуіне байланысты ойық жара жазылады. Ол адамның жасына, жынысына, аурудың кезеңіне, көлеміне, асқынуына байланысты. Еркектерге қарағанда әйелдерде бұл жеңіл өтеді. Қарт адамдарда ойық жара ұзақ уақыт, симптомсыз дамиды және үлкен пішінді, атрофиялы болады. Қарттарда ауыру сезімі әлсіз, әрі ол тамақпен байланысты емес.

Шағымдануларға іштің ауырлығы, талып тұруы, дауыстап кекіру, жүрек айну, іш қату, арықтау, тәбетінің төмендеуі және т.б. жатады.

К. Есімханова,

терапевт.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть