ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Ауыр болдым дегенше, ауру болдым десейші…

Бүгінгі дәрігерлер семіздікті ХХІ ғасырдың індеті санайды. Бұл дерт грипп пен атышулы Эболадан да қауіпті болып, кең етек жайып барады. Мәселен, 1980 жылы семіздік әлем бойынша 857 миллион адамда болса, қазір бұл көрсеткіш 2,1 миллиард болып отыр.

Сонымен, семіріп кетсеңіз не істемек керек?

Тамақты қанша жеу керек екенін әркім өзі шешеді, әрине. Десек те, кейбіреулер шұқып жесе де артық салмағы бар. Ал тағы біреулердің күні бойы аузы босамаса да сырықтай арық. Бұның себебі – зат алмасуда. Зат алмасу жақсы болса, адам онша семіре қоймайды. Ол әсіресе жас кезде жақсы, жас қосқан сайын қиындай береді. Орта жасқа жақындағанда көбіміздің біртіндеп салмақ қоса бастайтынымыз да сондықтан.

Жас кезде не жесек те тез тарап кетеді. Оның үстіне жастар үнемі қимылда: қыдырады, билейді дегендей… 25 жасқа қарай зат алмасу жылдамдығы төмендейді. Осы кезде көбіміз оқу бітіріп, еңбек жолымызды бастаймыз әрі негізінен жұмысымызды отырып атқарамыз. Бірақ тамақтану салтымызды өзгертпейміз, бұрынғыша тойып жегенді жақсы көреміз. Сөйтіп қарнымыз шығып, семіре береміз. Мамандардың айтуынша, қимыл азайған соң тамақтың да мөлшерін азайту керек. Бірақ бұны ескеретін адам шамалы.

Спортпен тұрақты шұғылдану өте пайдалы. Бірақ сауалнама мәліметтеріне сенсек, басым көпшілік спортты ұнатпайды. Тұрақты шұғылданатындар шамамен 20 пайыз ғана.  

Тағы бір мәселе, көпшілік семіздікті тек сыртқы кемшілік, ол денсаулыққа зиян емес деп санайды. Шынтуайтына келгенде, майдың жиналуы организмнің барлық жүйелерінің жұмысына кері әсер етеді. Ол сусамырға, инфарктіге, бедеулікке, обырдың кейбір түрлеріне алып келуі мүмкін. Демек, семіздік – емді талап ететін сырқат.

Семіздікке шалдыққан адам диетолог дәрігерге баруы тиіс.

Өзіңізді тексеріп көріңіз:      

Өз салмағыңызды бағалау үшін дене салмағы индексін (ДСИ) табу ләзім.

ДСИ=салмақ (кг)/бой2 (м)

Нәтижені бағалау:

18,5-24,9 – қалыпты салмақ;

25-30 – артық салмақ (бұны семіздік алдындағы жағдай деп те атайды);

30-35 – 1-дәрежелі семіздік;

35-40 – 2-дәрежелі семіздік;

40 және одан жоғары – 3-дәрежелі семіздік.

Егер диетолог таба алмасаңыз, эндокринолог дәрігерге барыңыз. Ол болмаса – терапевтке жүгініңіз. Терапевт сізге күнделікті мәзір дайындап бере алмаса да, жалпы кеңестер береді. 

Егер диетологиялық ауруханаға жататын мүмкіндік болса, жатыңыз. Бүгінде салмақты шамамен 10 пайызға түсіретін әдістер бар. Егер ондай мүмкіндік болмаса, дәрігермен кеңесе отырып, біртіндеп азыңыз.

Әрине, азу кім-кімге де оңай емес. Адамға жақындарының қолдауы, түсіністігі өте қажет. Қазіргі сәндегі 90х60х90 параметріне жету міндетті емес. Ең бастысы, азу нәтижесінде денсаулық көрсеткіштері қалыпқа келу керек. Атап айтсақ: қандағы глюкоза мөлшері қалыпқа келуі, бүйрек жұмысы жақсаруы, қан қысымы төмендеуі тиіс. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Бұл ұзақ және бұрынғыдан да жақсы өмір сүруіңіз үшін қажет.

Семіздік көптеген күрделі сырқаттарға соқтырады

Тамырлар, жүрек, ми

Әрбір артық килограмм бауырды 20 мг қосымша холестерин өндіруге мәжбүр етеді. Бұл атеросклерозға, ал атеросклероз инфаркт пен инсультке алып келеді.

Омырау

10 кг салмақ қосқандармен салыстырғанда, 18 жастан соң 27 килограмнан артық салмақ қосқан әйелдерде менопауза (етеккір тоқтау кезеңі) кезінде сүт безі обырына шалдығу қаупі 1,2-2 есе жоғары. 

Өт қалтасы

Семіздік кезінде өтте холестериннің мөлшері көбейеді, сондай-ақ ол тұрып қалады. Осы екі жағдай өттасына себепші.

Буындар

Артық салмақ тізе және бөксе-жамбас буындарына түсетін салмақты ұлғайтады. Артық салмағы жоқтармен салыстырғанда семіз адамдар артрозбен 4 жиі ауырады. Және де бұл ауру оларда тез асқынады.

Өкпе

Іш пен кеуде қуысы маңыңа майдың жиналуы диафрагманы қысады, содан өкпенің ауа алмастыруы нашарлайды. Арықтармен салыстырғанда толық адамдарда респираторлық аурулардың ағымы ауырлау болады, ал қолқа демікпесінің қаупі 1,5-2 есе жоғары.

Бауыр

Семіз адамдардың 80 пайызында май гепатозы дамиды. Бұл – бауыр жасушаларында май жиналып, оның қызметін қиындататын сырқат.

Ұйқы безі

1-дәрежелі семіздік кезінде сусамырға шалдығу қаупі 2 есе, 2-дәрежелі семіздік кезінде – 5 есе, 3-дәрежелі семіздік кезінде – 10 есе жоғары.

Ұрпақ өрбіту жүйесі

Май жасушалары әйел жыныс гормондарын – эстрогендер өндіреді. Әйелдер үшін бұл етеккір бұзылысымен, ерлер үшін жыныстық қауқар бұзылысымен, екеуіне де гормондық бедеулікпен қауіп төндіреді.

Г.Молдабекова, диетолог.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть