ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Балалардың улануы

Балалардың, әсіресе жас сәбилердің, улануы өкінішке қарай, жиі кездеседі. Химиялық және фармацевтикалық өндірістің жетістіктері біздің тұрмысымызда әдемі қалбырлар мен құтылардың көбеюіне ықпал етуде, ал оған қызығушылықпен қол созатын балалар әрқашан табылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының санақ мәліметтері бойынша, 15 жасқа дейінгі уланған әрбір 5 баланың біреуі қайтыс болады. Оның бестен бірі жүрек-қан тамырлары дәрілерінен, транквилизаторлардан, барбитураттардан, нейролептиктерден уланады. Ал тұрмыстық химиядан, әртүрлі улардан, алкогольден, ауыр металдан улану балаларда сирек.

Улану кезінде алғашқы көмек тез арда көрсетілгені дұрыс, себебі уланудың ағзаға әсер ету дәрежесі, тіпті баланың өмірі осыған байланысты.

Балалардың улануына көбіне-көп ересектердің қараусыз қалдырған дәрілері және тұрмыстық химия себеп болады.

Уланудың белгілеріне орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, ұйқышылдық, сананың тежелуі, аденамия, координацияның бұзылуы, мінез- құлықтың өзгеруі, сөйлемей қалу немесе көп сөйлеу, жылауықтық жатады. Уыттану күшейгенде психомоторлық қозу, мазасыздық, 14 жастан кіші балаларда құрысу, ал одан ересектерінде галлюцинация, озбырлық (агрессия), бұлшық ет гипертонусы байқалады. Келесі кезең – коматоздық жағдай. Тері түсінің бозаруы, цианоз, тахикардия немесе брадикардия, тамыр соғуының бәсеңдеуі, қан қысымының көтеріліп, кейін төмендеуі – бұл жүрек-қан тамыр жетіспеушілігінің белгісі. Қырылдап ауыр демалу өкпе ісінуінің бастапқы белгілері. Барлық уланулар ас қорыту жүйесінің бұзылуына – құсуға, іштің ауыруына, іші өтуге себеп болады.

Алғашқы көмек.

Егер ата-ана бала уланды деп күдіктенсе, дереу дәрігерге қарату керек. Оған дейін естиярлау балаларға таза жылы су ішкізіп, одан кейін құстыру қажет. Осылайша бірнеше рет асқазанды жуып, тазалағаннан кейін 5 түймедақ белсенділендірілген көмір берген жөн. Ал сәбилерге 3 түймедақ белсенді көмірді сумен ішкізу керек.

Егер сәби қышқыл немесе сілті ерітіндісінен уланса, оны құстыруға болмайды. Дереу өсімдік майын ішкізген жөн: 3 жасқа дейін – 1 шай қасық, 3 жастан 7 жасқа дейінгі балаға 2 шай қасық, 7 жастан жоғары 3 шай қасық.

Егер улану шырышты қабат немесе тері арқылы болса, ол жерді мұқият таза ағын сумен жуу керек. Зардап шеккен балаға дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек оның өмірін сақтап қана қоймай, ішкі ағзаларының ауыр зақымдануына жол бермейді.

Н.Абиев,
қалалық дәрігерлік
жедел жәрдем
стансасының дәрігер

Қызылорда

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть