ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Бас айналу

Бас айналу. Ол не?

         Бас айналуды көбінесе «қозғалыс иллюзиясы» деп атайды, былайша айтқанда, ол – денені дұрыс ұстай алмау және қозғалысты реттей алмау. Кім кім де бұндай күйді  бастан кешіреді. Мүмкін бала кезіңізде аттракционда шамадан көптеу айналып  қойған кезде  басыңыз айналған болар немесе ұшақта  сондай күйге түскен шығарсыз әлде достарыңызбен  артықтау  «думандатып»  қойған кездерде  бас айналуды  сезінген  сәттер де  болған шығар. Бас айналу  кез келген жаста бола береді. Егер басыңыз ешқандай себепсіз  айналатын болса  және бұл қайталана берсе, онда  мұндай ауытқушылықтың төркінін  анықтау  керек.

Бұл неден болады?

         Бас айналу маңайдағы  кеңістікті  дұрыс бағдарлау  қимылдарына  жауап  беретін вестибулярлық, көру және  сезіну сияқты үш физиологиялық  жүйеден келіп түсетін  ақпараттардың үйлеспейтіндігін көрсетеді.

Бас айналудың көптеген себептері бар. Мысалы, адам орнынан тез тұрғанда  немесе шұғыл  бұрылғанда  басы айналып,  бірте-бірте қалыпқа  келеді. Бұл жағдай – вегетативтік дисфункцияның  (вегетотамырлық, нейроайналымдық дистония).

Егер бас айналған кезде адамның есту  қабілеті нашарлап,  құлақта шу пайда  болса, оның үстіне  оған суық тисе, онда құлақтың  қабыну ауруы – отиттің басталғаны.

Ерте уақыттарда, сонау XIX ғасырда  бас сақинасымен  ауыратын адамның  басы айналатыны,  құлағы шыңылдап, естуі нашарлайтыны анықталған.

Мида ісік пайда болғанда  бас үнемі айналып тұрады,  қатты ауырады.  Ал, қан  айналымы бұзылса, мәселен, инсульт кезінде, бас айналумен қатар адамның  сөйлеу қабілеті де бұзылады,  әлсіздік,  қимыл-қозғалыстардың  шектелуі, естен  тану сияқты  белгілер  көбейеді.

Отырған күйде ұзақ уақыт  жұмыс істегеннен кейін шұғыл, шалт қимылдар жасаудан  бас айналып кететін  сәттер  болатынын көп адам біледі. Оған  мойын бұлшық еттерінің қатайып, қатты  ауыруы қосылады.  Мұндай жағдайларға  көбінесе бір орында көп отырып  жұмыс істейтін адамдар ұшырайды.  Мұндай  бас айналудың  себептері – құлақтағы және  кеңістікте денеге  бағдар беруші  ми  бөліктеріндегі қанмен қамтамасыз ету  қызметінің  бұзылуы. Бұл мойын бұлшық  еттеріне  шамадан тыс  күш түсіруден  болады.  Осындай күйді  мойын омыртқалары  жарақаттарын   алғандар  жиі сезінеді.

Бас айналуға кейбір дәрі-дәрмектерді, мәселен, антибиотиктерді, жоғары қан  қысымына  қарсы дәрілерді  қолдану, әсіресе  мөлшерден көп пайдалану да  себеп.

Сондай-ақ бас айналу әуе, теңіз, автокөліктерімен  жүрген кездерде,  қатты жылдамдық,  теңселу салдарынан болып тұрады. Қазіргі уақытта  осындай жайсыз сезімдерді  жоятын  көптеген  дәрі-дәрмектер бар.

Мұндайда агорафобия сияқты  құбылысты да  айта кеткен жөн. Бұл ашық кеңістіктен, әсіресе адам көп жиналған жерлерден қорқып-үрейлену  синдромы.  Осындай сырқаты бар адамдар жұрт көп шоғырланған жерлерде,  ал сырқаты  ауыр болса, тіпті  үйден шығар  сәттерде  бас айналуды сезінеді.

Бас айналу жиілесе, емделуді  неврологке, одан соң отоларингологке барудан  бастау  керек. Олар сізге  вестибуляторлық  тестілерден (калориялық  сынақ, ойлану тестілері), сондай-ақ  постурографиядан – көру, вестибулярлық және бұлшықеттік жүйелердің  өзара әрекеттесуін  зерттеуден  өтуді ұсынады. Есту аппаратының ауруын  анықтау үшін  бастапқы аудиометрияның, акустикалық импедансометрияның,  ал қан  тамырларының  жағдайын  білу үшін ультрадыбыстық  сканерлеудің немесе компьютерлік томографияның  қажет болуы мүмкін.

Егер басыңыз күтпеген жерден, кенеттен айналса, тынышталуға тырысыңыз, сабыр сақтаңыз, үрейленбеңіз. Отырыңыз, көзіңізді жұмбай, бір нүктеге қараңыз. Бас айналумен қатар  бұрын болмаған, жағымсыз  ауру белгілерін сезінсеңіз (қол мен аяқтың ұюы, сөйлеу қызметінің бұзылуы, кеуде  тұстарының ауруы), дереу дәрігер шақыру керек.

Бастың үнемі айналуын емдеудің мәні оның себептерімен күресуде, ал емдеу тәсілдерін  емдеуші дәрігер белгілейді.

Мейіз Бектаева,

невропатолог.

Ұқсас мақалалар

Закрыть