ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Блефарит

Журналымыздың редакциясына көз ауруларына байланысты дәрігерлік кеңес сұраған хаттар жиі келеді. Біз бүгін көздің блефарит ауруы туралы оқырмандарымызға түсіндіріп беру үшін жоғары санатты  дәрігер-офтальмолог Бекбасова Әсел Жеңісқызына бірнеше сұрақ қойған едік.

Әсел Жеңісқызы, блефарит қандай ауру? Әуелі осыны түсіндіріп берсеңіз.

Көз ауруының түрлері көп. Солардың бірі – блефарит.  Ол көздің айналасы суықтауынан болатын ауру. Блефариттің пайда болуына созылмалы жұқпалы аурулар мен аллергиялық аурулар, вирустық инфекциялар,  дәруменнің жеткіліксіздігі, қан аздық, ас қорыту органдарының, тістің, жұтқыншақтың ауруы, көздің көру қабілетінің төмендеуі (алыстан көрмеу, жақыннан көрмеу, астигматизм), сондай-ақ көздің желден, шаңнан, түтіннен залалдануы себеп болуы мүмкін. Блефарит адам бойындағы иммунитеттің төмендеуінің де белгісі. Блефариттің бірнеше түрі болады. Олардың ішінде жиірек кездесетін қарапайым түрі –  қабыршақты қышыма блефарит. Оның себоройный деген түрі де  бар. Демодекоздық блефаритті Демодексом кенесі қоздырады. Бұл кене кірпіктердің түбіршіктерінде орын тебеді, кейде беттің басқа да жерлерінде ауру тудырады.

Бұл аурудың алғашқы белгілерін қалай байқауға болады?

Оның алғашқы белгілерін көздің айнала қабағының ісінуінен, көздің қызаруынан, кірпік түптерінде ақсұр қабыршақ пайда болуынан аңғаруға болады. Мұндайда кірпік айналасы қышымсып, кірпік түсе бастайды. Көз тез талады, жасаурайды, желді, шақырайған жарықты, шаң-тозаңды қаламайды. Ауру асқына келе көздің айналасында іріңді қабыршықтар пайда болып, қанды жарақаттар көріне бастайды. Жарақаттан қалған тыртықшалар көз аясының өзгеріске ұшырауына, кірпіктің дұрыс өспеуіне ықпал етеді. Кірпік кейде көз жанарына қарай қарама-қарсы өсіп, ол көзді шаршатады, ығыр етеді. Кірпіктер сирексиді, жіңішкереді, жиі түседі, оның орнына қайта өсіп шығуы тежеледі. Бұл ауру кейде аталған белгілер көрінбей-ақ, яғни қышымай және жара шықпай-ақ өтуі мүмкін. Мұндайда көз еті жұқарып, қызарады, майдаланады. Қысқанда шеміршектен ақ түсті қоймалжың зат бөлінеді. Блефаритті қабақтың астыңғы тұстарын зер сала қарап, сондай-ақ арнаулы офтальмологиялық микроскоп  – саңылаулы шамның көмегімен анықтауға болады. Кейбір жағдайларда қосымша зертханалық зерттеу жүргізіп, коньюктивтің бактериологиялық құрамын алу қажет болады, кірпіктерді демодекстік тұрғыдан микроскопиялық зерттеу мүмкіндігі де бар. Алайда дұрыс нақтаманы тек офтальмолог дәрігер ғана қоя алатынын ұмытпаудың маңызы зор.  Аурудың нақты себебін дәл анықтау емнің шипалы болуын қамтамасыз етеді. 

Ал енді блефариттен қалай емделуге болады?

Емдеу кезінде көбінесе өзіндік ерекшеліктері  бар дәрі-дәрмектер пайдаланылады. Олардың қайсысын қолдану керек, ол аурудың пайда болу себептеріне байланысты: демодекоздық тұрғыда болғанда «Блефарогель №2», «Демалан» т.б. дәрілер пайдаланылады, бактериалық сипатта болса, тетрациклиндік көз жұқпасы немесе «Флоксимед» қолданылады, аллергия себепші болса, гидрокортизанды жұқпа маймен емдейді. Блефарогель, Мирамистин  сияқты антисептиктік дәрі-дәрмектер, календула ерітіндісі т.с.с. да ем болатын жағдайлар болады.  Сондай-ақ антибиотиктері мен қабынуға қарсы құрамдас заттары бар көзге тамызатын тамшылар (Тобрадекс, макси-трол) қолданылады.

Қабақтың астыңғы тұсын емдеу шараларын (жоғарыда аталған емдік құралдарды қолдану) аурудың өзі немесе отбасы мүшелерінің көмегімен үйде де жасай алады. Кейбір жағдайларда, мәселен қабақасты бездерінен сұйықтық бөліну реті бұзылғанда, блефаритпен ауырғанда, қабақасты тұстарын уқалау (массаж) қажет болады, бірақ оны дәрігерлік кеңес бойынша ғана мұқият жасау керек. Блефаритті емдеуді кешенді түрде жүргізі қажет – гигиеналық процедуралар күнделікті жасалып, әртүрлі дәрі-дәрмектер қолданылуға тиіс. Ең бастысы – басталған емді соңына дейін жеткізу керек (бұл ауруды емдеу бірнеше айға жалғасуы мүмкін)    .

Иммунитет төмендеген жағдайда дәрумендік терапия және жалпы әл беретін шаралар өткізілуге тиіс. Егер эндокриндік жүйе немесе асқазан-ішек жолы тарапынан созылмалы сырқаттар орын алған болса, сол салалардың мамандарынан қосымша ақыл-кеңес алу қажет.

Блефаритті емдеу ұзаққа созылатын әрі күрделі үдеріс, кешенді түрде зерттеліп-қаралмаса, асқына беруі мүмкін.

Осыған орай айтарымыз, Алматыдағы  «Медина» медициналық орталығындағы блефаритті емдеуге деген байыпты көзқарас пен кешенді тұрғыдағы емдеу әдісі бұл істе нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

                                            Әңгімелескен Құралай Мырзаханқызы

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть