ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Бүйрек аурулары

Бүйректер – сыртқа шығару ағзалары. Олардың қызметі организмді заттар алмасу барысында пайда болатын қажетсіз және зиянды өнімдерден босату, сондай-ақ организм сұйықтықтарының – қанның, лимфаның химиялық құрамы мен физикалық қасиеттерін демеп отыру.

Бүйректер түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін: нефрит, нефроз, бүйрекке тас байлану. Бұл аурулардың пайда болуына жалпы себеп – жіті жұқпалы аурулар, микробтар, дененің шамадан тыс суықтауы, заттар алмасуының бұзылуы.

Нефрит кезінде негізінен бүйрек шумақшалары, ал нефрозда бүйрек арналары зақымдалады. Нефриттің бірнеше түрі бар. Гломерулонефрит – аутоиммундық сырқат. Бұл кезде иммундық жүйе стрептоктар қабығы ақуыздарына ғана емес, бүйрек қылтамырлары ішкі қабығының жасушалары элементтеріне де антиденелер өндіреді. Пиелонефрит – бүйрек пен оның астауының қабынуы. Бүйрекке тас байлану – бүйректе несеп тастары түзілетін ауру. Нефрит жіті және созылмалы болып бөлінеді. Ауру жұқпалы сырқаттан соң дамиды.

Нефрит белгілері: шаршаңқылық, бел аумағының аздап ауырсынуы. Жіті нефрит – тек бүйректің емес, бүкіл организмнің тамыр жүйесінің сырқаты. Сондықтан оның тағы бір белгісі – қан қысымының жоғарылауы. Бүйректе қабыну үдерісінің бар екендігін көрсететін тағы бір белгісі – несеп көлемінің күрт азаюы және осының нәттижесінде ісіну. Несепте қан мен ақуыз болуы мүмкін. Егер ем уақытылы жүргізілмесе (ол тек дәрігердің қатаң бақылауымен іске асырылады), жіті нефриттің созылмалы түрге ауысуы мүмкін.

Гломерулонефрит – аутоиммундық сырқат. Оның себептері бактериялардың тіршілік өнімдеріне иммундық реакция, стрептококк, стафилококк жұқпалары болуы мүмкін. Гломерулонефрит гепатит, жіті респираторлық вирустық жұқпалар (ЖРВЖ), ішек құрттары, т.б. аурулардан соң бүйрек шумақшаларын зақымдауы мүмкін. Ауру белгілері – бел аумағының ауырсынуы, беттің ісінуі, организмде сұйықтықтың іркілуі салдарынан салмақ қосу, артериялық қан қысымының көтерілуі. Кез келген дімкәстік белгілері байқалу бойына, тез арада дәрігерге қаралу керек. Өйткені қан, несеп, т.б. талдаулары ғана нақтаманы дұрыс қоюға мүмкіндік береді.   

Нефроз ісінумен, несеппен бірге ақуыздың мол бөлінуімен білінеді. Сұйықтықтың тіндерде іркілуі салдарынан сыртқа шығатын несеп көлемі азаяды. Нефриттен өзгешелігі, нефроз кезінде организмнен қалдықтар сыртқа шығады, қан қысымы жоғарыламайды.

Пиелонефрит кезінде қабыну бүйрек астауын да қамтиды. Ауру қоздырғышы – микробтар және көбіне ішек таяқшасы. Әйелдерде қауіп факторлары жыныс жұқпалары, ал ерлерде қатты суықтау болуы мүмкін. Пиелонефрит жіті және созылмалы, біржақты және екіжақты болады. Жіті пиелонефрит кезінде тоңазу, құсу, жоғары дене температурасы, бел аумағының ауырсынуы байқалады. Несепте ақуыз, лейкоциттер мол болады. Қанда да лейкоциттер көбейеді. Созылмалы түрі бір өршіп, бір басылып отырады. Гипертония мен бастың ауыруы жиі. Егер пиелонефрит біржақты болса және ауырған жақтағы несепағар бітелсе, несеп талдауы қалыпты болуы мүмкін. Өйткені несеп тек сау бүйректен шығады.

Бүйрекке тас байлану организмде заттар алмасуының, әсіресе су-тұз алмасуының, бұзылуынан болады. Бұған бауыр, асқазан-ішек жолы, ішкі секреция бездерінің (қалқанша без, гипофиз) сырқаттары ықпал етуі мүмкін. Аурудың дамуына сондай-ақ тағам, оның ұзақ уақыт біртекті болуы да әсер етеді. Мәселен, өсімдік тағамдары несептің сілтіленуіне, ал ет қышқылдануына алып келеді. Сонымен қатар күнделікті дәмде дәрумендердің, атап айтқанда А және D дәрумендерінің, жетіспеушілігі де маңызды рөл атқарады. Бүйрекке тас байлану кезінде бел аумағы ауырады, ауырсыну жыныс ағзалары мен шатқа тарайды.

Алдын алу жолдары

Негізгі алдын алу амалдары – жұқпалы аурулармен күресу, организмді шынықтыру, нығайту, сайма-сай тамақтану.

Бүйректердің созылмалы сырқаттарының алдын алудың ең дұрыс жолы – жіті нефритті, нефрозды, бүйрекке тас байлануды дер кезінде және сапалы емдеу.

А.Дархан,

терапевт, жоғары санаты дәрігер

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть