ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Буынға да бап керек

Бүгінде көп тараған аурулардың бірі – буын сырқаты. Оның пайда болу себептері әртүрлі. Көп жағдайда адамның аз қимылдауы, суықтау, экологияның зиянды әсері, кальцийдің жетіспеуінен туындайды. Адам 25 жасқа дейін ғана кальцийді өз ағзасынан ала алады. Ал 25 жастан кейін міндетті түрде ағзаның кальций қорын толықтырып отыру керек. Мұндайда сүт, сүт өнімдерін мол пайдаланудың маңызы зор. Бұл ауру асқынып кетсе, өмір сапасын нашарлатады. Тіпті мүгедектікке де алып келуі мүмкін.  Сондықтан әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

         Остеоартроз – қол–аяқ, омыртқа бағанасы буындарының дегенерациялық-дистрофиялық ауруы. Бұл жағдайда буындардың шеміршегі ыдырап жойылады, осыдан сүйектердің беттері жалаңаштанады, шеттік остеофиттер және екінші синовит дамиды. Негізінде, буын шеміршегінің дегенерациясы организмнің табиғи қартаюынан дамитын физиологиялық үдерістердің бірі. Остеоартроз жасы 60-тан асқан адамдардың барлығында болады.

                Даму тегіне қарай остеоартрозды екі түрге бөлуге болады. Бірінші түрі – бұрын зақымданбаған сау буын шеміршектерінің уақытынан ерте тозуы. Екінші түрі – бұрын болған зақымдардың салдарынан буын шеміршегінің жүре келе дамитын дегенерациялық бұзылысы. Сау шеміршектің беті тегіс, жылтыр және синовиалық сұйықтықпен майланып тұрады. Шеміршектің негізгі заты протеогликандардан, гиалурон қышқылынан құралған. Протеогликандар сумен және қышқылмен тығыз байланысқан, шеміршек құрамының 70 %-ы судан тұрады. Судың молдығы салмақ түскенде шеміршектің басылуына жол бермейді. Су мен коллаген жеткілікті болса, шеміршек мықты болады. Мұндай құрылым шеміршектің эластикалық, яғни серпімділік қасиетін қамтамасыз етеді. Остеоартроз кезінде түрлі себептерден шеміршек уақытынан бұрын тозып, тез «қартаяды». Шеміршектің метаболизмі бұзылып, хондроциттер жойылады, протеогликандары азаяды. Шеміршек құрғай бастайды. Дерттің ертелеу сатысында шеміршек жұмсарып, беті бүртіктеніп, жылтырлығынан айырылады. Бара-бара шеміршек тозып жұқарады, талшықтары ыдырайды, шеміршектер тілініп жарылады, осыдан бетінде көптеген саңылаулар пайда болады. Шеміршектің жұқаруынан және жойылуынан буынның жігі тарылады, жалаңаштанған сүйектердің бастары бір-біріне тақалып, үйкеліп,  беттері тығыздалады. Остеоартроздың этиологиясында ішкі және сыртқы факторлар айқындалуы керек.

         Ішкі факторлар:

  • дене бітімінің немесе қимыл-тірек жүйесінің кемістігінен буын беттері үйлесімділігінің жойылуы (қазтабан, омыртқа бағанасының сколиозы, буын осінің ауытқуы, байламдардың осалдығы, сіңірдің созылуы, т.б.) ;
  • буынға салмақ түсіретін семіздік;
  • эндокриндік бұзылыстар (қантты диабет, акромегалия, гипотиреоз, климакс);
  • метаболизмдік бұзылыстар;
  • буын шеміршегінің гендер кемістігінен осалдығы;

Сыртқы факторлар:

  • жарақаттар, микрожарақаттар;
  • түрлі заттармен улану;
  • физикалық ықпалдар (суықтану, ылғалдылық, сәулелену, вибрация).

Күш түсетін буындар жиірек зақымданады. Көбіне саусақтардың фалангааралық буындары, үлкен башпайдың табан-фалангалық буыны, тізе, ұршық, мойын, беломыртқа буындары зақымданады. Аурудың басты белгісі – буындардың ауыруы, яғни салмақ түскенде, мысалы жүргенде, баспалдақпен көтеріліп түскенде, буындардың ауыруы күнұзақ жүріп-тұрудан, әртүрлі қимылдардан кешке қарай күшейе түседі, ал түнде, тыныш жағдайда басылады. Тағы бір ерекшелік – буындардың алғаш қадамдар жасағанда қатты ауыруы. Буындар салқын тисе, ауа райы нашарласа және салмақ түссе, сыздап, кейде кеміріп ауырады. Жергілікті қанайналымның бұзылысынан және гипоксиядан, ұзақ бір қалыпта болғанда, буындар шамалы уақыт сіресуі мүмкін. Бірақ сіресу 30 минуттан артыққа созылмайды. Сүйек беттерінің бұдырлануы салдарынан қозғалтқанда буындар сыртылдайды (буындардың крепитациясы). Тексеру кезінде  буындардың крепитациясы, ауырсынуы, ісінуі және қимыл көлемінің шектелуі байқалады. Кеселдің кештеу сатысында буын маңы тінінде фиброздық үдерістер дамиды, шел қабаты қалыңдайды, бұлшықеті атрофияланады, осыдан буынның пішіні біршама бұзылады. Саусақ буындарының зақымдануы (жиі кездесетін жағдай) кезінде саусақтың шеткі және ортаңғы фалангааралық буындары бұзылады. Остеофиттер буынның сыртында түйін тәрізді көрінеді. Түйіндер шығар алдында буындар біраз уақыт ашып, шаншып, ұйып ауырады. Бірақ түйіндер шыққан соң бұл белгілер басылады. Түйінді остеоартроз тұқым қуалауға бейім, әсіресе әйел тарапынан бірнеше ұрпаққа таралады. Қол ұшымен, әсіресе, суық суда, көп жұмыс жасағанда буындар ісініп қызарады. Аурудың асқыну сатысында саусақтың ұштары қисаяды, кейде остеофиттер тек түйін сияқты болып қоймай, буынды жағалай өсіп, сақина тәрізденеді. Үй шаруасымен немесе кейбір кәсіптермен айналысатын адамдарда бас бармақтың білезік-алақан буыны жиі зақымданады. Мұндай науқас бармағын алақанына қарай бүгіп жүруге мәжбүр болады. Рентгенограммада үлкен жіліншіктің айдаршықтық өсіндісі биіктеп, сүйірленуі, буын саңылауының тарылуы, көптеген остеофиттердің болуы анықталады.

Остеоартроздың рентгендік көрінісіне мына белгілер тән:

  1. Шеміршектің бұзылуынан буын жігінің тарылуы;
  2. Эпифиздердің жиекшелік остеоартрозы (субхондралық остеосклероз);
  3. Эпифиздер шетін жағалаған остеофиттер;
  4. Сүйектердің басында жылауықтардың түзілуі;
  5. Сүйектердің ұясынан таюы;
  6. Остеопороз.

Ревматоидтық артриттен, подаградан, туберкулездік спондилиттен, Бехтерев ауруынан және омыртқа бағанасының ісігінен ажырата нақтамалау қажет.

Емнің негізгі мақсаты – ауырсынуды басу, шеміршектің бұзылысына жол бермеу және зақымданған буынға күш түсуін жеңілдету.

  1. Зақымданған буындарға күш түсуді азайту. Ұзақ жүруге, тұруға (жүргеннен гөрі тұрған қиындау), баспалдақпен жиі көтеріліп, түсуге тыйым салынады. Жүріс арасында 5-10 минут тынығу және таяққа немесе балдаққа сүйеніп жүру қажет. Буынға түсетін салмақты азайтудың келесі бір жолы – дене салмағын қалыпқа келтіру. Арықтау үшін гипокалориялық емдәм, жалпы массаж, ашығу күндерін қолданады.
  2. Шеміршек метаболизмнің және сүйек типінің микроциркуляциясын арттыру.

Нұрбөбек Садықов,

дәрігер.

Ұқсас мақалалар

Закрыть