ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Гастрит

Гастрит – бүгінде кең тараған асқазан ауруы. Ол асқазан терісінің ішкі шырышты қабатының қабынуы. Қабыну ұлтабарға жайылғанда гастродуоденит пайда болады. Гастриттің және гастродуодениттің екі түрі болады: асқазан сөлінің төмен қышқылдылығы және жоғары қышқылдылығы.

Сырқат өте өткір болады – алғаш басталғанда шұғыл дамиды, ал созылмалы түрінде ауыру ұстамалары оншалықты жиі болмайды, бірақ белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде қайталанып тұрады. Егер өткір гастритті емдемесе, ол уақыт өте келе созылмалы түрге айналады.

Гастрит және гастродуоденит асқазан-ішек жолдары ауруларының ең көп тараған түрлері. Статистика бойынша бұл аурулармен жер бетінде ересек адамдардың жартысынан астамы сырқаттанады.

Гастриттің пайда болуына мынадай  себептер түрткі болады:

  • Кейбір дәрілерді ұзақ уақыт бойы қабылдау;
  • Дұрыс тамақтанбау – тағамды толық шайнамау, сапасыз азық түрлерін пайдалану (соның ішінде  консервантты азық-түліктер), ащы және маринадталған тағамдарды жиі жеу, «құрғақ» тамақтану, тамақтану арасындағы  ұзақ үзілістер;
  • Helicobacter pylory (хеликобактер пилори) – асқазанға енетін  бактерия (оларды көбінесе  тарақандар таратады);
  • Зиянды әдеттер – алкогольді жиі пайдалану, шылым шегу;
  • Ас қорыту жүйесінің басқа ағзаларының ілеспе аурулары;
  • «Жүре» тамақтану, асты асығыс, құрғақ жеу;
  • Қазіргі азық-түлік түрлері: тазаланған дәнді дақылдар,  рафинадталған майлар,  аста консерванттардың, эмульгаторлардың, ал ет-майда гормондардың және антибиотиктердің болуы.

Гастриттер сонымен қатар асқазан сөлінің төмен немесе жоғары секрециялы болуымен ерекшеленеді.

Өткір гастриттің пайда болып, даму себептері көп. Оған асты көп мөлшерде жеу, алкоголь, сапасыз тамақ өнімдері, түрлі дәрілер, зат алмасудың бұзылуы, бауыр және бүйрек аурулары себеп болады.  Оның мәні мынада: асқазанның сілемейлі қабаты және оның құрамындағы бездер зақымданады. Зақымданған жерлер қабынады.  Қабыну сілемейлі қабатпен ғана шектелуі мүмкін, ал кейде асқазанның тереңдегі талшықтарынан бұлшық еттерге дейін қамтиды. Гастриттің қарапайым (катаралдық), коррозиялық және флегмоноздық түрлері болады.

Өткір гастриттің белгілері

Кенеттен асқазан тұсы ауырлап, батады, желінген тағамның иісін  немесе шіріген жұмыртқа иісін  білдіретін кекіру басталады. Өткір гастрит кезінде тілді ақ түсті шырыш басып, адамның жүрегі айниды, кейде тіпті құсады.

1-2 күннен кейін тіпті емдеусіз-ақ гастрит белгілері ғайып болып, ағза толық сауығады.

Созылмалы гастрит

Бұл – мейлінше көп тараған ауру түрі. Ас қорыту органдары ауруға шалдыққан жағдайлардың үштен бірінде осы сырқат пайда болады. Созылмалы гастрит дегеніміз  –  асқазанның сілемейлі қабатының  ұзақ уақыт бойы созылмалы түрде қабынуы. Созылмалы гастрит ағзаға ұзақ уақыт бойы жайсыз әсер ете отырып дамиды. Сондай-ақ оның дамуына басқа да созылмалы аурулар ықпал етеді.

Созылмалы гастриттердің төмендегідей түрлері болады:

  • созылмалы хеликобактериялық гастрит (бұған барлық гастрит түрлерінің 70 пайызына жуығы жатады)
  • созылмалы аутоиммундық гастрит (бұған барлық гастриттердің  15-18 пайызына жуығы тән)
  • созылмалы аутоиммундық гастрит (бұған барлық гастриттердің  15-18 пайызына жуығы тән)
  • идиопатикалық созылмалы гастрит (пайда болу себептері белгісіз)
  • реактивті созылмалы гастрит
  • созылмалы гастриттің ерекше түрлері

Созылмалы гастриттің ерекше түрлеріне геморрагиялық, ригидтік,  алып гипертрофиялық және полипоздық  гастриттер жатады.

Созылмалы гастриттің ең көп тараған нұсқасы – хеликобактериялық гастрит. Гастрит ауруын бұл жағдайда Helicobacter pylory бактериясы қоздырады. Ол бактериялар асқазанға тап болған соң ұзақ уақыт  тіршілік етеді, сол уақытта асқазан терісін зақымдап, гастритке ұшыратады.

Созылмалы гастрит белгілері

Созылмалы гастрит кезінде адамның тамаққа тәбеті нашарлайды,  ауызда жағымсыз дәм пайда болып, кекіру басталады, жүрегі айнып,  құсуы да мүмкін. Ең жиі байқалатын белгісі – тамақтан соң асқазан асты кеуіп, батады, қыжыл пайда болады. Кейде ас ішкеннен кейін асқазан асты ауырады.

Гастроэнтеролог пальпаторлық тексеру өткізгенде сырқаттар асқазан астының жиі ауыратынын айтады.

Гастритті емдеу әдістері

Қомағай адамдар қаншалықты наразы болса да, гастритті емдеу емдәмнен басталады.

Гастроэнтерологтар тамақтану кезінде төмендегідей ережелерді сақтауды ұсынады:

  • Тағам және сусындар тым суық та, өте ыстық та болмауы керек
  • Қатты тағамды қашан да мұқият шайнап жеу керек
  • Күніне бірнеше рет (кемінде 5 рет), бірақ аз мөлшерде тамақ жеу қажет

Helicobacter pylory – хеликобактер бактериясын емдеу – өте күрделі іс. Хеликобактерді емдеу тәсіліне бірнеше антибиотикті пайдалану  міндетті түрде кіреді, емдеу 10-14 күнге созылады.

Асқазан қыжылын және ащы кекіруді емдеу үшін маалокспен үйлестіріле қосылған фосфалюгель қолданылады. Олардың мөлшерін дәрігерлер белгілейді.

Мотилиумды гастроэнтерологтар асқазанның қозғалыс қызметін  жақсарту үшін пайдалануды ұсынады. Асқазанның сілемейлі қабатын сауықтыру үшін гастроэнтерологтар салкосерил сияқты препаратты қолдануға кеңес береді. 

Сондай-ақ калефлан, гастрофарм, карнитин (20 %-дық ерітінді), шырғанақ майы қолданылады.

Аз және орташа мөлшерде минералданған (көбінесе сілтілі), газ қосылмаған минералды  су ішкен дұрыс, мұндай суларды жылы  күйінде (37-38 градус) күніне 3 рет тамақтанудан 1-1,5 сағат бұрын  ішу керек (газы алдын ала шығарылады). Емдеу уақыты — 21-24 күн. Егер іш өткізетін холецистит, колит сияқты серіктес сырқаттар болса,  температурасы жоғарырақ (42-46 градус) минералды су ішкен жөн.

Гастрит кезіндегі емдәм

Секреция қызметі  төмендеген  (қышқылдық  төмен немесе қалыпты болғанда) гастрит үшін майлы емес әртүрлі сорпа қосылған сұйық көжелер (жармалармен және көкөністермен қайнатылған), майсыз ет (тіпті қуырылған болса да,  бірақ сырты қатты болмауы керек) , майсыз балық, онша қышқыл емес, жаңадан  әзірленген  ашытылған сүт өнімдері,  ұннан  пісірілген  нан түрлері,  кептірілген нан, қайнатылған немесе балғын күйдегі  көкөністер  мен жемістер,  сүт, шикі немесе омлет түріндегі жұмыртқа,  жақсы піскен әртүрлі ботқалар, жеміс және көкөніс шырындары,  сары май,  шай, кофе, суға қайнатылған какао (сүт қосса да болады), қант ұсынылады.  Күніне  кем дегенде  5 рет тамақтанған дұрыс. 

Секрециялық қызметі жоғары гастрит кезінде де емдәм сақтау керек,  ол қышқылдық мөлшерден көп бөлінуін тоқтататындай болуға тиіс.  Мұндайда қуырылған тағамнан бас тартқан жөн. Тағамдардан сүт, айран, йогурт, ащы емес сыр, ашымаған, мерзімі өтпеген ірімшік, қаймақ т.с.с. сіңімді болады. Жұмыртқаны буға немесе суға пісіру керек. Семіз емес балық пен етті де суға қайнатып жеген дұрыс. Көкөністерді қайнатып немесе пюре түрінде жеу пайдалы. Шикідей салатты, пиязды, аскөкті ғана пайдалану  керек.  Нанның құрғақ болғаны жөн, кептірілген  нан тиімдірек. Ет өнімдерінен  диеталық шұжықшаларды, майлы емес шұжықты, сан еттерін таңдаған дұрыс. Сондай-ақ семіз емес қақталған балықтың да зияны жоқ. Қышқылдығы жоғары гастрит кезінде майсыз қайнатылған сорпа, ұсақталған көкөніс немесе жарма қосылған  сұйық көже ішу керек. Жіңішке немесе ұсақталған макарон түрлерін,  жарманың  кез-келген түрлерін, әбден пісірілген  ботқаларды пайдалануға болады. Майлардың ішінде сары май, торта май және өсімдік майы (күнбағыс, зәйтүн) зиянсыз. Тұздықты ет немесе балық сорпасымен әзірленсе ғана пайдалану қажет. Кілегейлі  тұздықтарды да пайдалануға рұқсат етіледі. Ащы көкөністер пайдалануға жарамсыз. Лавр жапырағын тағамға аздап  қосуға болады.  Шай, какао және кофе ішкеннің зияны жоқ.

Пайдалануға тыйым салынатын ішімдіктер мен тағамдар:

алкоголь (мүлде болмайды); жаңа пісірілген кондитерлік  тағамдар;  тоқаштар;  қатты ірімшіктер;  қара нан; майлы ет, балық; қалбырланған өнімдер; асқа дәм беретін өсімдіктер; қуырылған картоп және картоп фриі; қырыққабат; дәмі ащы көкөністер; қабықты жемістер (бұларға қызанақ та қосылады), әсіресе жүзім; шошқаның тұздалған майы; төстің еті; майлы кілегей; кәмпиттер; шоколадтар; дәмі өткір, барлық ащы тағамдары.

Бекболат Құрманалиев,

терапевт-дәрігер.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть