ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Іш қату

«Денсаулық» журналының редакциясына іш қату (атония) ауруының себеп-салдарын және оның алдын алу, емдеу жолдарын түсіндіруді сұраған оқырман хаттары жиі келеді. Осыған байланысты бүгін маман-дәрігердің кеңесін ұсынып отырмыз.

Бүгінде кең тараған аурулардың бірі – іш қату. Оның негізгі белгілері: кісінің іші ауырып, кебеді, ішек жолдарында қолайсыздық пайда болып, іш қатады, артериялық қан қысымы жоғарылайды, тамаққа зауқы соқпайды, әлсіздік пайда болып, дене қызуы көтеріледі, іштің маңайы батып ауырады.

Іш қату (атония) кезінде науқас ішек жолдарын босату қиындығына ұшырайды. Ішек жолдары атониясы басталғанда ауырған адамның үлкен дәретке отыруы сирейді, аралық уақыт ұзара түседі, дәретке отыруы қиындайды. Іш қату – патологиялық жағдайлардың тұтас бір жиынтығының көрінісі немесе ағзаға кері әсер ететін белгілі бір жайсыз факторлардың айғағы.

Іш қату ішектердегі бұлшық еттердің әлсіреуінен пайда болады. Ауру кезінде бұлшық еттер кейде тартылып, кейде керісінше, тым жұмсарып, әлсіреп кетеді. Атап айту керек, мұндай проблемалар әртүрлі ерекшелік белгілеріне қарай көп жағдайларда созылмалы түрге ауысады, демек, бірнеше жылға жалғасуы мүмкін.

Іш қату негізінен, ішек жолдары атониясынан пайда болады. Ішек жолдары атониясы себеп болатын басқа да іш қату түрлері бар. Мәселен, тамақтануға салғырт қарау салдарынан пайда болатын алиментарлық іш қату жиірек кездеседі. Сонымен қатар психогендік,  токсиндік, эндокриндік және неврогендік іш қату түрлері болады. Бұлшық еттердің және аноректалдық аумақтың әлсіреуі себеп болатын іш қату түрі де кездеседі.

Ішек жолдарынан заттардың өтуін қиындататын механикалық бөгесіндер түрінде іш қатудың пайда болуына себеп болатын жағдайлар да бар. Ондай кедергілерге ісіктер немесе полиптер, сондай-ақ тоқ ішектің дамуы барысында пайда болатын ішектердің жабысуы, т.б. ауытқулар жатады.

Ішек жолы атониясынан пайда болатын іш қатулармен байланысты жайсыздықтарды үнемі сезінетін адамдардың ішек қуыстарында зиянды заттар (шлак) тұрып қалады. Кейбір жағдайларда ондай тұстарда капролиттер де (нәжіс тастары), жылбысқы, сондай-ақ құрамында зиянды микроағзалар мен токсиндер (улы заттар) бар тұнбалар түзіледі.

Сұйық заттар да, дәруменді микроэлементтер де дәл осы тоқішекке белсенді түрде сіңеді. Сондықтан да іш қату жиі мазалайтын адамдар зиянды заттардың қанға араласуы себепті ішкі улану (интоксикация) зардаптарын шегеді.

Нәтижесінде кілегей қабатты ішек қабынып, оның салдарынан микрофлора жағдайы бұзылады. Сонымен бірге бүкіл ағзаның жалпы жағдайы нашарлайды. Аурудың бұлай дамуы аллергиялық реакциялардың, сондай-ақ иммундық ауытқулардың пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін.

Ішек жолдарының жоғары деңгейде шлактануы онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін күшейтеді.

Ішек жолдары атониясы белгілерін қалай байқауға болады?

Жоғарыда атап өткеніміздей, біз қарастырып  отырған аурудың негізгі белгісі – іш қату. Атониялық іш қатуларға дәретке отыру мерзімі қырық сегіз сағаттан, тіпті оданда ұзақ мерзімге кешіккен жағдайда мән беру керек. Мұндай жағдайларда іш ауырып, кебеді, жайсыздық сезіледі. Соның салдарынан жалпы ағза жағдайы төмендеп, адамның өңі, бет терісінің түсі өзгеріп, әлсіздік пайда болады.

Іш қату ұзақтығы үш тәуліктен асса, ауру адамның дене қызуы мен қан қысымы жоғарылауы мүмкін. Сонымен қатар іш маңайы ауырсынып, тамаққа деген тәбеті толық жойылады.

Негізінен, қарынның көк еті мен сегізкөздің әлсіреуінен пайда болатын атониялық іш қату ілеспе ауруларсыз, ауыру сезімдерінсіз сап тиылады. Жалпы алғанда, мұндай құбылыстар, жүкті болғанда және босанған соң жиі кездеседі. Кейбір жағдайларда ішек жолдары атониясы әйелдерде етек кірі келгенде, сондай-ақ өкпе эмфиземі тұсында, семіргенде және гипокинезия кезінде дамиды. Бұл ауру ұзақ уақыт төсек тартып жату салдарынан да бастау алады.

Атониялық іш қатуларды қоздыратын жағдайлар – тамақтану тәртібінің бұзылуы, гиподинамия, ашығу, ұдайы күйзелісте болу, сондай-ақ дефекацияға (дәрет сындыруға) бөгет болатын әдеттен тыс жаңа жағдайлар. Мұнымен бірге, осындай себептерге жұқпалы, эндокриндік ауруларды, кейбір дәрі-дәрмектерді қолдануды жатқызуға болады. Қарастырылып отырған ауруды нақтамалу ішек жолдары қызметіндегі ауытқушылықтар себебін анықтау үшін қажет. Осыған сәйкес маман дәрігер ауруға міндетті түрде егжей-тегжейлі сұрақтар қояды, алынған жауаптар негізінде оның өмір сүру жағдайының ерекшеліктері жан-жақты айқындалады. Сонымен қатар тамақтану жағдайы, тұқым қуалаушылық еркшеліктері есепке алынады. Дәреті сараптамадан өткізіліп, басқа да тексерулер өткізіледі. Қажет болған жағдайда ішек жолында ауытқушылықтың бар-жоғын анықтау мақсатында колоноскопия түріндегі тексеру жүргізіледі.

Науқастар көбінесе өздері пайдаланған іш қуатын дәрі-дәрмектер әсер етуін қойғанда ғана маман дәрігерлерге барады. Бұл мүлде дұрыс емес, өйткені іш қуатын дәстүрлі дәрі-дәрмектер – уақытша әсер етеді. Олар іш қатудың себептерін жоя алмайды, ал ішектің кілегей қабатына тигізетін әсері оны тек жансыздандырады, нәтижесінде мұның өзі ауруды күрделендіре түседі.

Сол себептен, ішек жолы атониясын емдеу ең алдымен тамақтанудың белгілі бір құрамын белгілеп, емдәм сақтауға негізделеді. Тамақты аз-аздан ғана қабылдау керек. Күнделікті мәзірге ішекті қырнайтын тағам түрлерін енгізу қажет. Ондай азық-түлікке квас, айран-сүт өнімдері және табиғи шырындар жатады. Ішектерді жабыстыра нығыздайтын қатты пісірілген жұмыртқаларды, қақталған тағамдарды, алмұртты т.с.с. пайдаланбаған жөн.

Атониялық іш қатуға бейім адамдар жеңіл тамақтарды ғана қабылдауға тиіс. Диеталық тағамдар тоқ ішектің химиялық құрамын өзгертуге мүмкіндік береді.

Ішек жолы атониясының терапиясында тамақтанудың нақты кестесін сақтап, ізінше дәретке отыру дағдысы маңызды болып саналады. Дәреттенуді жеңілдетуге көмектесетін белгілі бір жаттығуларды жасаған жөн. Емдеу кешені тиімді болу үшін іштің маңайын уқалау керек.

Атониялық іш қату мерзімі ұзарып кеткен жағдайда қосымша медициналық дәрі-дәрмектер тағайындалады. Ауырсыну сезімдерін жеңілдету мақсатында спазмолитиктер беріледі. Сонымен бірге нақты потологияның бар-жоғын анықтау үшін прогтологқа қаралады.

Осындай мақсаттармен нақтамалауға барғанда алдымен гастро-энтерологқа қаралу керек, ол қосымша түрде науқасты прогтологқа қаратады немесе ауруды емдеу үшін тиісті шара белгілейді.

                                                                    Ж.МЫРЗАТАЕВ, дәрігер.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть