ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Ұйқысыздықтан қалай құтылуға болады?

Ұйқысыздық немесе ұйқы қашу – екінің біріне  қатысты  проблема. Ол ұйқының қысқа болуымен ғана емес,  ұйқыны қандыра  алмау,  уақытында  ұйықтай алмау, сондай-ақ ерте оянып кету, содан соң  қайтадан көз ілдіре алмау  сияқты  қиындықтармен сипатталады. Бұл да науқастың бір түрі – имсомния деп аталады. 

         Мамандардың айтуынша, ұйқысыздыққамезгілсіз айқай-шу, ыстық-cуық, өте қатты немесе  өте жұмсақ төсек,  үйреншікті өмір дағдыларының бұзылуы, үйдегі және жұмыстағы ауыр жағдайлар, ауру синдромына, тыныс алудың қиындауына немесе кіші дәретке жиі баруға әкеліп соғатын  сырқаттар, мазасыздық, торығу себеп болады екен.

Егер адам күйзеліс жағдайында ұйықтай алмаса немесе ұйқысыздық  қайталана берсе, бұл проблеманы өздігінен шешуге ұмтылып көруге болады.

Адам ұйықтай алмайтын кезең  ұзаққа созылса, күйзеліске шалдығып, ұйқысыздыққа ұшыраса, бұл  мәселені өздігінен шеше алмайтын болса, дәрігерге барып,  маманның ақыл-кеңесіне құлақ асу қажет.

Мүмкін сізге  ұйқы мен ояу жүрудің  табиғи  режимін қалпына келтіру үшін бірнеше апта керек шығар. Алдымен мына шараларды  ескеріңіз:

  • Кешкі мезгілде алкогольді ішімдік ішсеңіз, ол ағзаны  аз уақыт тыныш тапқызуы мүмкін, тіпті тез ұйықтап кететін де боларсыз, бірақ алкокольдің терең ұйқы фазасына  әсер ететінін ұмытпауыңыз  керек. 
  • Жатарда шылым шексеңіз, никотиннің сергітетін  қасиеті бар, ол сізді ұйықтатпайды және  дұрыс ұйықтауыңызға кедергі келтіреді.
  • Ұйықтар алдында кофе ішуге болмайды.  Кофеин  ағзада 12-24 сағат  бойы сақталады.  Кофеин  құрамында  кофеден басқа  шоколад,  кола және шай сияқты өнімдер де бар. Егер кофеин сіздің ұйқысыздығыңызға  себеп  болады деп  жорамалдасаңыз, ұйықтар алдында  кемінде 12 сағат  бойы құрамында  кофеині бар өнімдерді  пайдаланбаңыз. Кейбір дәрілердің қалыпты ұйқы құрылымын  бұзатынын ұмытуға болмайды.
  • Суық тигенде  қолданылатын, шипашақсыз берілетін көптеген  дәрі-дәрмектер  мен құрамында  псевдоэфедрин бар дәрілер  ағзаға  кофеин  тәрізді  әсер  етеді. Сондықтан  дәріні қолдану  алдында  дәріханадағы фармацевтен  бұл дәрінің  ұйқыға  қалай  әсер ететіні жайлы,  егер оның да сергектік беретін  әсері болса,  басқа  дәрімен  алмастыру  жайын сұрастырып алу керек.
  • Ұйқы алдында тоя тамақ  ішпеңіз.  Асқазан ауырласа, ұйқы бұзылады. Жатар алдында ұйқы тәртібін бұзбайтындай ғана мөлшерде  ас ішіңіз.  Көп адамдар  бір құты  жылы немесе суық сүт ішуге әдеттенген. Сүтке сәл ғана  бал, ваниль қосуға болады. Кейбір адамға құрамында кофеині жоқ шөп шайы жағады.
  • Ұйықтардан 1-2 сағат бұрын бұлау (ванна) қабылдаңыз. Бұл бұлшық еттерді босаңсытып, ұйқы келтіреді. Егер дәл жатар алдында шомылсаңыз,  ағза сергіп, ұйқы  қашады.  Шомылу үшін  өзіңізге  қолайлы  уақытты таңдай біліңіз.
  • Дене жаттығуларын үнемі жасаңыз, сонда ұйқы тыныш болады әрі таңертең сергек тұрасыз. Сонымен қатар  дене қимылдаған соң  кешке қарай шаршайсыз да, тез ұйықтап кетесіз. Бірақ ұйықтар алдында бірнеше сағат бұрын  белсенді  қимыл-әрекет жасаудан аулақ болыңыз, өйткені ол жүйке жүйесін қоздырып, ұйқы қашырады.
  • Жатын бөлме жайлы,  тыныш,  қараңғы  болуы керек.  Егер шу бөгет жасаса,  құлақтарыңызды  тығындап қойыңыз немесе «жайлы шу» құрылғысын қолданыңыз. Кейбіреулер жұмыс істеп тұрған фен немесе кондиционер дыбысымен ұйықтағанды  ұнатады.
  • Ұйқы үшін қолайлы температура -15,5–18,3 градус. Сондай-ақ  жақсы ұйқы үшін төсеніштің тығыз әрі  жайлы болғаны  маңызды.
  • Күндізгі көп ұйықтауданбас тартқан дұрыс. 20 минуттан аспайтын қысқа  ұйқы ағзаға сергектік береді.  Күндізгі сағат  4-тен кейінгі ұзақ ұйқы салдарынан түнгі ұйқыңыз шала болады.  
  • Жарықты өшіру  алдында бірнеше минут кітап оқыңыз. Бұл денеңізді  босаңсытып,  ұйқы шақырады.
  • Санамақ санаңыз. Санау белгілі бір міндет сияқты ойыңызды  жинақтайды. қалғып жатқанда ой-қиялыңызбен жанға жайлы дыбыстарды  тыңдап жатқандай  болыңыз.
  • Төсек демалыс орны болуы керек. Жатып алып, үрейлі фильмдерді  көру, шығындарыңызды есептеу, ертеңгі күнге жұмыс жоспарын  жасау жүйкеге әсер етіп, мазасыздық тудырады.

Ұйқысыздық  себебінен көптеген адамдар дәрігерге  жүгінеді.  Дәрігер де бастапқы кезде мәселеңізді дәрісіз шешуге тырысады. Дәрі-дәрмектерді  пайдалануды ең соңына қалдырған жөн. 

Дәрігер ұйқысыздықтың себебін анықтап, тиісті ем тәсілдерін белгілей алады. Ұйықтататын дәрілерді дәрігердің ұсынысынсыз  қабылдамаңыз, өйткені олар әдетте  ұйқысыздықты  уақытша ғана тоқтата алады. Ондай дәрілерді ұзақ уақыт қабылдау ағзаның оларға  тәуелділігін қалыптастырады.

Дәрігер сізді психиатрға да жіберуі мүмкін.

Әзірлеген

Қ. Мырзаханқызы

Ғылыми кеңесшіден:

Кейде күн мен түннің ауысуы да ұйқысыздыққа әкеп соқтырады. Адам ағзасындағы хронобиологиялық сағат бұзылады да ұйқысыздыққа душар болады. Бұл сағатты жөндейтін мелатонин деген гормон бар. Қазір гормон дәрі ретінде шығарылады. Мелаксен (АҚШ) немесе мелатонин хронобиологиялық сағатты жөндеп, баланың да, егде адамның да ұйқысын реттейді. Мелаксенді күніне 1 рет, сағат 21.00-де қабылдаған жөн. Емнің ұзақтығы 24 күн. Бұның зиянды әсері жоқ. 

Ұқсас мақалалар

Закрыть