ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Көз – адамның айнасы

Адам айналасындағы өмірді сыртқы мүшелері арқылы қабылдайды. Осы тұрғыда көз адамның ең маңызды мүшелерінің бірі болып табылады.

         Халық арасында «Көзіңді алмастай сақта», «Көз – адамның шамшырағы», «Көз адамның айнасы», «Қол-аяғымыздан айырылсақ та көзіміз сау болғай», «Көз  – адамның көркі» деген қанатты сөздер қалыптасқан.

         Қиылған қара қас, ұзын кірпік және таза жәудіреген мөлдір көздер бетті ажарландырып, жасарта түседі. Тек сау көздер ғана айқын да мөлдір.

Егер қапырық және түтінді бөлмеде көбірек болсаңыз, түтін көздердің шырышты қабатын тітіркендіреді, содан көз қызарып, жас ағатын болады.

Жұмыс кезінде жарық сол жақтан түскені дұрыс. Күн сәулесінде жүргенде көзді сығырайтпай, күнге қарсы көзілдірік киген жөн.  Көзілдірікті қажетсіз кезде де киетін болсаңыз, ол зиян. Көзіңіз ауырмаса да 2-3 жылда көз дәрігеріне қаралып тұру керек.

Ұйқы кезінде көз жақсы тынығады. Егер көп оқып, көп жазатын болсаңыз, компьютер алдында сағаттап отырсаңыз, көзіңізді қосымша тынықтырыңыз. Тынығып, көзді алға тігіп немесе біраз жұмып отыру қажет, ал егер 10 минуттай көзіңізді жұмып жатып тынықтырсаңыз, тіптен жақсы. Бұлау қабылдау шаршаған, түтіккен және қызарған көздерді айықтырады. Бұлауды арнаулы ыдыстарда — дәрілік шөптерді қайнататын ыдыста түймедағы, тасшөп, аскөк, ақжелкен, мұз қосылған бор суында немесе таза суда әзірлеу керек. Егер қабақ ісінсе, салқын және ыстық бұлауды кезекпен қолданыңыз: түймедағы мен жөкенің, шай гүлінің қайнатындысына шүберекті малып алып көзге басыңыз. Күн сайын көздеріңізді салқын сумен жуыңыз, ол үшін бетті суға батырып, көзді судың ішінде бірнеше рет ашып-жұмыңыз. Егер бұл шара нәтиже бермесе, онда дәрігерге көрініңіз. 

Ұйықтар алдында көз қабатына шай тұнбасына батырылған мақта шөкімін немесе көктікен гүл жапырағы тұнбасының 1 шай қасығын 1 құты суға 10 минутқа қойсаңыз дұрыс. Көктікен гүл жапырақшасын ыстық, қайнап тұрған суға салып, бетін жауып 20 минуттай ұстайды.

Көздің қабағын да дұрыс күту қажет, себебі оның терісі те жұқа, бұлшық ет талшықтары және майлы қабаты да аз. Тері қабаты созылып салбырап кетпеу үшін, әрі қатпарланып әжімдер түспеуі үшін косметика қолдануды білген дұрыс. Ол үшін көз қабатына және кірпіктердің үстіне жартылай сұйық жұмсартқыш иісмай жағады немесе кірпіктерді арнайы жуғыш заттармен жуады. Сонан соң кірпіктердің  сүрмесін  дымқыл мақтамен алу керек. Мұндай кезде мақтаны саусақтармен сыққанда су ақпаған жөн. Дымқыл мақтаны кірпіктердің астынан үстіне қарай бағыттап сүртеді, ал кірпікте қалған сүрмені басқа шөкіммен көздің сыртқы бұрышынан ішке, кеңсірікке қарай бағытта алады. Астыңғы кірпіктердің де сүрмесін солай сүртеді. Жағылған бояуды өте ұқыпты түрде кетірген жөн. Ондай жағдайда да көздің сыртқы бұрышынан ішкі бұрышына, кеңсірікке қарай бағыттап алады, ал қастың астыңғы аймағынан алған кезде қарама-қарсы қимыл  жасайды.

Жуынып болған соң кірпіктерді шайдың тұнбасымен немесе көктікен гүл жапырағы тұнбасымен тағы қайталап жуады. Кейде тұнбаға аздап тұз қосады, сонан соң көздің терісін құрғатып үстінен иісмай жағады. Иісмай жеңіл әрі оңай сіңетін болу керек. Жоғарғы қабаққа иісмай жаққан кезде саусақтардың жастықшаларымен көздің ішкі бұрышынан қарай бағыттап аздап ұрғылайды, ал астыңғы қабатын жаққанда керісінше сыртқы бұрышынан ішкі бұрышына қарай бағыттап ұрғылайды. Иісмай жаққан кезде  кірпіктерге тигізбейді, ол көзге түспеуі керек.

Көз тітіркенулері. Көздің дәнекер қабығы мен көз алмасының қабынулары дәрумендердің жеткіліксіз болуынан және адамның табиғатына, бейіміне немесе атқаратын қызметіне тікелей байланысты. Мұндай кезде көзге ерекше көңіл бөлген жөн. Жұмыстан кейін және  кешке қарай жуынып болған соң көзді дәріханада сатылатын физиологиялық ерітінділермен жуады. Пипетканы қолданудың қажеті жоқ. Кей адамдардың көз тітіркенулері өте жоғары. Ондай кезде дәрілік көздәрі тұнбасымен көзге компресс жасайды. Ал егер одан кейін қабынуы қайталанатын болса, онда көз дәрігеріне көрінуіңіз қажет.

Көз жаттығуы. Көзбен жаттығу жасауға болады. Мысалы, көздің дәл деңгейіне ілінген сағаттың тіліне қарап, басты бұрмай оның қозғалысын қадағалауға болады. Бұдан соң сағатты жоғарырақ іліңіз де, оған басты көтермей қараңыз. Ендігі бір жаттығу: алыстағы бір нәрсеге көз тіге қарап тұрып кенеттен назарыңызды тез аударып, одан жақын орналасқан нәрсеге қараңыз, мұны бірнеше рет қайталаңыз. Ал жалпы алғанда жұмыс кезінде кейде алысқа көз тігіңіз, мүмкіндік болса, жасыл түсті заттарға қарап отырсаңыз да оң нәтиже береді.

Көз бұлшық еттерін шынықтыру үшін мынадай жаттығулар жасау қажет:

         № 1 жаттығу. Басты бұрмай сол жаққа қарайды, сонан соң солға жоғары және төмен қарайды. Көзбен солдан оңға қарай, сонан соң керісінше оңнан солға қарай айналдыра қарайды, әр қимылды 4 реттен қа талайды. Осы жаттығуларды көзді жұмып отырып та қайталау керек.

         № 2 жаттығу. Көзді кең ашып алып жоғары қарайды да онға дейін санайды, сөйтіп төмен түсіреді. Бұл жаттығуды жасаған кезде маңдай аймағы жиырылмайтын болсын, оны қолды маңдайға қою арқылы бақылауға болады. Жаттығу 8 рет қайталанады.

         № 3 жаттығу. Көзді ашып жоғары, сонан соң солға қарайды да онға дейін санайды, сонан кейін көзді төмен түсіреді. Енді жоғары қарап тұрып оң жаққа бұрады. Жаттығуды 10 рет қайталайды. Барлық жаттығуды әр жаққа қарай 5 рет қайталайды, бұл жаттығуды төсекте жатып ертеңгі уақытта әрі кешкісін 2 рет жасаған дұрыс.

         Көз қабаттары ісінген кезде жасалатын шара. Көз домбығуының себептері әрқилы. Көз тітіркенген кезде, көп уқалағанда, түрлі химиялық заттар әсер еткенде немесе шаршаған кезде қабақ ісінеді. Ол домбығуды кетіру үшін мұздай шаймен компресс жасау қажет. Сол сияқты мұздай және ыстық компресті алма кесегінен жасауға болады. Екі ыдыс және 4 шөкім дайындаңыз.  Бір ыдысқа сүт құйып және сондай мөлшерде су құйыңыз да жылытыңыз, ал екінші ыдысқа қайнатылған шайды мұздатып құясыз. Алдымен жылы компресстен бастап оны 0,5 минут ұстаңыз, сонан соң мұздай компресте 1 минут бойы ұстаңыз. Осылайша 5 рет жылы, 5 рет мұздай компресте ұстап, қайталайсыз. Ең соңғы мұздай компресті 5 минуттай ұстау қажет. Егер бұдан кетпесе, онда  дәрігерге көрініңіз, себебі ол жүрек-тамыр немесе бүйрек ауруынан сол сияқты гормондық бұзылыстардан болуы мүмкін.

         Қас пен кірпіктерді күту. Қас пен кірпіктерді тек көз аурулары болмаған кезде ғана бояуға болады. Ал боялған бояуларды тұзды сумен 1 жайпақ кофелік қасықты 1 құты қайнаған суға ерітеді немесе физиологиялық ерітінділермен жуады. Қасқа және кірпіктерге бояу жағарыда оны арнайы байқаудан өткізіп алу қажет. Ол үшін бояуды құлақтың артындағы тері қабатына жағып алады да 10 минут өткен соң бояуды жылы сумен жуады. Егер бір тәуліктен соң сол аймақтың терісі қызармайтын болса әрі домбықпаса, онда сол бояуды қолдана берсеңіз болады. Қас пен кірпіктерді берік ету үшін күн сайын қас щеткасымен үккен дұрыс, ол щетканы күнбағыс майын жылытып, оған А, Д, Е, F дәрумендерін қосады. Щетканы сол ерітіндіге малып алып массаж жасайды.

         Қасты ішкі шетінен самайға қарай алдымен щеткамен, сонан соң екі қолдың үшінші саусақтарымен үгеді. Щетканы майға батыруға болмайды. Майдың бір тамшысын сұқ саусақтың үстіне тамызып, сонан соң еңкейіп отырып, көзді жыпылықтатып жоғарғы кірпіктерді майға тигізеді, содан кейін щеткамен жоғарғы кірпіктерді негізінен ұшына қарай жылжытады. Сонан соң астыңғы кірпіктерді де солай үгеді. Соңынан щетканы сабындап жуып құрғатады да шүберекпен орайды немесе арнайы қорапқа салады.

Молдашбек Мырзабеков,

медицина ғылымының кандидаты.

Ұқсас мақалалар

Закрыть