ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Кеудедегі ауырсыну сезімі

Кеуде қуысындағы жағымсыз сезімді біз көбіне жүрек сырқатының белгісі деп ойлаймыз. Ал шындығына келгенде, бұндай белгі әр түрлі  кеселдерден туындауы мүмкін.

Остеохондроз

Жаңа кереуетке, ыңғайсыз қалыпта жаттыңыз немесе суық тиіп, төсекте ұзақ жатуға тура келді делік – остеохондроз асқынуы мүмкін. Жағымсыз сезімдер бастапқы кезде омыртқадан басталады. Бірақ кеуде қуысына жүйкеленетін жүйке ұштары қысылатындықтан, ауырсыну кеудеде де сезіледі. Бұндай ауырсынудың өзіне тән белгілері: ол ұзақ, дене қалпы өзгергенде өзгереді, шаншу жиі байқалады, қол мен мойын жансызданған секілді болады. Қараған кезде арқа бұлшық етінің біркелкі емес ширығуы және омыртқа бойында ауыратын нүктелер байқалады.     

Не істеу керек?

Неврологқа барыңыз. Остеохондоздың алдын алудың тамаша амалы – емдік дене шынықтыру мен жүзу. Егер сырқат асқынса, дәрігер стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер ішуді және жақпамай түрінде жағуды ұсынады.

Қабырғааралық невралгия 

Ғалымдардың пікірінше, бұл сырқат өзінің күштілігі жөнінен тіс ауыруы мен бүйрек шаншуынан кейінгі үшінші орында. Невралгия себебі – омыртқадан шығатын жерде қабырғааралық жүйкенің қысылып қалуы. Бұған себеп остеохондроз, шалт қимыл, жарақат, шамадан артық дене қозғалысы болуы мүмкін. Айтпақшы, жүйкеге суық тиюі де мүмкін. Бұл жағдай     да невралгия себебі суық тию немесе жел өті болады. Қабырғааралық невралгия кезінде ауырсыну тым өткір, соғып-соғып ауырады, тынысты ішке тартқанда және дене қалпын өзгерткенде күшейе түседі. Ол қабарға бойында жиі байқалады. Жүрек ауруынан ерекшелігі, қабырғааралық невралгия кезінде ауырсыну ұзақ болады, тыныш қалыпта басталады, тыныс алғанда және дене қалпын өзгерткенде қарқындайды.

Не істеу керек?  

Ауырсынуды басатын дәрі ішіңіз, кеуде қуысына түсетін салмақты барынша азайтыңыз, кеудені бұрулан сақтаныңыз, басқа да шалт қимылдар жасамаңыз, жиі әрі үстірт тыныс алыңыз. Дәрігер шақыртыңыз.

Стенокардия немесе инфаркт

Стенокардия кезінде ауырсыну көбіне дене қимылынан, жылдам жүруден, басқышпен жоғары көтерілген соң байқалады. Ауырсыну кеуде астында сезіледі, ол қысып немесе басып ауыртады, жауырынға, омыртқаға, сол қолға, төменгі жақ сүйекке берілуі мүмкін. Дене жүктемесі тоқтатқан немесе 3-5 минут тыныққан соң немесе құрамында нитроглицерині бар дәрі ішкен соң ауырсыну тоқтайды. Инфаркт кезінде ауырсыну тым өткір, жүктеме түскен соң және тыныш қалыпта пайда болады, 15 минуттан ұзаққа созылады, дәріні қайта ішкен соң да жойылмайды.  

Не істеу керек?  

Егер адамның стенокардиясы болса, ол дене қимылы мөлшерін өзі бақылайды және дәрі қабылдайды. Егер ұстама 15-20 минуттан ұзаққа созылса, нитроглицерині бар дәрі ішкен соң да тоқтамаса, оның үстіне алғаш рет байқалса, міндетті түрде дәрігер шақырту керек.

Қыжыл

Асқазан-ішек жолы сырқаттарынан да кеудеде ауырсыну пайда болуы мүмкін. Бұған себеп – көбіне гастроэзофаеальды рефлюксті сырқат (қыжыл). Қыжыл кезіндегі ауырсыну ащы болады, негізінен эпигастрий аумағында – қабырғалар қосылатын жерде, кеуде астында – сезіледі. Қыжылдан зардап шегуші адам ықылық тигенде немесе дене қалпын өзгерткенде асқазаннан өңешке қышқылдың тасталғанын сезеді. Қыжылды тудыратын себептер – тамақтанудың өзгеруі, ішімдікті шамадан артық қабылдау, түнге қарай тоя тамақтану.

Не істеу керек?   

Ұйқыға жатардан 1,5-2 сағат бұрын тамақ ішпеу. Бас мен иық шеңберін жоғары көтеріп, үлкен жастық жастанып жату. Қыжыл пайда болғанда антацидті дәрі ішіңіз. Гастроэнтерологқа барыңыз. Гастроэзофагиальды рефлюксті сырқат консервативті емге жақсы көнеді.

Құрысу

Өңеш сырқаты тек қыжылмен ғана шектелмейді. Бұл ағзаның тағы екі патологиясы кеуде астының ауыруына және тіпті стенокардия ұстамасына ықпал етуі мүмкін. Әңгіме эзофагоспазм және кардия ахалазиясы жөнінде. Өңештің құрысуы көңіл-күйі тұрақсыз әйелдерде жиі, ұстама стресс кезінде, ыстық немесе суық тағам жеген кезде жиі дамиды. Ол кеуде аумағында байқалады және жүрек ұстамасына ұқсайды.

Не істеу керек?

Бірнеше жұтым жылы су ішіңіз. Егер бұл өңеш құрысуы болса, ауырсыну жойылады, стенокардия болса, ешқандай әсері болмайды.      

Кардия ахлазиясы

Бұл – өңеш жұмысының жүйке жүйесі тарапынан реттелуінің бұзылуы. Перистальтиканың ырғақты толқынының орнына өңеш бұлшық еттерінің үйлесімсіз қимылдарымен сипатталады. Бұл ауру кезінде өңеш тысырайып тұрғандай болады, жұтыну бұзылады, ас қабылдаған кезде кеуде асты ауырады.   

Не істеу керек?

Бір қуанарлығы, кардия ахлазиясы – сирек кездесетін сырқат. Ол да стенокардия секілді нитроглицеринмен емделеді. Және де бүркеуші әсері бар антацидтер қолданылады. Оны оталау арқылы да емдейді. Не де болса, өздігінен емделу қауіпті, емді тек гастроэнтеролог жүргізеді.

Кардиалгия

Жүрек маңының ауыруына тағы бір себеп – кардиалгия. Бұны сөзбе-сөз аударсақ, «жүректің ауырсынуы» дегенді білдіреді. Бірақ ол әдетте жүрек сырқатынан туындамайды. Жүректегі ауырсыну дегеніміз – стенокардия. Қалған ауырсынулар жүрекке байланысты болғанымен, одан гөрі қауіп азырақ. Бұларға себеп көбіне остеохондроз, бұлшық еттің құрысуы, гипертония дерті, гормондық және метаболикалық түйткілдер. Кардиялгияның өзіне тән белгісі – ол дене қимылына байланысты туындамайды, бірнеше сағатқа созылуы мүмкін, кеуде астында емес, тікелей жүрек аумағында сезіледі, шаншып, сыздап ауырады.

Не істеу керек?

Кез-келген кардиалгия кезінде үш шартты орындау қажет: кардиологқа бару, ЭКГ (қажет болса, тәуліктік мониторлау немесе жүктемелік тест) және ЭхоКГ жасату. Егер тексеру нәтижесінде бәрі жақсы болып шықса, ештеңеден қорықпай тыныш өмір сүре беріңіз.       

Плеврит

Бұл сырқат та кеуде тұсының ауырсынуын тудыруы мүмкін. Плевра – кеуде қуысының ішкі қабатын және өкпені қаптап тұратын қабық. Ол пневмония мен өкпенің басқа сырқаттары кезінде қабынады. Бактериялық, вирустық және аллергиялық плевриттер кездеседі. Оның негізгі белгілері – кеуде қуысының көбі бір жағы ауырады, тынысты ішке тартқанда күшейе түседі, жөтелмен, демікпемен, субфебрильді дене қызуымен қатар жүреді.

Не істеу керек?

Терапевтке барыңыз. Плеврит кешенді түрде емделеді. Стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер, антибиотиктер, тіпті гормондық препараттар тағайындалуы мүмкін. Емнің негізгі мақсаты – плевриттің қабынуы емдеп қана қоймай, оның бастапқы себебін анықтау. Сондықтан тез арада дәрігерге көрініңіз. Ауруханаға жатып емделуіңіз мүмкін.

Адамдардың 70 пайызы ара-тұра кеуде маңының ауырғанын сезеді. Олардың 8 пайыздан 45 пайызға дейінгі бөлігі созылмалы ауырсынудан зардап шегеді. ДДҰ мәліметтері бойынша, ауырсыну синдромы – дәрігерге көрінудің негізгі себептерінің бірі.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть