ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Массаж тәсілдері

Илеп жұмсарту

Үгудің ең күрделі тәсілі – илеу немесе жұмсарту. Басқа тәсілдерге қарағанда бұл күшті әсер етеді. Әсіресе, бұлшықеттер мен қоң еттерге өте қажет. Ел арасында, үгу деген сөз денені жұмсарту дегенді білдіреді. Ол тегін емес, өйткені айтылып отырған тәсіл еттен өтіп, сүйеккен жетеді. Массаж жасаушының қолы соншалықты күшті болуы тиіс, сол сияқты оның әдісін жете білуі керек.

Денедегі барлық бұлшықеттерді (үлкенді-кішілі) жұмсарту үшін оның талай тәсілі бар.

Сонымен орындалу тәртібі: массаж жасаушы алақанымен бұлшықетті қапсыра ұстайды, оны жоғары созады, саусақтар мен бармақтың арасында қатты қысады. Бұл кезде қоң ет сүйектен бөлініп көтерілгендей болады. Сол кезде алақанмен езіп жұмсартады және әрі қарай жылжытады.

Денедегі барлық ет дәл осылай уысты толтыра ұсталмайды. Жабысып жатқан жалпақ еттер де бар. Мәселен, жіліншіктің алдыңғы жағы, арқаның ұзын еті, білезіктің сырты. Олар көтерілмейді, сондықтан әртүрлі әдістермен сүйекке басып жаншиды.

Осы тәсілді қолданғанда бұлшықеттегі қан-лимфа айналымы күшейіп, тіндердің қоректенуі артады, бұлшықеттердің талшықтары созылып, серпімділігі жақсарады, зат алмасудың зиянды қалдықтары денеден шығып, тотығу үдерісі күшейеді. Осының барлығы бұлшықеттің талшықтарын босатып, қопсытып, жұмсартады. Сондықтан ол бұлшықеттерге арнайы гимнастика тәрізді пайдасын тигізеді.

Бұл тәсіл тек бұлшықет емес, денедегі сіңір, тарамыс, шеміршек, буын қабы, шел қабы, шандыр, сүйек қабы – барлығына әсер етеді. Сондықтан жоғарғы жүйке жүйесінің қызметін, жүйке бұлшықет аппаратын өзгертіп жібереді.

Жұмсарту тәсілін байыппен, ақырын, асықпай жасағанда ми қабығының қозу үдерісі шегініп, адам қайраттанып, жігерленіп кетеді. Бұлшықеттің тонусы артады.

Жұмсарту тәсілі әр бағытта жүргізіледі: ұзыннан-ұзақ, көлденең, жарты шеңбер, шиыршықты т.б.

Емдік массажда бұл тәсілді кідірмелі (үзік-үзік) және кідірмесіз (тоқтаусыз) деп екі түрге бөледі.

Екеуінің айырмашылығы – массаж жасаған қолдың бұлшықетінің бойымен тоқтаусыз қозғалуында және тоқталып жұлқылай қимылдауында.

Ал спорттық үгуде осы екеуіне кіретін жұмсартудың түрлерін басқа атпен бөлектейді. Мәселен, бір қолмен, қос қолмен, қос шеңбер, шымшу, бас бармақтың басымен т.б. жұмсарту деп бөледі.

Бұл аталған емдік және спорттық массаждардың қайсысы болса да жұмсарту тәсілі бірдей, тек кейбр әдістерінде ғана айырмашылық бар.

Орындалу әдісі шартты түрде үшке бөлінеді:

  1. Бұлшықетке алақанды көлденең салып, екінші-төртінші саусаққа қатты қысып көтеру.
  2. Бұлшықетті қапсыра қысып ұстап, бас бармаққа қарай жаншу.
  3. Одан соң еттерді алақанның білезік түбі мен сүйекке батыру және қайта қалпына келтіру. Бір фазадан екіншісіне кідірмей өтіп отырады.

Бір қолмен жұмсарту (илеу). Жоғарыда көрсеткендей, бұлшықетті алақанмен қапсыра ұстайды. Мұнда бас бармақ бір жағында, ал төрт саусақ екінші жағында. Ұстаған етті түзу саусақтармен жоғары көтеріп, одан соң бас бармақ пен төрт саусақтың арасына қысып, артынан сүйекке жаншиды. Бұлшықетті қолдан шығармай шеттен орталыққа қарай үздіксіз жылжиды. Мұнда қолмен суланған жөкені сыққандай қимыл жасайды. Тек алақан мен терінің арасында саңылау болмау керек. Саусақтарды мейлінше түзу ұстаған жөн.

Айтылған тәсіл екі фазадан құрастырылған тәрізді. Біреуі – массаж жасаушының оң қолымен көтерген бұлшықетті бас бармаққа қарай мыжуы; екінші фаза – бас бармақтың төрт саусаққа қарай салмақ сала мыжуы. Қалай болғанда да бұлшықеттер алақанда, саусақтардың арасында, қысылып-мыжылады.

Қос қолдап жұмсарту. Оң қолдың алақанын жоғарыда көрсеткендей көлденең салады, ал сол қолды оның үстінен бастырады. Мұнда бас бармақты екінші қолдың бас бармағының үстіне, ал төрт саусақты сол аттас саусақтардың үстіне салып, салмағын арттырады. Мұны қалың қоң еттерге, күшті көп керек ететін жерге (бөксе, сан, арқа т.б.) қолданады.

Қос шеңберлі жұмсарту. Екі қолды бұлшықетте көлденең бағытта қатарластырып орналастырады (45 градус бұрыш жасап). Мұнда сұқ қолдар бір жағында, бас бармақтар екінші жағында бір-біріне тиіп жатады. Алақанмен ұстап, бұлшықетті қысып алып, нан илегендей екі қолды да алға қарай итереді. Бұл – бір түрі. Екінші түрінде бір қол уысындағы толған бұлшықетпен ілгері, өзінен әрі қарай итерілсе, екінші қол керісінше өзіне қарай тартылады. Бұлшықеттің ұзына бойына ілгерілі-кейінді осындай қимыл жасап шығады. Сонда бұлшықеттің өзі шеңбер жасап бұралаңдап, жоғары өрлеп бара жатқандай болады. Бұл тәсілді аяқ-қолдың, арқаеың, іштің бұлшықеттеріне пайдаланады.

Ұзыннан-ұзақ жұмсарту (бойлай). Бұл тәсіл бұлшықеттің ұзына бойын бойлай, оның талшықтарының таралу бағытымен жасалады. Массаж жасаушы екі қолмен аяқтың не қолдың бұлшықетін екі жағынан қапсыра ұстайды. Бір қол екіншіден 2-3 см алда тұрады. Содан соң алма-кезек екі қолмен уысындағы бұлшықетті мейлінше қысып, жоғары көтеріп, сүйектен бөліп алып, илей отырып, ұзына бойына үздіксіз қимыл жасайды.

Мұндай тәсіл орындағанда әр қол өзінше жарты шеңбер жасағандай болады және бірінің қимылын екіншісі қайталап жоғары өрмелейді. Жұмсартудың бұл тәсілін аяқ не қолдың бұлшықеттеріне жиі қолданады. Оны орындаған кезде массаж жасаушының өз қолы шынтақтан бүгілмей түзу ұсталуы керек. Сонда түсірілетін күштің мөлшері артады. Қолдардың қимылы бірқалыпты, байсалды, жатық болғаны жөн.

Шымшу. Бұл тәсіл жалпақ, сүйекке жабысқан еттерге қолданылады. Оларды ұстап жоғары көтеруге болмайды. Сондықтан қолдың сыртын, жіліншіктің алдын, омыртқаның маңын осындай тәсілмен жұмсартады. Ол үшін саусақтарды бүгіп, бұлшықетке көлденең қояды да, бас бармақ пен төрт саусақтың арасына қысып, сүйекке қарай батырып жаншиды, яғни қысқышпен қысып шымшығандай қимыл жасайды.

Екі еселеп жұмсарту. Санның  не тоқпақ жіліктің қалың етін жұмсартуға қолданылады. Массаж жасататын адам ағаш төсекке шалқасынан жатады, бір аяғын көтеріп массаж жасаушының тізесіне қояды. Сонда бұлшықет толығымен босаңсиды. Ал массаж жасаушы екі алақанмен санның астынан және үстінен қапсыра ұстап, бұлшықетті алма-кезек қысып-созып, жоғары шаптың иініне дейін жетеді. Бұл өте ыңғайлы және нәтижелі тәсіл. Әсіресе, көп жүріп аяқтың бұлшықеттері шаршағанда, осылай екі қолмен бірдей жақсылап жұмсартса, жиналған сүт қышқылы сыртқа шығып, кісі бірсыпыра жеңілдеп қалады. Иықтың етін де осылай жұмсартады. Тек сонда қолды маманның иығына салып қойса, тоқпақ жіліктің еті ұстауға жеңіл, босап қалады.

Бас бармақпен жұмсарту. Бас бармақ астындағы етті уқалап, сүйекке жаншып, шеңбер сияқты қозғалыс жасай отырып жылжиды. Қалған төрт саусақ еш қимылсыз соның артынан қозғалып отырады. Бас бармақтың күшін арттыру үшін екінші қолды массаж жасаған қолдың үстіне бастыра қойып бірге жылжытады.

Массаждың жұмсарту тәсілінде етте сақталатын жайттар:

  • бірінші фаза: бас бармақты алшақ ұстамау керек, себебі бұлшықеттің орнына тек тері қысылып қалады;
  • екінші фаза: а) саусақтардың бүгіліп қалуы мүмкін, мұндай жағдайда тек етті шымшып алады; ә) саусақтар терінің бетімен жылжуы ауру үшін жағымсыз жағдай. Бұлшықет толық ұсталмаған соң массаж жөнді жасалмайды, өйткені алақан мен дененің арасында қуыс қалып қояды; б) саусақтарды қатты батыру ауруға батады; в) қолдардың шамадан тыс сіресіп қалуы аурудың денесін ауыртады әрі массаж жасаушының қолының тез талып қалуына әкеп соғады; г) бұлшықетті толық жұмсарту керек;
  • үшінші фаза: а) массажға дейін бұлшықетті босаңсыту үшін науқастың дұрыс жатуын қадағалайды; ә) ұзыннан-ұзақ жұмсартқан кезде бүкіл қол емес, тек қолдың басы ғана қызмет етуі керек; б) жұмсартудың барлық түрі бірыңғай, байыппен жасалуын қадағалаған жөн. Орынсыз жұлып-тартып, жұлқылап жасау дұрыс емес.

Осы мәселелерді массаж жасағанда ұмытпаған жөн. Әйтпесе жұмсаруға тиісті бұлшықет тастай болып қатып қалады және тері де көгеріп, онда саусақтың іздері қалуы мүмкін. Одан адам тек зардап шегеді. Сондықтан массаждың ішіндегі ең күрделі, ең негізгі түрі – жұмсарту тыңғылықты, мұқият орындалуы тиіс. Бұл сөз болған жұмсартудың негізгі тобы. Енді қосымша түріне тоқталайық.

Жұмсартудың қосымша түрлері

Олар тек емдік массажда жиі қолданылады. Қазақша аттары төмендегідей: аунату, домалату, жылжыту, шымшылау, керу, қысу, басу.

Аунату – бұл жұмсартудың өте нәзік түрі. Екі алақанның арасында бұлшықетті ойнатып жұмарлайды. Мәселен, қолдың етіне массаж жасалатын болса, науқастың қолын массаж жасаушының иығына салып босаңсытады, содан соң алақанына уыстап ұстап, бір қолдан екінші қолға тез-тез тербеп аунатады.

Домалату – мұнда арқа, қол, аяқ бұлшықеттерін бас бармақпен итере отырып, алдында төрт саусақ домалатып орағандай қимыл жасайды.

Жылжыту – бас бармақтармен орындалады, кейде барлық саусақтармен немесе алақанмен де жасалады. Тінді көтеріңкіреп жиыра ұстап, бір жаққа қарай жылжытады. Бұл арқаның жалпақ еттеріне, қолдың сыртына, аяқтың үстіне қолданылады. Сондай-ақ терідегі тыртық жазылу үшін де пайдалы.  Бас ауырған кезде, оның терісін жылжыту үшін бір қолды маңдайға, екіншісін шүйдеге қойып, жәймен сығымдайды. Осы бағытта бірнеше рет жылжытқан соң қолдарды оң және сол құлақтың тұсында ұстап, жоғарыдағы қимылды қайталайды.

Массаждың бұл тәсілі тіндердің тез арада қанмен толығуына, зат алмасуына ықпал жасайды.

Шымшылау – 1-2 саусақтың ұшымен тінді шымшып ұстап жоғары көтеріп, қайта босатады. Егер дене майлы болса не арнайы май жақса, онда ол қысып ұсталмайды. Сондықтан терінің құрғақ болғаны дұрыс. Шымшылаған кезде тін бір қысылып, бір босап, қозғалысқа түседі. Соның нәтижесінде тонусы көтеріледі. Тереңде жатқан тыртықтарды қалпына келтіру үшін де өте пайдалы тәсіл.

Созу (керу) – бас бармақтарды қатар қойып, тінді екі жаққа созады. Үлкен қоң еттерді алақанмен созуға болады. Ол отадан кейін дұрыс бітпей қалған жараның орнын созуға, бұлшықеттердегі түйіндерді жазуға, тыртық жерді таратуға қолданылады. Қозғалыс сырнайда ойнаған қимылды еске түсіреді.

Қысу – саусақтардың ұшымен жасалады. Жидектердің ішінен сүйегін ытқытып шығаратын қимыл сияқты, саусақтарды тінге батырып, жылдам жоғары көтереді. Бұл тәсіл тез-тез қимылды қажет етеді. Көбінесе косметикалық угуде бетті безеуден тазалағанда қолданылады.

Басу – саусақтардың ұшымен немесе алақанмен салмақ сала басу. Қолды бір көтеріп, бір түсіріп салмақ салу арқылы орындалады. Бетті үккенде саусақтардың жұмсақ еттерін бастырып, немесе жүйке ұштарының шыққан жерлерін нығарлап басады. Ал аумақты жерлерді (арқа, бел, іш т.б.) алақанмен нығарлап басады. Ол өте пайдалы, әсіресе жон сіресіп қалғанда тек қолмен емес, балалардың аяғымен басса, едәуір көмек береді.

Жұмсарту – үшудің ең күрделі де қиын, бірақ өте тиімді түрі. Оның басқа да қолдану әдістері бар, дегенмен оқырман қауымның қабылдауына жеңіл де түсінікті болсын деген ниетпен аталған түрлеріне тоқталып өттік. Соның өзінде, бір рет болса да бұл тәсілдерді өз көзімен көрмесе, бірден меңгеруі қиынға түседі. Десе де «көз – қорқақ», қол – батыр» деген емес пе…

Жұмсарту тәсілі бұлшықеттерді босаңсытуға, шынықтырып-ширатуға, түйіндерін жазуға үлкен ықпал жасайды.

Бұл тәсіл массаж жасаушы адамнан байсалдылық, ұқыптылық, сезімталдық, білімділікті талап етеді.

Ол баяу ырғақпен, бірқалыпты орындалады. Жұлқылауға, жұлмалауға, апыл-ғұпыл асығуға болмайды.

Массаждың қозғалысы – жоғары және төмен бағытталады.

Ауру адамның денесі массаждан ауырмас үшін оның күшін біртіндеп ұлғайтады. Массаж жасаушы дененің өте сезімтал жерлерін білу керек. Олар: желке, иық (тоқпақ жілік) сүйегінің және санның ішкі жағы. Ол жерлерде жүйке талшықтары мен қантамырлары көптеп топтасқан. Сондықтан жұмсарту тәсілін мұқият, зейінмен жасайды.

Жұмсарту тәсілін бұлшықеттің сіңірімен жалғасқан жерінен бастайды.

И.М.Саркизов-Серазини «жұмсарту тәсілі үнемі төменннен жоғары қарай бағытталса, өте дұрыс болар еді» дейді. Онда лимф-қан ағындарының бойымен лимфа түйіндеріне қарай жүріп отырады.

Ғалымдар осы тәсілдің бұлшықетке және онымен байланысатын жоғарғы жүйке жүйесінің қызметін арнайы аппаратпен тексереді. Ол электромиография – массаждан соң бұлшықетте болатын биоэлектрлік үдерістерді анықтайды.

Жұмсарту – негізінде денедегі барлық бұлшықетке әсер етеді, оның әрбір талшығына, сүйекке бекитін жеріндегі сіңірге – бәріне пайда. Қан-лимфа айналымын жақсартып, денеден қорытылған қажетсіз заттардың шығуына ықпал жасайды. Осы тәсіл арқылы денедегі қимыл-қозғалыс рефлексін арттыруға болады.

                                                                  Гүлбаршын ИКІМАНОВА,                                  профессор    

Ұқсас мақалалар

Закрыть