ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Өт қабы холестерозы

Заттар, атап айтқанда, липидтер алмасуының бұзылуы өт қабы қабырғаларында майдың жиналуына әкеледі. Алайда, аурудың белгілері мен шағымдар болмайды. Өт қабы сырқаты бара-бара көбейіп келеді, олардың арасында холестероз да жиі кездеседі. Бұл қандай ауру және оны қалай емдейді?

Себептері

Өт холестерозы өт қабы қабырғаларында холестериннің жиналуымен қатар жүреді. Уақыт өте келе, бұл ағза қызметінің бұзылуына әкеледі. Ауру жас және орта жастағы адамдарда, көбіне әйелдерде кездеседі.

Өт қабы холестерозының негізгі себебі – бұл май алмасуының бұзылуы. Шырышты қабырғаларда тығыздығы төмен липидтер жиналады, бұл негізінен күнделікті дәмдегі тығыздығы төмен липопротеидтердің организмге түсуінен болады.

Холестероз белгілерінің болмауы аурудың созылмалы ағымына әкеледі, бұл жиырылу функциясын және өттің кері ағуын бұзады. Сөйтіп холестериннің жиналуы одан әрі шапшаңдайды. Шырышты қабықтарда сары түсті қалың қабат пайда болады. Кейде холестерин өт қабының ішкі қабырғаларын өрмекшінің торы тәрізді қаптап алғандай көрінеді.

Аурудың жіктелуі

Сарапшылар өт қабы холестерозының үш түрін ажыратады:

• ошақтық (қабырғалардың ішінде жекелеген холестеринді түйіндер пайда болады);

• полипті немесе полип тәрізді (липидтердің шөгінділері өт қабының саңылауына терең енеді);

• диффузды немесе торлы (ағзаның ішкі қабырғасы холестерин шөгінділерінің тығыз торымен толығымен жабылған).

Өт қабы холестерозы көбіне өттас ауруымен қатар жүреді. Тас түйрішіктерінің бар-жоғына қарай ем тағайындалады. Холестероздың диффузды және полипті түрлерінің ағымы өте ауыр. Бұл жағдайда өттің ағуы  бұзылады. Өт қабы уақытылы жиырылуын және демалуын тоқтатады, бұл тас байлануға және созылмалы қабыну үдерісінің дамуына ықпал етеді.

Белгілері

Өт қабы холестерозының клиникалық көріністері ұзақ уақыт болмауы мүмкін. Пациенттерде оң жақ қабырға астында ара-тұра ауырсыну сезіледі. Бірақ бұндай ауырсынулар соншалықты күшті болмағандықтан, адам тамақты артық жеп қойғаннан, майлы және қуырылған тағамдарды жегеннен кейінгі әдеттегі қолайсыздық деп санайды. Науқастың лоқсуы да мүмкін.

Атап өтетін жайт, өт қабының басқа аурулары сияқты, холестероздың белгілері тамақтану кезіндегі қателіктерден кейін күшейеді. Тым майлы немесе ащы тағам жегеннен кейін ауырсыну күшті болуы мүмкін.

Холестероз өттас ауруымен қоса-қабаттасқан жағдайда өт жолының түйілуі және төмендегі белгілер пайда болуы мүмкін:

• іш пен оң жақ қабырға аумағындағы өткір ауырсыну;

• терінің сарғаюы;

• лоқсу және құсу;

• дене температурасының жоғарылауы;

• уыттану жағдайында бұлшықеттердегі ауырсыну.

Холестероздың жіті белгілері өте сирек кездеседі, негізінен олар өттас ауруы және өт қабының созылмалы қабыну үдерісімен (холецистит) қоса-қабаттасқан жағдайда байқалады.

Қандай зерттеулер жүргізу қажет

Мамандар өт қабы сырқатын неғұрлым тез анықтаса, емді де соғұрлым тезірек бастайды. Ота жасалуы да мүмкін. Көп адамдар отадан қорқады және үнемі болып тұратын ауырсынуларға қарамастан оны кейінге қалдырады. Ем жасалмаса, өт қабының холестерозы, әсіресе оның калькулезді түрі, билиарлық жүйе қызметінің бұзылуына ғана емес, сонымен қатар қатерлі ісікке де әкелуі мүмкін.

Холестерозды нақтамалаудың негізгі әдісі – бұл бауыр мен өт қабының ультрадыбыстық зерттеуі. Бұл әдіс қолжетімді және денсаулық үшін мүлдем қауіпсіз. Өт қабының созылмалы аурулары бар адамдарға жылына бірнеше рет ультрадыбыстық тексеруден өту ұсынылады. Көбіне адамдар өздерінде өт қабы холестерозының бар екенін ультрадыбыстық зерттеу кезінде біледі.

Диагностиканың басқа әдістері көп ақпарат бермейді. Қан биохимиясындағы патологиялық өзгерістер холестероз бен калькулезді холецистит қатар жүргенде ғана байқалады. Бұл жағдайда сілтілік фосфатаза мен билирубин деңгейі жоғарылайды.

Холестероздың атеросклерозбен және семіздікпен байланысы

Мамандар өт қабы шырышты қабатына холестериннің жиналуымен бірге  түсуі коронарлық артериялардың зақымдануымен және метаболикалық синдромның дамуымен бірге жүретінін бұрыннан байқаған. Бұл көбіне семіздікпен, инсулинге төзімділікпен және қант диабетімен аяқталады.

Бүгінгі таңда адамның салмағы, өмір салты, тамақтану және ас қорыту жүйесі арасында байланыстың бары анық. Жоғары қан қысымы, қант диабеті және семіздікпен қатар жүретін метаболикалық синдром кезінде өт қабы  липидтер алмасуының бұзылуымен байланысты патологиялық процестер кезінде көбіне нысана-ағзаға айналады.

Емі

Өт қабы қабырғалары холестерозын емдеу жедел және консервативті болуы мүмкін. Әдіс ультрадыбыстық диагностика нәтижелері мен ауырсынудың айқындылығына қарай таңдалады. Өт қабы холестерозын емдеуге арналған нақты препараттарды гепатолог немесе терапевт таңдауы керек.

Дәрілік заттардың ішінен ең алдымен өт айдағыш препараттар тағайындалады. Олар өттің іркілуінің, инфекциялық қоздырғыштардың көбеюінің және тас байланудың алдын алады. Холестероз жағдайында холестериндік тастар жиі пайда болады.

Сонымен қатар, урсодезоксихолик қышқылына негізделген препараттар тағайындалады. Олар холестерин мен өт қышқылдарының арасындағы қатынасты өзгертуге көмектеседі. Мұндай препараттар ұзақ курстармен, кем дегенде 6-8 ай қолданылады. Қысқа үзілістен кейін аталған емді қайталау керек.

Холецистит дамыса, міндетті түрде антибиотиктер тағайындалады. Олар өттің іркілуі мен қабыну үдерісіне байланысты пайда болатын инфекцияның таралуын тоқтатады.

Ауырсыну ұстамасынан қалай арылуға болады

Егер өткір холестероз өт жолдарының түйілуі аясында дамитын болса, ұстаманы спазмолитиктер мен анальгетиктер көмегімен ғана тоқтатуға  болады. Бұл жағдай шұғыл деп саналады, өйткені ол өт жолдарының бітелуіне, іріңді холецистит пен перитониттің дамуына алып келуі мүмкін. Сондықтан медициналық көмекке жүгінер алдында ауырсынуды басатын дәрі (спазмолитик) қабылдауға болады, бірақ нақтамалау мен дәрігердің бақылауынан толықтай бас тартуға болмайды.

Холестероз кезіндегі холецистэктомия

Холестероз кезінде хирургиялық араласу көбіне тас пайда болғанда жүзеге асырылады. Егер өт қабына белгілі бір дәрі-дәрмектердің көмегімен  ерімейтін тастар толған болса, ота қажет.

Көбіне өт қабының хирургиялық емі полип тектес холестероз кезінде қолданылады. Мамандар аурудың бұл түрін қауіпті деп санайды және зардап шеккен ағзаны дер кезінде алып тастауды жөн көреді. Жасы ұлғайған сайын тұрақты қабыну және шырышты қабықтың зақымдануы әсерінен тіндерде қатерлі ісіктің даму қаупі артады.

Бүгінде өт қабы лапароскопиялық жолмен алынып тасталады. Ота құрсақ қабырғасының алдыңғы жағындағы кішігірім тесіктер арқылы жасалады, сол күні-ақ пациенттерге төсектен тұрып, аздап тамақ пен сусын ішуге рұқсат етіледі.

Алғашқы айларда қатаң емдәм сақталады. Отадан кейін әдетте майлы және қуырылған, ащы тағамдарға және дәмдеуіштерге деген қызығушылық жоғалады. Осылайша, дене өт қабының жоқтығына бейімделеді. Бірақ асты қорытатын өт бауырдан түсетін болады.

Халық емі

Өт холестерозын халықтық емдеу әдістерімен дәрігердің рұқсатымен ғана емдеуге болады. Көптеген өсімдіктер өт айдағыш әсерге ие, бірақ тас байланған жағдайда, оны бақылау қиын. Әсіресе өт жолын бітеп тастайтын ұсақ тастар қауіпті.

Жүгері шашағы, итмұрын қайнатпасы және түймедақ жеңіл өт айдағыш қасиетке ие. Урсодезоксихол қышқылына негізделген қымбат дәрілерге балама ретінде аю өтінің тұнбаларын қолдануға болады. Ем бірнеше айға созылады. Аяқтағаннан кейін тұнбаның тиімділігін бағалау үшін ультрадыбыстық зерттеу жасатқан жөн.

Алдын алу

Егер сізде өт қабының кез-келген ауруы болса (дискинезия, созылмалы холецистит, полипоз), тіпті олар айқын симптомсыз жүрсе де, тамақтану тәртібін түбегейлі өзгертіп, ең алдымен майлы және қуырылған тағамнан бас тартуыңыз керек. Қуыру кезінде пайда болатын транс майларды тұтынбаңыз.

Жануарлар майын өсімдік майына ауыстырыңыз: түрлі аурулардың алдын алу үшін зәйтүн, зығыр, мақта майы пайдалы. Олар денені тығыздығы жоғары липопротеидтермен байытады. Зәйтүн майы тамыр қабырғаларының қабынуын жеңілдетеді.

Өт холестерозының алдын алу үшін дұрыс тамақтануды белсенді өмір салтымен үйлестіру ұсынылады. Тұрақты физикалық белсенділік өттің бөлінуіне және заттар алмасуының шапшаңдығын сақтауға көмектеседі. Әр 3-4 сағат сайын аз-аздап тамақтаныңыз. Бұл өттің уақытында бөлінуіне  мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде өттің қоюлануына, өт қабы шырышты қабырғаларының қабынуына және тас байлануға жол бермейді.

А.В. Савельева,

дәрігер-терапевт

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть