ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Пародонтоз деген не?

«Тіс – адамның көркі» деген даналық сөз бар халқымызда. Тістері маржандай тізіліп тұрған кісінің көркі қандай, ал тістері мезгілсіз түсіп, қиқы-жиқы адамның келбеті қандай – екеуін салыстырып көріңізші! Тісі мезгілсіз түсіп, кетік болып қалған жанның түрі ғана емес, сөздері де, сөзді дыбыстауы да оғаш. Ал енді тістің ерте босауы, түсіп қалуы тіс ауруына байланысты. Бұл аурудың түрі де көп. Тісжегі (кариес), қанжел (пародонтоз) сияқты аурулар тістің ерте бүлінуіне әкеліп соқтыратын ежелгі аурулар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының 80 пайызы тістің қызыл етінің (пародонттың) ауруынан зардап шегеді екен.

Біздің көпшілігіміз тісіміз қатты ауырып, жанымызға батқанға дейін елемей жүре беретініміз анық. Ал тістің түбіндегі, айналасындағы қызыл етінің қандай күйде екенін ойламаймыз және оған көңіл бөле де бермейміз. Ал  қызылиек ауруы бірден байқалмайтын созылмалы ауру. Ол асқына келе қызыл иектің еті тістен ажырап, тістің түбі көрінеді, тіс босай бастайды. Бұл медицина тілінде «пародонтоз» деп аталады. Мұны қазақтар ілгері замандардан бастап «қанжелік» деп атап, оның белгілері біліне бастасымен бір малды бауыздап, оның буы бұрқыраған ыстық қанымен науқастың аузын шайдырған. Әрине, бұл сияқты халық емінің емдік қасиеті болғанымен, бәрі бірдей сәтті бола бермеген. Медицина әлі дамымаған кезде қанжеліктің салдарынан науқастың жақ еттері шіріп, орнында тыртық іздері де қалып жатады екен.

Қанжел тістің қызыл иегіндегі еттердің жаппай ауруға шалдығуы деген сөз. Бұл ауру ересек адамдарда жиі кездеседі. Елемей жүріп пародонтозды асқындырып алған адам бүкіл жақ сүйегі, тістері, тіпті бас сүйегіне шейін қақсап ауырып, тамақ шайнай алмай қатты қиналады. Тіс түбіндегі қызыл еттер ажырап, тістің түптері қанайды. Қызыл еті ажыраған тістер тез босайды. Дәрігерге көрініп емделмесе, тістің бәрі түсіп қалуы да ықтимал.

Пародонтоз тістің түбіне тас байлануынан, тістің қызыл етіндегі ақуыздың, минералды тұздар алмасуының бұзылуынан, олардың жаңарып, дамып отыруының кешеуілдеуінен және адам ағзасында жаңа жеміс-жидектер арқылы алынатын С және Р дәрумендерінің жеткіліксіздігінен, бұрынғы құрт жеген (кариес) тістерді суыртып тастағандықтан қалған тістерге ас шайнау кезінде түсетін салмақтан, қызыл иек қантамырлары  мен оның жүйке жүйелеріне суық тиіп, қызметі бұзылуынан пайда болатын ауру. Парадонтоз адамның асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзылуына, тіс еттері іріңдеп, ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығуына әкеліп соқтырады.

Ежелден аталаған аурудан емделудің халықтық емдеу әдістері қалыптасқан, әр елдің өз емдеу тәсілдері бар.

Қанжелдің асқынуы медицина тілінде жергілікті және жалпы деп екіге бөлінеді. Бұл ауру дәрі-дәрмекпен және ота жолымен емделеді. Бұл үшін залалдаушы факторларды анықтап, тістің қызыл етіне тиген суықты емдеу керек. Тіс түбіндегі еттің  зат алмасуын қалпына келтіретін емдеу шаралары жүргізіледі. Уақытылы емделмесе тіс түбіндегі суық асқынып, бактериялардың белсенділігі арта түседі де, ол қызыл иектің тіндерін бүлдіріп, пародантит ауруына ұласауы мүмкін. Ал пародантит тек бір тісті ғана емес, бүкіл тісті зақымдайды.

Жалпы, қанжелге жол бермеу үшін әр адам жыл сайын бір-екі рет тіс дәрігеріне көрініп, оның кеңесін алып, алдын алу шараларын жүзеге асырып отырғаны абзал. Немесе аурудың белгісі білінісімен парадонтолог дәрігерге көрінуі қажет. Емдеудің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Жергілікті терапияның бірінші кезеңінде ең әуелі жергілікті қоздырғышты емдеу ләзім. Былайша айтқанда,  тіске байланған тасты алу, тістің шетіндегі өткір бөлігін, биіктеу кигізілген пломбаны, қалыптан тыс өскен тісті, ауыз қуысындағы басқа да кемшіліктерді ретке келтіру керек. Бұл үшін тістің үстіңгі қабаты хирургиялық жолмен егеліп, тегістеледі. Бәрінен бұрын  тіс түбіне байланған тасты алып тастамай түпкі нәтижеге жету мүмкін емес. Тіс тасын химиялық ерітінділердің, ультрадыбыстық аппараттардың көмегімен, кейде қолмен де алып тастауға болады. Тас алынған соң тістің үстіңгі жағы егеледі де, пемзаның, йодтың және глицериннің қоспасымен емделеді. Бұдан кейін аралары мен тістің түптері антисептикалық ерітінділермен шайылады.

Емдеудің екінші кезеңінде суық тиюге қарсы терапия қолданылады. Мұнда антисептиктік ерітінді, химиялық препараттар, дәрумендер, ферменттер қолданылады. Осы кезеңде халықтық медицинаға сүйене отырып, ауызды еменнің қабығы, жалбыздың жапырағы сияқты тұнбалармен 7-10 күн шайып отыру керек. Егер тістің түбі қанап жатса гепариннен дәрі егіледі. Емдеудің үшінші кезеңінде, тіс еттеріне суық тиюі бәсеңдеген соң, дәрігер тістің түптерін емдеуге кіріседі. Бұл үшін антибиотиктер салу жүзеге асырылады. Ал төртінші кезеңінде қызыл иекке массаж жасайды, физиотерапия қабылданады. Пародонтоз асқынып, жасалған емнің тиімділігі болмай жатқан жағдайда жалпы емдеуқолға алынады. Мұнда алоэдан, пелоидиннен, метилурацилден дәрі егіледі, электрофарез жасалады. Сондай–ақ кальций  (кальций хлориді), анаболиттік стероидтер препараттары тағайындалады, дәрумендер, антигистаминдік препараттар салынады.

Жалпы, кешенді ем қабылдағанда ғана пародонтозды емдеуге болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, әр адам өз денсаулығына уақытылы көңіл бөліп, дәрігерге көрініп, оның кеңестеріне жүгініп, күтініп жүрсе ауру асқынбайды.

Қ.М.ӘБІШ,

 тіс дәрігері.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть