ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Қантты диабет

Қантты диабет— бұл қанда глюкоза мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын дерт. Бұл ауруға кез-келген жастағы адам шалдығуы мүмкін. БДҰ-ның мәліметтері бойынша, шамамен 371 миллион адам осы аурудың зардабын тартуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының болжамына сәйкес, қантты диабетпен ауыратындардың саны 2015 жылы 400 миллионға жетеді деген қауіп бар. Қантты диабеттің кең таралуы бұл ауруды әлеуметтік ауруға жатқызуға жетелеп отыр және қоғамдық шараларды өткізуді талап етеді: жаппай көпшілікті жоспарлы медициналық тексеруден өткізу және нуқасқа бейім контингентті зерттеу, қантты диабетпен ауыратын адамдарды диспансерлік бақылауға алу, оларды инсулин препаратымен тегін қамтамасыз ету, осы науқастарға арнайы тамақ түрлерін шығару, санитарлық-ағарту жұмыстарын кеңінен жүргізу.

Әсіресе жасөспірім кездегі диабет өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы дәрі (инсулин) қолдану ұсынылады. Әйтсе де бұл ауру 40-тан асқан, тамақты шектен тыс ішіп, толыса бастаған адамдарға тән болып келеді. Қантты диабет — көмірсутек, май, ақуыздың зат алмасуының созылмалы бұзылуы, яғни қанға көп мөлшерде қант түйіршегінің бөлінуі болып табылады. Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршегін өңдей алмайды. Соның салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады. 

Қантты диабет инсулинге тәуелді, инсулинге тәуелсіз болып 2 түрге бөлінеді.

1-түрі: 25 жасқа дейінгі жастарда немесе балаларда кездесетін диабет инсулиннің бездік жеткіліксіздігінен, оның толық болмауынан дамиды.  Ол сырқат адамның қатты арып азуымен ауыр түрде өтеді және инсулинмен емдемесе тез кетоацидоз дамып, адамның өлуіне әкеледі.

2-түрі: ұлғайған адамдарда кездесетін және инсулиннің салыстырмалы жеткіліксіздігінен  дамиды (70%). Қанда инсулиннің мөлшері аздап қана төмендеген немесе тіпті қалыпты деңгейде болады. Сырқаттардың арасында дененің толып кетуі жиі байқалады және кетоацидоз дамымайды.

Қантты диабеттің пайда болуына тұқым куалайтын және жүре пайда болған ықпалдар әсер етеді. Тұқым қуалаушылықтың әсерінен бұл дерт балалар арасында көп таралып отыр. Тағы бір себебі экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістің зиянды әсері. Айтқанымыздай, ауру жас талғамайды. Әйтседе сырқат егде адамдар арасында көп кездеседі, оның басты себебі ағзаны қоректендіретін қан тамырларының, әсіресе ұйқы безіне келетін тамырлардың қан жүргізу қабілетінің төсендеуі. Қантты диабеттің кең таралуына ұйқы безінің қабынуы, зақымдануы және ісіктердің пайда болуы да әсер етеді.

Инсулин көптеген зат алмасу барысына әсер етеді. Ең алдымен көмірсулар алмасуы бұзылады. Гипергликемия дамиды. Бұлшықеттерде және май тіндерінде, миокардта глюкозаның қаннан және жасушааралық сұйықтан жасуша ішіне өтуі қиындайды. Ары қарай жасуша ішінде глюкозаны пайдалану шектеледі. Өйткені глюкозаны фосфорлау арқылы жасушаның энергиялық алмасуына әсер ететін ферменттердің түзілуі тежелген. Қалыпты жағдайда гексокиназа және глюкокиназа глюкозаны фосфорлайды: глюкоза + АТФ = глюкоза -6- фосфат + АДФ. Ары қарай фосфорланған глюкоза тотығу тотықсыздану реакциясына ілігеді. Көрсетілген ферменттердің жеткіліксіздігі нәтижесінде жасушалардың глюкозаны пайдалануы бұзылады.

Инсулиннің жеткіліксіздігі гликогенсинтетаза ферментінің белсенділігін төмендетеді. Сондықтан бауырда, бұлшықеттерде, қантты диабет кезінде глюкозадан гликогеннің түзілуі азаяды да, глюкоза бос күйінде сақталып қалады. Бұл кезде глюкозаның пентоздық – фосфаттық жолмен тотығуы нашарлайды. Сондықтан рибоза мен НАДФ. Н2 коферменті құрылуы азаяды. Ал бұлар нуклеин және май қышқылдары түзілуіне қажет.

Диабеттің алғашқы кезеңдегі белгілері:

  • үнемі сусап тұру
  • кіші дәреттің жиілеп, көп болуы
  • ылғи  шаршап жүру
  • қол-аяқтың ұйып, жансыздануы
  • қарын аштығынан арылмау
  • салмақ азаюы

Өршіп бара жатқан диабет белгілері:

  • терінің қышуы
  • көздің көру қабілетінің айырылуы
  • жыныс қынабының  инфекциямен жиі ауыруы
  • аяққа жазылмайтын созылмалы жара шығуы
  • естен тану

Қантты диабетті емдеудің негізі – емдәм сақтау. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, емдеудің медикаментті құралдарын қолданбастан тек диетотерапиямен ғана ауруды үш жылға дейін асқындырмай ұстауға болады. Бұдан әрі науқасқа қантты азайтатын дәрі-дәрмектер тағайындау қажет. Олардың көмегімен 2-типтік қантты диабетпен ауыратындар бес жылға дейін қанттың орташа деңгейін ұстап тұра алады. Бұдан кейін дәрі-дәрмектер мен  инсулинге көшеді.

Қантты диабеттің қазіргі кезеңдеіг терапиясының басты қағидасы — аурудың басталған кезінен-ақ емдеуді қолға алу. Адам ағзасының қантты кәдеге жаратуын қалыпты жағдайға дейін жеткізіп және ұдайы осы деңгейде ұстап тұру қажет. Осы шарттарды сақтаған жағдайда ғана қантты диабеті бар науқастың жұмысқа қабілеттілігін сақтауға, қатты асқынулардың алдын алуға болады.

Диабет белгілері балаларда, жасөспірімдерде біліне бастағаннан-ақ міндетті түрде тәжірибелі дәрігер маманға көрсетіңіз. Міндетті түрде эндокринолог маманның қарауы қажет. Қырық жастан кейін диабетті дәрі-дәрмексіз-ақ тамақтануды дұрыс жолға қою арқылы емдеуге болады. Диабетпен ауыратындар емдәмді өмір бойы сақтауы керек.

Әділ Өтешов,

эндокринолог-дәрігер.

Ұқсас мақалалар

Закрыть