ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Сарыптан сақтан

Бүгіндері ауруханалардың жұқпалы аурулар бөлімінде бруцеллезбен емделушілер саны артып келеді. Олар арнайы есепте тұрады және әрқайсысы жылына екі реттен ауруханада жатып емделуі керек. Ал осы бруцеллезді біз сарып деп атап жүрміз. Бруцеллез (сарып) ауруы – адамға малдан жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы бруццел — суыққа төзімді, ыстыққа төзімсіз бактерия. Мұны 1886 жылы ағылшын дәрігері Д.Брюс (1855-1931) анықтаған. Бұл ауру бруцеллезбен ауыратын малдың сүтін ішуден жұғады. Ол сондай-ақ терідегі жырындылар мен жаралар арқылы ағзаға тарайды, бұл жағдай ауру малдарды күтіп-бағатын адамдарда жиі кездеседі, сонымен қатар ауру зақымданған ауамен демалған кезде тыныс жолдары арқылы да денеге түседі. Сарып – бруцеллалармен шақырылатын қоздырғышы әртүрлі механизммен берілетін, клиникасында созылмалы қызбамен, қимыл-қозғалыс аппаратының, жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамыр жүйесінің, зәр шығару және т.б. жүйелердің зақымдануымен ерекшеленетін, созылмалыға ауысуға бейім, инфекция-аллергиялық, зоонозды жұқпалы ауру.

Бруцеллалар ағзаға тері немесе шырышты қабаттар арқылы енеді, сосын макрофактормен ұсталып, сол жерде көбейеді де, лимфа ағынымен регионарлық лимфа түйіндеріне енеді. Содан соң қан тамырлар арқылы бүкіл ағзаға жайылады. Патогенезінде инфекцияның дамуы бес кезеңнен өтеді. Олар: лимфогенді кезең, гематогенді кезең, көп ошақты себу жайылу кезеңі, экзоошақты себу кезеңі, метомоффоз кезеңі деп аталады. 

Әр кезеңнің көрінуі және олардың дамуы ағзаның ерекшелігіне байланысты, ену жеріне, түріне,  қоздырғыш шамасына және зақымдану шартына байланысты. Бруцелледегі негізгі зақымдану тамыр жүйесі жағынан болғандықтан (энда,  пери, панваскулиттер, тромбоваскулиттер) поли ошақтық ағзалардың патологиясы байқалады.

Сарып адамның ыстығы көтеріліп, қалтырап-дірілдеуінен басталуы мүмкін, бірақ науқас бірте-бірте  тез шаршап, әлсірей бастайды,  асқа тәбеті кемиді, басы, асқазаны, буындары ауырады. Ыстықтың көтерілуі жеңіл де, ауыр да өтуі  мүмкін. Түстен кейін қалтырап-дірілдеу және ертеңгісін малшынып терлеп қалу бұл ауруға тән белгі. Созылмалы сарыпта ыстық бірнеше күнде басылады да сосын қайта көтеріледі. Тиісті ем қолданбаса, бұл үдеріс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Мойында, қолтықтың астында, шапта ісінген лимфа түйіндері пайда болуы ықтимал.

Сарыптың клиникалық белгілері алғашқы 2-3 аптада айқын сезіледі.  

Сарып жалпы сипаты бойынша жеңіл, орташа, ауыр, латентті болып 4 түрге жіктеледі. Ұзақтығы бойынша жедел (3 айға дейін), жеделдеу (6 айға дейін), созылмалы (6 айдан кейін) болып бөлінеді.

Сарыптың жедел түрімен ауырғанда науқастың ет қызуы 1-2 аптадан 2-3 айға дейін созылады. Қалтырау мен тершеңдік, бас ауру мен әлсіздік, микрополиаденит, гепатомиенальдық синдром, артралгия, миалгия бой көрсетеді.

Сарыптың жеделдеу түрімен ауырғанда айқын интоксикация, ағзалар мен жүйелердің  зақымдану белгілері, полиартрит, бруссит, спондилоартриттер, спондиметтер; менингит, менингоэнцефалит, миелит, энцефалит; эндокардит, миокардит, перикардит; нефриттер, нефроздар; түсіктер, бедеулік, жатыр түтікшелерінің қабынуы; орхит сияқты ауру түрлері байқалады.

Созылмалы сарыпқа ұшырағандарда  аурудың 1) висцеральды түрі (жүрек-қантамыр жүйесі, тыныс алу жүйесі); 2) сүйек-буын түрі (буындар, сүйектер, жұмсақ тіндер, аралас түрде зақымдану); 3) жүйке түрі (орталық жүйке жүйесінің, перифериялық жүйке жүйесінің зақымдануы, психобруцеллез); 4) урогенитальді (жыныс, кіші дәрет жүру жүйесі) түрі; 5) клиникалық араласқан түрі ерекше белгі береді.

Ауруды дұрыс емдемесе, еңбекке жарамсыздыққа әкеледі, ал жүкті әйелдер түсік тастайды. Ауруға шалдыққан адам ауруханада емделеді. Сарып ауруы байқалған шаруашылықтардан шетке мал шығарылмайды, шеттен келген мал тексеруден өтеді. Ауру мал жайылған өріске сау малды жаюға тыйым салынады. Сарыптан сақтану үшін сау малға вакцина егіледі. Ауру мал тұрған қора, алаң, аула көңнен тазартылып, концентрациясы жоғары ерітінділермен дезинфекцияланады; іш тастаған малдың қағанағын, жалқаяғын, оның жатқан төсенішін, ластанған көңін өртейді. Өлген малдың терісін 2 айдай тұзға салып қояды, жүнін бромды метилмен зарарсыздандырады. Ауру малды күтуші адам үнемі дәрігердің бақылауында болады.

Сарыпқа үй жануарларының  барлық түрлері шалдығады. Бірақ ол  ірі және кіші қара малдан көбірек жұғады. Ауруды дер кезінде емдесе одан жазылып кетуге болады. Аурудың алғашқы белгілері байқалысымен уақыт өткізбей дәрігерге қаралып,  ем алған жөн, кешігіп қалған жағдайда ағзаның көптеген органдары зақымданып, емдеуді қиындатып, мүгедектікке соқтыруы мүмкін.

Емдеу кезінде этиотропты: рифампицин, доксициклин, тетрациклин дәрілері пайдаланылады. Сарыптың ауыр түрінде  дезинтокциялық дәрілер ішу керек. Иммунды жүйені қалыптастыру үшін  левамизол, тимамен қолданылады. Витаминтерапия,  физио және симптомдық,  шипажай-курорттық емдеу түрлері жүзеге асырылады. Сарыптан сезіктенсеңіз дәрігерден кеңес алыңыз, өйткені көп жағдайда бұл ауру мен басқа ауруларды шатастырып алуыңыз мүмкін, ал оны емдеу үшін көп уақыт та, қаржы да шығын болады.

 Сарыптың жедел және жеделдеу түрінде 3 жыл бойы, созылмалы түрінде әр 3 ай сайын дәрігерлік тексеруден өтіп тұру шарт.

«Ауырып ем іздегенше,  ауырмаудың жолын ізде» дегендей, сарыптың алдын алу үшін, әсіресе мал күтімі кезінде сақтанып жүру қажет-ақ. Сол үшін қайнатылған немесе пастерленген сүт ішіңіз. Ауру малдарды бағып-күткен кезде денеңізде жырылған немесе тілінген жер болса аса сақ болғаныңыз абзал. Мал дәрігері мамандарымен кеңесіп, қолыңыздағы малдың денсаулығын қадағалап отырыңыз.

Абай Бастарбеков, Қаскелең қалалық жұқпалы

аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть