ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Қуықтың қабынуы

Қуықтың қабынуына (цистит) жалпы организмнің инфекцияға қарсы тұру қабілетінің нашарлауы, бактериялардың жоғары вируленттілігі және олардың қуықта ұзақ болуы, жергілікті қан айналымының бұзылуы себеп болады. Көбіне несеп жолдарының жұқпасы  жыныстық қатынас гигиенасын сақтамағандықтан орын алады.

         Ерлерде цистит простатиттің, простата аденомасының, қуық асты безінің тасы немесе обыр ауруларының әсерінен өрбиді. Созылмалы цистит ерлерде де, әйелдерде де тастардың, ісіктің, лейкоплакия, қуық туберкулезі, яғни басқа аурулардың себебінен дамиды. Ондай ауруларды дер кезінде маман дәрігер анықтауы қажет.

         Инфекциялық емес циститтер қуықтың шырышты қабатының алкоголь тұтыну, суық тию, ащы тағам және көп мөлшерде пайдаланған дәрілердің химиялық агрессиясы себебінен дамиды. Бұны уақытылы емдемегенде оған инфекция қосылып, созылмалы циститке ұласады және емі қиындайды.

         Инфекциялық циститті бактериялар, актиномицеттер, трихомонада, туберкулез микобактериялары, хламидиялар, микоплазмалар, бозғылт трепонема – мерез қоздырады.

         Қуығы қабынған науқас төмендегі нұсқауларды орындауы тиіс:

1) жеткілікті мөлшерде, яғни күніне кем дегенде 2 литр сұйықтық ішу;

2) емдәм сақтау;

3) жұмыста ұзақ отыратын болса, кіші жамбас қан айналымын жақсарту үшін ара-тұра орнынан тұрып қозғалыс жасау;          

4) жыныс мүшелерінің гигиенасын сақтау;

5) созылмалы цистит кезінде жыныс қатынасын шектеу;

6) әйелдерге етеккір келгенде тампон пайдаланбау (орнына төсеніштер пайдалану).

         Қуықтың қабынуын емдеу үшін тек дәрігерге қаралған жөн, бұл циститтің созылмалы түрге айналмауының бірден-бір жолы.

Н.Абиев,

қалалық дәрігерлік жедел жәрдем

станциясының дәрігері

Қызылорда 

Ұқсас мақалалар

Закрыть