ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Ұзақ та сапалы өмір қалай қалыптаспақ?

Егер адам қарны әбден ашқанда ғана тамақ ішіп, таза да кенеулі әрі жеңіл асты қорек етсе, онда олар ауру дегенді атымен білмей өтер еді, жәні мен тәнін ырқына көндірер еді.

Л.Толстой

Батпайтын ас жеген адамның өзін жейді. Сол себепті, жегенің бойға сіңсін десең, шамадан аспа.

Абуль Фараж

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын саламатты өмір салтын орнықтыру арқылы 80 жасқа дейін жеткізу межеленген.

Бұл тұрғыда ДДҰ тұжырымдамасына сүйенсек, адам өмірінің  ұзақтығы бірнеше факторлаға байланысты екен. Бірінші кезекте  адамдардың  денсаулығы мен өмірінің ұзақтығы олардың өмір сүру салтына – 50%, қоршаған орта мен экология  әсеріне  – 20%, тұқымқуалаушылық факторға –20%, медицина саласының қызмет деңгейіне 10% байланысты екен. Физиологтар қартаюды жасушалық заттың физикалық-химиялық құрамының  өзгерісінен десе, екіншілерінің ойларынша, ішкі және сыртқы ортадан қорғанудың, физиологиялық үдерістердің төмендеуі дейді. Бірақ қалай десек те, қартаю табиғи құбылыс. Әлемнің біраз ғалым-биологтары мен дәрігерлері бұл бағытта табандылықпен еңбек етуде. Біраз мемлекеттер арнайы ғылыми зерттеу  институттары  мен зертханалар ұйымдастырып, жан-жақты зерттеу жүргізуде. Қартаймаудың негізгі жолы дәрі-дәрмек емес, саламатты өмір сүру салты мен мәдениеттілік, ағарту ісі мен тәрбиенің деңгейіне байланысты екенін ғалымдар бірауыздан мойындап отыр. Әзірге герантолог ғалымдардың пікірінше, саламатты өмір салтын сақтап, тиімді тамақтанып, стрестен бойды аулақ ұстаған адамның өмірі ұзағырақ болады екен.

Бұл мәселеде дін өкілдері де қалыс қалмады, олар өміріңіз мәнді де мағыналы болу үшін, жүрегіңізде иман болуы шарт, яғни кісіге қиянат жасама, тек жақсылық  істе дейді. Сол арқылы өзіңіз Алланың нұрына бөленіп, сүйікті  құлына  айналатыныңызды уағыздайды. Тоя тамақтанудың қаншалықты зиян екендігі жайында Мұхаммед ғ.а.с. «тоя тамақтанба, асқазаныңның  бір бөлігінде ішкен тамағың, екінші  бөлігіне сусын, үшінші бөлігі бос болсын» деген. Сосын тамақ ішкеннен кейін қырық қадам жасау керектігі жайында  да айтқан.

Экстрасенстердің пікірінше, басқа біреуге кісінің жасаған зиян істері (қиянат, зорлық-зомбылық, кісіні қасақана өлтіру, алдау, т.б.) сол адамның өзіне теріс қуат көзі болып оралады екен. Ол, әрине, сол қаскөй адамның ағзасындағы энергия тепе-теңдігін бұзып, соның өзін түптің-түбінде кеселге ұшыратады деген сөз.

Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың мәліметтері бойынша, бүгінде әлемде  жүрек-қан  тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді дұрыс тамақтану тәсілдерін қолдану  арқылы 24 пайызға азайтуға қол жеткізуге болады екен. Оған жалпы қандағы холестеринді, май қышқылдарының трансизомерлерін, қаныққан май қышқылдарын тұтынуды азайту арқылы жүзеге асыруға боладыдеп отыр. Сондай-ақ қорқоршылықтан бас тарту арқылы 12 пайызға, ал дене белсенділігін арттыру арқылы 5 пайызға дейін өлім-жітім деңгейін азайту мүмкін екен. ДДҰ мәліметтері бойынша, әлем халықтарының 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан түрлі ауруға ұшырайтын көрінеді. Академик Т.Шарманов дереккөздерінде келтірілген   мәліметтерге  келсек, расында да бізге шетелдерден әкелініп жатқан  тамақ өнімдерінің басым бөлігі ұзағырақ сақтау мақсатында құрамына әртүрлі консерванттар мен химиялық қоспалармен байытылған тағам өнімдері. Ет өнімдерінің құрамындағы антибиотиктер мен гормондарды алсақ, онда отандық өнімдеріміздің қаншалықты табиғи, сапалы екендігі айтпаса да түсінікті.                     

Бүгінгі таңда, әсіресе, кеңсе қызметкерлері көбіне жұмысбастылықпен өзінің дене қозғалысына аса мән бермейді, құнарлы  тамақтарды  шамадан көп тұтынады. Яғни адам ағзасының бір сөткеде жұмсаған қуатынан (энергиясынан), күнделікті тұтынған тағамының қуаты (энергиясы) бірнеше есе артып кеткен жағдайда, астың ағзадағы іркілісі диспепсияға ұрындырады. Адам ағзасы күн сайын кемінде үш- төрт рет ас ішу арқылы шартты рефлекс қалыптастырып алады. Ағзадан жұмсалған  қуат  мардымсыз болса да, асқазан жолдары күнделікті белгіленген мерзімде сөл бөле  бастайды. Бұл сезімді адам баласы «қарным ашты» деп түсінеді. Шынтуайтқа келгенде асқазандағы ас аз қозғалғандықтан әлі қорытылып та үлгермеген. Оның үстіне ұйықтар алдында  аталған  өнімдерді көп мөлшерде тұтыну ағзада диспепсияның божу, ашу, шіру түрінің пайда болуына, асқазан-ішек жолдарындағы қалыпты  микробтар деңгейінің шамадан артық мөлшерде өсіп көбеюіне бірден бір себеп. Қалыпты жағдайда адам ағзасында, ащы ішекте шартты патогендік микорбтар өмір сүреді, ол тамақтың ыдырап қорытылуында үлкен рөл атқарады. Осы дұрыс тамақтанбау салдарынан  ішектегі бос кеңістіктерде божу, ашу реакциясы басталып, іш гүрілдейді, газ көп жиналады метеоризм белгілері пайда болып, іш кебеді  де іш жиі-жиі өтеді. Бұл ағзаның кезектен тыс улануына әкеліп соғады.

Тамақтану ұстанымдарында мыналарды назарға алу қажет:

  • Шамадан тыс тамақтанбау;
  • Қарын ашпай тамақ ішпеу;
  • Ұнамаған асты ауызға алмау;
  • Аптасына кем дегенде бір күн ашқұрсақ жүруді дағдыға айналдыру;
  • Үйде ас дайындағанда сол күні ішіп тауысатындай етіп қана шақтап дайындау;
  • Ішер астың тәуліктік құрамының кем дегенде 20 пайызы көкөністер болуын кадағалау;
  • Апталық ас мәзіріндегі астың құрамын  жиі өзгертіп отыру;
  • Асқазанды кере тамақтанбау, тойым сезімі пайда болғанда, ас ішуді тоқтату;
  • Шайды тамақтан соң кем дегенде жарты сағат өткенде ғана ішуді әдетке айналдыру;
  • Жас балаларды ыстық шай ішуге үйретпеу, болса да салқын сұйық шай беру;
  • Ұн өнімдерін/қамыр тамақты/ұйықтардан кем дегенде 3-4 сағат бұрын жеу;
  • Спиртті ішімдіктерді майлы аспен ішпеу. Өйткені спиртті ішімдік тәбетті ашып, майлы тағамдарды көп тұтынуға итермелейді, ол диспепсияға ұрындырады, бауырды улап, салмақ түсіреді.
  • Жылына бір рет болса да ораза ұстауға дағдылану.
  • Тез бүлінетін тағамдарды (піскен еттерді, сұйық астарды) тоңазытқышта 24 сағаттан асырмай тұтынар алдында бір рет  термиялық өңдеуден өткізіп (қайнатып) барып тұтыну; ал салаттарды тоңазытқышта сақтағанның өзінде 12 сағаттан асырмай пайдалану;
  • Таңертең тұрғанда асқа дейін 100-150 граммдай таза су ішуді әдетке айналдыру, көк шайды, әртүрлі шөп тұнбаларынан дайындалған шәйді сусын ретінде күнделікті тұтыну, сөткесіне тұтынатын сұйықтықтың мөлшерін 2,5 литрден кемітпеу;
  • Тамаққа бал, сүт өнімдерін (қолдан ұйытылған айран,  қымыз, сүзбе, қатық) жиі пайдаланып отыру;
  • Дене шынқтыруды әдетке айналдырып, күн тәртібіне енгізу; тәулігіне кем дегенде екі сағат дене қозғалысын жасау. Тамақ ішіп болған соң дене қозғалысын жасау.
  • Ағзаның жұмсаған қуатына байланысты ас мәзірін тамақтану пирамидасына үйлестіре жасауды үйрену;
  • Өз салмағыңды Денсаулық Масса Индексі (ДМИ) бойынша  тексеруді үйрену, өз салмағыңды қадағалау;
  • Биологиялық қоспалар, дәрілік препараттар ішу арқылы семіздіктен арыламын деген ойдан, әрекеттен аулақ болу;
  • Зиянды әдеттер (темекі шегу, насыбай ату, сыра ішу, қорқор шегу, шімдік ішу) тамаққа деген тәбетті өзгерте отырып, оның қортылуына өзінің кері әсерін тигізеді.
  • Күнделікті тағамды белгілі бір мезгілде ішуге дағдылану ағзаның осы қалыпты кестеге бейімделіп, ас қорыту үшін шартты рефлекстерді жүйелеуіне жағдай жасайды, яғни асқазан, ауыз қуысы сөлдері ас қорытуға дайын тұрады.
  • Жаман ой-пиғылдардан дер кезінде арылу, стресті жеңе білуге дағдылану, яғни ашуға ерік бермеуге, ондай істердің алдын алуға әрекеттену маңызды.

Ж.Мырзатаев

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Тағы оқыңыз

Закрыть
Закрыть